Рыбакина биыл Australian Open және US Open турнирлерінде жеңіске жетіп, «Үлкен дулыға» додаларындағы чемпиондық атақтарының санын үшке жеткізді. Оның әлемдік теннистегі нәтижесі Қазақстанда осы спорт түріне қызығушылықты арттырған себептердің бірі болып отыр.
Рыбакинадан кейін тенниске қызығушылық артты
Медет Байкеннің айтуынша, Рыбакинаның әрбір ірі жеңісінен кейін балалардың тенниске деген қызығушылығы байқалады.
— Елена 2021 жылы Уимблдонды жеңген кезде барлық теннис орталығына телефон дамылсыз соғылып, бүлдіршіндер жазыла бастады. Дәл сол құбылысты күні кеше қайтадан байқадық. Елордада, Алматыда және басқа қалалардағы теннис орталықтарында орын жоқ, кезекке тіркелген балалар саны жүзден асады, — деді ол.
Осыған байланысты федерация алдында жаңа теннис орталықтарын ашу, жаттықтырушылар даярлау және балаларға сапалы жаттығу мүмкіндігін ұсыну міндеті тұр.
Қазақстан теннис федерациясының дерегінше, қазір елімізде 30 мыңнан астам бала тенниспен тұрақты айналысады.
Федерацияның негізгі мақсаттарының бірі — теннисті балалар мен жастар үшін қолжетімді спорт түріне айналдыру. Медет Байкеннің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс 2007-2008 жылдары жаңа кезеңге өткен.
Ол кезде теннис жаттығуларының құны айтарлықтай төмендетіліп, мемлекеттік органдардың қолдауымен өңірлерде жаңа орталықтар ашыла бастаған.
Қазақстанның жаңа буынында кімдер бар?
Медет Байкен Қазақстанда халықаралық деңгейде нәтиже көрсетіп жүрген жас теннисшілердің қатары көбейіп келе жатқанын айтты.
Олардың арасында Амир Омарханов, Заңғар Нұрланұлы және Дамир Жалғасбай бар. Омарханов пен Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы «Үлкен дулыға» турнирлерінде жартылай финалға дейін жетіп, үздік төрттіктен көрінген.
Ал Дамир Жалғасбай биыл Астанада өткен халықаралық турнирлер сериясының бірнеше жарысында қатарынан жеңіске жеткен. Қазір ол АҚШ-тағы Колумбия университетіне шақырылып, университеттің студенттер лигасында және Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болған.
Қыздар арасында Жібек Құламбаева, Аружан Сағындықова және Асылжан Арыстанбекова секілді спортшылар аталды.
— Қазақстан ішінде халықаралық деңгейде үлкен нәтижелер көрсетіп жатқан жас дарындарымыз бар. Олар әлі жас. Қазір жасөспірімдер спортынан ересектер арасындағы кәсіби тенниске енді енді өтіп жатқан жастар, — деді ҚТФ атқарушы директоры.
Оның айтуынша, жас спортшылардың ересектер арасындағы тенниске ауысуы — жаңа әрі күрделі кезең. Сондықтан жасөспірімдер арасындағы жетістікті кәсіби деңгейдегі нәтижемен бірдей қарастыруға болмайды.
Баланы тенниске неше жастан берген дұрыс?
Медет Байкен тенниспен 4-6 жастан бастап айналысуға болатынын айтты. Бұл кезеңде спорт баланың дене бітімінің дұрыс қалыптасуына және қимыл-қозғалыс дағдыларының дамуына ықпал етеді.
— Теннисті 4-6 жастан бастауға болады. Ал 7-8 жас — үлгеріп қалатын кезең. Үлгермесе, кейін бәсеке ауыр болады. Себебі бізде 8-9 жастағы балалар толыққанды ойнап, жылына кемінде 20 аптасын жарыстарда өткізеді, — деді ол.
Алайда баланың кәсіби спортқа бет бұруы тек жаттығумен шектелмейді. Жоғары деңгейдегі теннисшінің күн тәртібінде ұйқы, физикалық дайындық, қалпына келу және тамақтану маңызды рөл атқарады.
Кәсіби теннисшінің бір күні қалай өтеді?
Федерация өкілінің айтуынша, кәсіби спортшы үшін оянғаннан бастап ұйықтағанға дейінгі уақыттың өзі дайындықтың бір бөлігі саналады.
— Адамның бұлшықеттері демалып, қалпына келуі керек. Теннисшілерге 8-9 сағат ұйықтаған пайдалы деп саналады. Корттағы физикалық дайындық, ракеткамен жұмыс бар. Күніне кемінде екі сағаттан екі жаттығу өткізіледі. Ол жарыс кестесіне және спортшының өзін қалай сезініп тұрғанына байланысты реттеледі, — деді Медет Байкен.
Теннис — жоғары қарқынмен өтетін спорт түрі. Кейбір матчтар төрт-бес сағатқа дейін созылуы мүмкін. Бұған қоса кәсіби теннисшілердің жарыс кестесі өте тығыз.
— Бұл — жоғары интенсивті спорт түрі. Жоғары кардиожүктемемен бес сағат кортта ойнау өте қиын. Оның үстіне жарыстар өте тығыз өтеді. Бір жылда 50 апта болса, теннисшілер соның екі аптасында ғана демалады. Қалған уақытта жарыстан жарысқа кетеді, — деді ол.
Теннис қаншалықты қолжетімді?
Медет Байкен Қазақстанда тенниспен айналысу құны басқа елдермен салыстырғанда қолжетімді деңгейде екенін атап өтті.
Оның айтуынша, федерацияның алғашқы міндеттерінің бірі — теннисті қазақстандықтар үшін қолжетімді спорт түріне айналдыру болған.
Қазір өңірлерде балалар тенниспен тегін немесе төмендетілген бағамен айналыса алады. Кей жерлерде ай сайынғы төлем 20-25 мың теңге шамасында.
— Негізгі қымбатшылық бала кәсіби деңгейде жарыстарға қатысып, әлемді аралап, сапарға шығатын кезде басталады. Соның өзінде балаларға гранттар мен жеңілдіктер қарастырылған, — деді ҚТФ атқарушы директоры.
Айта кетейік, Елена Рыбакина өзінің кәсіби спортшы ретінде қалыптасуында Қазақстанның рөлі туралы айтты.