15:38, 09 Сәуір 2009
Қазақстан және әлемдік дағдарыс - Орталық Азия мен Қазақстан бойынша болгар сарапшысының пікірі
ВАРНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат – Әлемдік дағдарыс бүкіл ғаламшар халқын оның салдарын еңсеруге жұмылдырып отыр. Барлық елдерде дағдарысқа қарсы бағдарламалар жасалып, оның салдарларын барынша азайту үшін ауқымды шаралар қабылдануда. Осы тұрғыда үйлесімді естілген Елбасының «Дағдарыстан – дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауына әлем елдерінің ғалымдары өз пікірлерін білдіруде.
ҚазАқпарат оқырмандар назарына саясат ғылымдарының докторы, Варнадағы Азат институттың (Болгария) профессоры, Орталық Азия және Қазақстан бойынша сарапшы Нина Дюлгерованың Қазақстан Президентінің Жолдауына қатысты лебізін ұсынады. Соңғы бірнеше айда әлем елдері өздерінің саяси, экономикалық және зияткерлік күштерін жаһандық дағдарысты еңсеруге жұмылдырып отыр. Дағдарыс өлшемдері әзірге қаржы және экономикалық салаларда көрінуде, дегенмен оның саяси көрсеткіштер мен әлеуметтік мәселелерге де әсерін назарға алмауға болмайды. АҚШ, Ресей, Германия, Франция сияқты жетекші елдер мен Еуропалық Одақ сияқты халықаралық ұйымдар және G-20 елдері ұлттық проблемалардың шешімі жаһандық кедергілерді еңсеру арқылы реттелетін дағдарыстан шығудың түрлі жолдарын талқылап отыр. Тарихта қазіргідей осыншалықты қомақты ақшаның мемлекеттен жеке банктерге, корпорациялар мен өнеркәсіптік салаларға ағылған кезеңі бұрын-соңды болған емес. Бүгінгідей саяси оқиғаларға бай жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылғы наурыздың 6-сындағы «Дағдарыстан ? дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауы назар аударуға тұрарлық. Бұл құжат бүгінде әлемнің алдында тұрған күрделі экономикалық ығыттарға қатысты Н.Назарбаевтың жедел үн қатқан ой-пікірімен таныстырады. ХХ ғасырдың 90-шы жылдары оның еуразияшылдық доктринасы Қазақстанды гүлденген, орталықазиялық өңірдегі экономикалық және саяси көшбасшыға айналдыру туралы талпынысқа қазақстандық қоғамды жұмылдырған болатын. Биылғы Жолдауы ? осыдан екі жыл бұрын, әлемдік қаржы нарығындағы дағдарыстың басында әзірленген дағдарысқа қарсы шаралардың кешенді жүйесінің жүзеге асырылуы туралы өзіндік аралық есеп болып табылады. Әлемдік дағдарыстан шығудың жалпы ақпараттық және талдамалық ағынында қазақстандық президенттің идеясы қаншалықты өзекті деген сауалға жауап іздеп көрелік. Президент ұсынып отырған тезистердің маңызды сәттерінің бірі - бүкіл әлемнің алдында ең үлкен ығыттың тұрғанын сезу болып табылады ? жаһандық дағдарыс әлемдік қаржы жүйесін өзгертіп қана қоймай, мемлекеттердің саяси басқаруын да өзгертуі ықтимал. Америка долларының монополиясынан шығу, сондай-ақ экономикалық саладағы теріс үдерістерге барабар және жедел үн қата алатын аймақтық қаржылық орталықтар құру туралы Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің ұсыныстарында да осындай ойлар айтылады. Қазақстан Президентінің Жолдауында экономиканы түрлендіру мен оның басымдықты - энергетика, көлік және индустрия сияқты бағыттарын дамытудың жаңа жоспарын жүзеге асыру мәселесі маңызды орын алады. Алдағы екі жылда аталған бағыттарға 600 миллиардтан астам