Қазақстан тарихы пәнін оқытуды еш кемітуге болмайды - Б. Дүйсенбинов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан тарихы пәніне іштарлық қылып, оны оқытуды еш кемітуге болмайды. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихы» пәнінің қысқартыла бастағанына қарсы шығып, осы мәселені көтерді.

Депутаттың пайымынша, Білім және ғылым министрлігінің типтік оқу жоспарында жоғары білім жүйесінің оқу бағдарламасынан «Қазақстан тарихын» дербес толыққанды пән ретінде алып тастап, оның орнына «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» атты пәнді енгізу қолға алынған секілді. Мұндай эксперимент еліміздің үш жоғары оқу орындарында, атап айтқанда Алматыдағы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде, Тараз және Павлодар педагогикалық университеттерінде басталып та кеткенге ұқсайды. Депутаттың сөзіне қарағанда, жоғары оқу орындарында аудиторияларға берілген «Қазақстан тарихы» пәнінің сағат сандары азайып, мемлекеттік емтихандар алынып тасталған. Тарихшы ғана емес, барлық мамандықтар осы бағдарламаға көшірілмек екен.

Осыны айта келе депутат шындығында Тәуелсіздік кезең Отан тарихы мен оның келешегі үшін маңызды кезең екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі жетістіктердің барлығы аға буын ұрпақтарының, халқымыздың түрлі тарихи кезеңдегі қаһарман ерлердің жасампаз ерлігінің табиғи жалғасы болып табылады.

«Тарихи сабақтастығы әлсіз қоғам түздегі жел қуған қаңбақты еске салады. Отан тарихын оқыту ісі бүгінгі заман сұранысына лайық болғаны жөн. Жоғары мектеп бағдарламасы орта білім жүйесіндегі материалдарды қайталауға тиіс емес. Сонымен бірге, Қазақстан тарихын оқыту ісінде біздің елді мемлекеттік ұстаным мен ұлттық бірегейлігі қалыптасқан елдермен теңгеріп, жас ұрпақтың санасына отансүйгіштік сезім қалыптастыратын ісіне немқұрайлы қарауға болмайды. Отанның жүріп өткен жолын, оның бүгінгі өзекті қоғамдық мәселелерін білмейтін, түсіне алмаған маманды мемлекетті басқару ісіне жіберуге бола ма?», - деді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстан тарихы пәнін қысқартпай, керісінше оны кең көлемде, мейлінше тереңдетіп оқыту қажет. Оның үстіне депутат Қазақстан азаматтығы Ата Заң мен Қазақстан тарихын білу деңгейі бойынша емтихан тапсырғандарға берілу керектігін де еске салады.

«Кейбір көршілес елдер тарапынан «Қазақстанда бұрын мемлекеттілік болмаған» дегенге саятын суық сөздер де айтылып қалып жатыр емес пе? Егер біз өз тарихымызды терең білмесек, басқа мемлекеттерге өзіміздің тарихымызды қалай мойындатып, қалай сыйлатамыз. Біз ұлттың шынайы тарихы тек Тәуелсіздік жылдары ешқандай идеологиялық шектеулерсіз қорытыла бастаған кезде Қазақстан тарихын келте нұсқада оқытуға болмайды деп санаймыз. Неге біз өзіміздің төл тарихымызға осыншама іштарлық жасап отырмыз. Бұны түсіну қиын. Тіпті Елбасы Н. Назарбаев: «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ. Бізге бабалар тұлпарының тұяғымен жазылған, ата тарихымыздың әр парағы ерекше қымбат. Қазақ халқының бүгінгі және болашақ буыны оны әрқашан мақтан етеді» деп айтқан болатын. Ендеше, Қазақстан тарихын оқыту көлемін бұдан әрі ешқандай да кемітуге болмайды деп санаймыз. Әдетте эксперимент ретінде енгізілген осындай жаңалықтар қалыпты ережеге айналып кететіні бар. Сондықтан да, Білім және ғылым министрлігінен осы сынақты тоқтатуды, ұлт тарихына қатысты парасатты шешім қабылдауды сұраймыз», - деді Б. Дүйсенбинов.