- Сіз Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі ретінде қоршаған ортаны қорғауға қатысты ойларыңызбен бөліссеңіз?
- Мемлекет алға қарай дамыған сайын өркениет жетістіктеріне де ие болатыны сөзсіз. Атом электр станциясын салу жөнінде бір тоқтамға келдік. Өйткені қандай ел болса да, ол қуатты электр көзімен қамтылмаса, жоғары деңгейде дами алмайды. Бізде электр энергиясы қазір жеткілікті болғанмен, экономиканы дамытуда өндірістерді арттыру үшін жаңа кәсіпорындар, зауыттар іске қосылып жатқан кезеңде жетіспейтіні анық. Сондықтан елдің бүкіл экономикасының салмағын жер қойнауының байлығына артып қоюға болмайды. Әрине бізде қатты отынмен, газбен жұмыс істейтін жылу электр станциялары бар. Сонымен қатар олар белгілі бір шығынды қажет етеді. Енді бүгінгі таңда күн, су және жел қуатын пайдалануға көшіп жатырмыз. Бірақ олар жеткіліксіз.
Атом энергиясын бейбіт мақсатта ғана пайдалану қажеттігі жөнінде біздің Елбасымыз үнемі айтып жүр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік» атты мақаласында әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан қаруды таратпау, қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерінде халықаралық қоғамдастыққа сенімді әріптес болып отырғанын және бола беретінін мәлімдеген болатын.
Осы жаңа сессияда Мәжіліске Үкіметтен «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасы келіп түсті. Жаңа редакциядағы көлемді заң жобасы ядролық, радиациялық және электр физикалық қондырғыларды орналастыру, салу, пайдалану және пайдаланудан шығару кезінде қауіпсіздіктің қағидаттары мен негізгі талаптарын айқын белгілеуге бағытталған. Заң жобасының негізгі міндеті - атом энергиясын пайдалану кезінде қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету, халықтың денсаулығын тиімді қорғау, қауіпсіздік деңгейін, ядролық қаруды таратпау режимін ұстау, атом энергиясын пайдалану кезінде туындайтын қатынастарды жетілдіру.
Әрине, Қазақстанда АЭС құрылысын салуға қарсы болғандар бізді оның техногендік апаты мен зардабынан сақтандырып отыр. 1986 жылғы 26 сәуірдегі Чернобыль АЭС-інің, 2011 жылғы 11 наурыздағы Жапонияның «Фукусима» АЭС-інің алапат жарылыстары бәрімізді де толғандыратыны рас. Сол қайғылы оқиғалардың зардабы әлі талай жылдар бойы қоршаған ортаға әсер ететін болады.
Алайда, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бүкіл Еуропа атом энергиясының арқасында өмір сүріп отыр. Мысалы, Франция, Чехия мемлекеттері, сондай-ақ АҚШ, Жапония және басқа елдер АЭС-ті пайдаланады. Мысалы, «Фукусима» апаты жер сілкінісі мен цунамидің әсерінен орын алды. Жапония жер сілкінісі жиі болатын аралдағы ел болса да, атом энергиясынан бас тартып отырған жоқ.
Ешкім де туған Отанында апат болғанын қаламайды. Біздің мемлекетіміз үшін АЭС-ті салу кезінде және оны пайдалануда экологиялық талаптарды сақтау - ең басымдық берілген мәселе.
Егер бұл мәселеге басты назарды аудара білсек, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи технологияларды дұрыс пайдалана алсақ, бәрі де сәтті болады. Ең бастысы, экологиялық қауіпсіздікке қаражатты аяп қалмауымыз керек. Қаржы көп салынғанмен, ол бірнеше есе болып қайтады. Өйткені біз үшін халықтың қауіпсіздігі, қолайлы өмір сүруі және өскелең ұрпақтың болашаққа деген сенімділігі қымбат.
Қазақстан үшін АЭС салудың тиімді жағы да бар. Еліміз уран қоры бойынша әлемде екінші орында. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің мәліметіне сүйенсек, барлық зерттелген уранның әлемдік қорының 19 пайызы біздің елдің жер байлығы қорында жатыр. Біз ең қауіпсіз әрі тиімді энергия көзіне ие болуды мақсат тұтып отырмыз.
