Water Holistic халықаралық бағдарламасының негізін қалаушы, «Жаңа су парадигмасы» тұжырымдамасының авторы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық Голдман сыйлығының лауреаты доктор Михал Кравчик Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын жоғары бағалады.
Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайда жаһандық су мәселелерін шешуді орталықтандыру — аса өзекті әрі қажетті қадам.
— Бұл өте дер кезінде көтерілген бастама. Өйткені бүгінде әлем климаттық, экологиялық және азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Мұнда су ресурстары шешуші рөл атқарады. Қазақстан ұсынып отырған БҰҰ жанындағы Халықаралық су ұйымы мемлекеттер арасындағы су қатынастарына оң ықпал етіп, тәжірибе мен білім алмасуды күшейтуге, сондай-ақ халықаралық және ұлттық су заңнамасын жетілдіруге мүмкіндік береді. Болашақ пен орнықты даму осыған тікелей байланысты. БҰҰ жүйесінде Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бар, алайда су мәселелерімен айналысатын бірыңғай халықаралық ұйым жоқ. Сондықтан Қазақстанның бастамасы өте өзекті әрі уақыт талабына сай, — деді доктор Михал Кравчик.
Еске салайық, бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов шетелдік және отандық сарапшылармен кездесу өткізген болатын. Жиында Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит қорытындысы бойынша әзірленген Қазақстан мен Орталық Азияның су-климаттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған практикалық ұсынымдарды іске асыру мәселесі қаралды. Ұсыныстарға сәйкес, Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан Қазақстанда шағын су айналымдарын жүйелі түрде қалпына келтіруге бағытталған «Жаңа су парадигмасы» тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобын құру көзделіп отыр. Сонымен қатар Каспий және Арал теңіздері алаптарында, сондай-ақ Балқаш-Алакөл бассейнінде топырақтағы ылғалды сақтау және жауын-шашын суын ұстап қалуға арналған пилоттық жобаларды әзірлеу шаралары ұсынылған.
— «Жаңа су парадигмасы» тұжырымдамасы шағын су айналымдарын қалпына келтіруге негізделген. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін жауын-шашын мөлшері жер беті мен топырақтан буланатын ылғалға тәуелді емес, ал жаңбыр тек мұхиттардан келген су есебінен қалыптасады деген түсініктен арыла алмай келеміз. Шын мәнінде, жауын-шашын көлемі жер бетінен болатын булануға тікелей байланысты. Бұған ормандар, егістік алқаптар және тіпті қалалық орта да әсер етеді. «Жаңа су парадигмасына» сәйкес, жаңбыр суы — тіршіліктің негізі. Сондықтан шағын су айналымдарын сақтауға жеткілікті көңіл бөлмесек, мұхиттардан қалыптасатын ірі су айналымдарына тәуелді болып қаламыз. Бұл өз кезегінде ұзаққа созылған құрғақшылық кезеңдерінің жиілеуіне әкелуі мүмкін, — деді доктор Михал Кравчик.
Бұдан бұрын Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құруды көздеп отырғанын жазған едік.