теңге жұмсалатын болады. Нақтыланған басымдықты салалар үлкен мақсатты діттеп отыр, ол - республиканың еуразиялық кеңістіктегі орнықты экономикалық және саяси орнына кепілдік беретін Қазақстанның ауқымды индустрияландыру жоспары. Жаһандық дағдарыстың резонансы болып табылатын «ішкі дағдарысты» еңсеру бағытында Қазақстан қабылдап жатқан шаралар Дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асырудың бірден-бір кепілі болып табылады. Дағдарысқа қарсы шараларға мемлекеттің қатысу үлесі қомақты соманы - 2,7 триллион теңгені құрауы да үлкен маңызға ие. Бұл қаражат коммуналдық желілерді жаңартуға, жергілікті жолдарды жөндеуге, әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңартуға арналып отыр. Әлеуметтік саясат Назарбаевтың Жолдауында жайдан-жай басымдықты бағыт ретінде көрсетіліп отырған жоқ. Қоғамның үрейін басып, көңіліне сенім ұялатуға назар аудармаудың салдары күтпеген қиғаштықтарға әкелетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақыларын өсіріп, халықтың әлеуметтік төлемдерін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттің міндеттемелерін мүлтіксіз сақтау туралы Президенттің идеясы да осыны қуаттап отыр. Қазақстандық студенттерге 11 мың стипендия мен 40 мың студенттік несие бөлу туралы үкіметтің шешімі де демографиялық тұрғыдан да, зияткерлік кепілдеме тұрғысынан да халықтың көңілінен шығып отыр. Бұл мәселе өңір елдерінің ешқайсысында қолға алынбаған, тек Ресейде ғана үкіметтік деңгейде енді талқыланып келеді. Жұмыссыздық өсуінің төмендігі кез-келген мемлекетте әлеуметтік тыныштықты сақтаудың кепілі болып табылады. Осыған орай, дағдарыс салдарынан жұмыстан босаған қазақстандық кадрларды қайта оқыту және біліктіліктерін өзгерту туралы Н.Назарбаевтың ұсынысы көңілге қонымды, ал жаңа жұмыс орындары іске қосылғаннан кейін 350 мыңдай қазақстандық жұмыспен қамтылатын болады. Бұл мақсатқа бөлініп отырған сома да - 140 миллиард теңге - қомақты. Қазақстанды әлем елдерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Елдің геосаяси жағдайы үлкен және қуатты көршілерінің арасында теңгерімді сақтай отырып, мол пайда іздеуге мүмкіндік береді. 2009-2010 жылдары мемлекетте күрделі макроэкономикалық жағдайдың сақталатындығы туралы Қазақстан Ұлттық банкінің болжамын ескерсек, Банк төрағасы Г.Марченконың қытай экономикасының қарқынды дамуына қатысты үміті ақылға сыйымды. Г.Марченко, 2004 жылы құрылған Қаржы ынтымақтастығы жөніндегі қазақстан-қытай кіші комитеті өз белсенділігін арттырады деп пайымдауда. Төлемдік балансты қалыптастыру, макроэкономикалық статистика, валюталық реттеу мен қаржы тұрақтылығы шараларын әзірлеу мәселелері бойынша ақпарат және тәжірибе алмасу шаралары екіжақты перспективалық бағыттардың бірі болып табылады, дейді Қазақстанның бас банкирі Қытай экономикасына қатысты сұхбатында. Сонымен,сөзімізді түйіндей келе айтпағымыз: қабылданып отырған шараларды ескеретін болсақ, Н.Назарбаевтың Жолдауының көптеген тосқауылдарды жеңіп, дағдарыстың салдарын еңсеруге себі зор. Әлеуметтік тұрақтылыққа деген талпыныс, аймақтық ынтымақтастық пен ықпалдастықты нығайту, сондай-ақ сарабдал ішкі және сыртқы саясат келешекке үлкен үмітпен қарауға негіз бола алады.