- Сайлаушылармен байланысыңыз қалай? Сізге қандай мәселелердің шешімін табу үшін ықпал етуіңізді сұрайды?
- Халықты қашанда әлеуметтік мәселе толғандырады. Оның ішінде адам мүгедек болса, оның жағдайы тіптен қиын ғой. Бір депутаттық сауалымда өндірісте жүріп мүгедек болғандардың мәселесін көтерген едім. «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттар үшін Қармет МАҚ-ы «регрессниктерінің», яғни еңбекте мертігуге ұшыраған, кәсіптік ауруларға тап болған, Қарметкомбинаттың өндірісінде асыраушыларынан айырылған адамдардың құқығын қорғау басымдық берілген мәселе болып табылады. Мүгедектерге негізінен кресло-арбалар, протездiк-ортопедиялық бұйымдар, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар қажет. Мысалы, бүгінде 10 адам қолы мен аяғына протез жасауды аса қажетсінуде.
- Сіз келесі бір депутаттық сауалыңызда Жезқазған - Ұлытау - Түркістан арасын қосатын автокөлік жолын және темір жол желісін салу жөнінде бастама көтердіңіз. Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін тікелей қосатын бұл жобаны «Ұлытау» көлік дәлізі деп атадыңыз.
- Иә. Ертеректе қазақтар осы даланың қақ ортасымен көктемде солтүстік жаққа, күзде кері қарай оңтүстікке көшіп-қонып жүргенін тарихтан жақсы білеміз. Олар қазіргі пойыздар бағыты сияқты немесе автокөлік жолдарындай айналып жүрмеген. Орталық Азиядан Түркістан арқылы Сарыарқаға, одан әрі Сібірге барып тұрған керуен жолдарының сүрлеуі әлі сайрап жатыр!
Жезқазған, Ұлытау өңірінің тарихи және табиғи сұлу аймақтарында туризм мен демалыс орындарын дамытуға серпін беретін болады. Кең далада тарыдай шашыраған ауылдардың «бойына қан жүгіреді», ал тұрғындарға медициналық пойыз қызмет көрсете бастайды. Болашақта тығыз орналасқан өңірлердің тұрғындары осы аймаққа қоныс аударып, күре жолдың бойында жаңа елдімекендердің пайда болатыны, әлеуметтік инфрақұрылым жан-жақты дамитыны айтпаса да түсінікті.
Жаңа даңғыл жол Еуразия халықтарының гуманитарлық ынтымақтастығын ұлғайтады және бүкіл түркі дүниесінің сан ғасырлық мәдениеті мен тарихын жан-жақты аша түседі. Сонымен бірге, ежелгі жолдың жаңғыруы ислам әлемі үшін киелі Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері орналасқан Түркістанға тікелей жол ашады.
Бұл бастама Елбасының жаңа Жолдауындағы көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту жөніндегі міндеттермен сәйкес келіп отыр. Менің депутаттық сауалыма оң жауап келді, ал оны іске асыру уақыт үлесінде екенін жазыпты. Бірінші кезекте Жезқазған мен Қызылорданың арасындағы автокөлік жолы қайта жаңартылады. Содан кейін барып теміржол салу жобасы қарастырылмақшы.
Сондай-ақ Қоршаған ортаны қорғауға қатысты депутаттық сауал жолдап, жыл сайын егілетін талшыбықтардың қанша пайызы өсіп шығатыны жөнінде мәлімет беруін сұрадым. Министрліктен келген жауапты оқып, басымды шайқадым. Мысалы, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша қаражат шығыстары көзделді. Жыл сайын егілген жас талдардың тек 60 пайызы ғана өсіп кете алады екен! Ал жаңадан егілген жас талдардың 40 пайызы өліп қалады. Сонда қанша еңбек, қанша қаражат желге ұшып жатқанын есептей беріңіз!
Міне, Елбасы бастамасымен Астана төңірегінде үлкен орман белдеулері өсіп келе жатыр. Ал басқа өңірлерде орман қорының көбейіп жатқанын көрмейміз. Оның басты себебі - жыл сайын еккенімізбен, өсіп жатқаны мардымсыз болып тұрғанында.
- Рақмет әңгімеңізге.