Бұл туралы ол бүгін Астанада Қазақстан Республикасындағы Қызыл Ай Қоғамы, Кәсіподақтар Федерациясы, «БҰҰ-Әйелдер», Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Ішкі істер министрлігі, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өткен ұлттық консультативтік кеңес аясында әңгімелеп берді. «Өкінішке орай, бір де бір ресми орган жеке тұлғаларға «жалданып» жұмыс істейтін адамдардың нақты статистикасын бере алмайды. Себебі, әдетте, біреудің үйінде жұмыс істейтін адамдар еңбек келісімшартын жасамайды. Оның үстіне, еңбек мигранттары елімізге келген кезде жұмыс орнын нақты айтпайды, себебі, ол жұмысты елге кіргеннен кейін ғана іздей бастайды. 2011 жылы Халықаралық еңбек ұйымының бас конференциясында үй қызметшілерінің лайықты жұмысы туралы №189 конвенция қабылданған болатын. Ал конвенция дегеніміз - көп елдер басшылыққа алатын нормалар мен стандарттар жиынтығы. Сондықтан осындай шаралар арқылы Қазақстан конвенция талаптары мен мазмұнын түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Себебі белгілі бір уақыттан кейін біздің де осы конвенцияны қабылдауымыз керек. Дәл қазір Қазақстан техникалық консультациялар өткізіп, конвенцияның мазмұнын түсіндіруде», - деген ол осы конвенцияны әзірге әлемнің 12 елі ғана қабылдағанын атап өтті. Г.Жұмагелдиеваның пайымдауынша, Қазақстанда үй қызметшілерінің құқығы дұрыс сақталмайды. Мысалы, біреудің баласын бағатын қызметші келіншек өзі де ана атанады. Бірақ еңбек келісімшарты болмаған соң, ол декреттік демалыстың ақшасын да ала алмайды. Болмаса, ұзақ жылдар медбике болған жасы үлкен адамдар қария кісілердің күтушісі қызметіне орналасуы мүмкін. Бірақ тағы да сол еңбек келісімшарты болмаған соң, күтушінің құқықтары заңмен реттелмеген соң жеке тұлға оның жалақысын қолма-қол береді де, өзі де зейнет жасына жетіп қалған күтушінің зейнетақы қорына бір тиын да түспейді. «Жеке тұлғаларға жалданып жұмыс істейтін қызметшілердің шағымдары өте көп. Бірақ нақты құжат болмаған соң, шағымдарын айта алмайды. Яғни, еңбек келісімшарты жасалмаған соң, өз құқығын қорғай алмайды. Негізі, біздің ең бірінші мақсатымыз - жеке тұлғалар үй қызметшісін жалдағанда, міндетті түрде еңбек шартын жасаса дейміз. Себебі, еңбек шарты болмаса, әлеуметтік көмек төленбейді, зейнетақы қорына ақша түспейді», - дейді ол. Жалпы, оның айтуынша, Қазақстан бойынша барлық жұмысшылардың ішінде үй қызметшілерінің саны шамамен 15 пайызды құрайды. Көбіне, үй қызметшілері дегеніміз - бала күтуші, үй тазалаушы, бағбан, аспаз, күзетшілер екен. Айта кетейік, кездесу ҚР Қызыл Ай қоғамымен бірге, Орталық Азиядағы (Қазақстан) «БҰҰ-Әйелдер» Көпжақты құрылым бөлімінің бастамасымен «Еңбек және көші-қон туралы ұлттық заңнамалар: Қазақстандағы үй қызметкерлерінің құқықтарын тиімді шешу» жобасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.
19:08, 12 Қараша 2015
Қазақстан жалдамалы жұмысшылардың құқығын қорғайтын конвенцияны қабылдауы керек - Кәсіподақ ұйымы
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2011 жылы Халықаралық еңбек ұйымының бас конференциясында «үй қызметшілерінің лайықты жұмысы» туралы конвенция қабылданған болатын. Жұмыс іздеп келетін мигранттар көп болғандықтан, оның үстіне, республика бойынша жеке тұлғаға жалданып жұмыс істейтін азаматтар да бар болғандықтан, олардың құқығын қорғау үшін Қазақстан осы конвенцияны қабылдауы керек, дейді ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева.