«Биыл жыл басынан бері геосаяси жағдай ушыққан тұста әлемдік қаржы, тауар нарықтарындағы жағдай құбылмалы болды. Туындаған сын-қатерлердің салдарынан әлемдік экономика күткеннен де баяу дамуда», - деді В. Тутушкин Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, халықаралық қаржы ұйымдары әлемдік экономикалық өсімге қатысты болжамын құлдырау бағытына қарай шамамен 1 пайыздық тармаққа қайта қарады.
«Тауар жеткізу проблемаларының күрделенуі жаһандық инфляциялық жағдайды нашарлатып, әлемдегі шикізат тауарлары мен азық-түлік бағасының өсуіне алып келді. Осыған байланысты Халықаралық валюта қоры инфляция болжамын қайта қарап, оның айтарлықтай жоғары деңгейі бұрын болжағанға қарағанда ұзақ уақыт сақталады деп пайымдайды», - деді Ұлттық банк өкілі.
Айта кетейік, Мәжілісте «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыланып жатыр.