Қазақстан ЖИ мен адами дағдыларды дамыту индексінде 55-орынға ие болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Coursera Global Skills Report 2026 есебі аясында ұсынылған AI-Human Skills Synergy Index рейтингінде 98 елдің арасында 55-орынға ие болды, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Жаңа индекс білім алушылардың жасанды интеллект саласындағы дағдыларды сыни ойлау, көшбасшылық, коммуникация және күрделі міндеттерді шешу секілді адами құзыреттермен қатар қаншалықты белсенді дамытып жатқанын бағалайды.

Индексті есептеу кезінде онлайн оқыту пайдаланушыларының дағдыларды меңгеру деңгейі, зерделейтін құзыреттерінің ауқымы, ЖИ мен адами дағдыларды қатар дамыту көрсеткіштері ескеріледі.

Сондай-ақ бағалау барысында Oxford Insights Government AI Readiness Index деректері пайдаланылады. Бұл индекс елдердің жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға қаншалықты дайын екенін мемлекеттік саясат, инфрақұрылым, адами капитал және ЖИ секторының даму деңгейі бойынша бағалайды.

– Қазақстан AI-Sana ұлттық бағдарламасын іске қосқанда цифрлық курстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету жеткіліксіз екенін түсіндік. Жүйелі өзгерістерге қол жеткізу үшін алынған білімді білім беру процесіне енгізіп, оны іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін жағдай жасау маңызды болды. Бүгінде бағдарламаға 100 жоғары оқу орны қатысып, курстарды білім беру процесіне енгізу, нәтижелерді бақылау және жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуына сәйкес оқу мазмұнын тұрақты түрде жаңарту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Қазірдің өзінде 1 200-ден астам педагог заманауи онлайн оқыту әдістерін меңгеріп, сапалы 35 авторлық курс әзірлеуге қатысты, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Министрлік мәліметінше, Қазақстанның нәтижесі цифрлық оқытуды белсенді пайдаланушылар арасында жасанды интеллект саласындағы техникалық құзыреттермен қатар оларды іс жүзінде қолдануға қажетті адами дағдыларға да қызығушылық бар екенін көрсетеді.

Дегенмен рейтинг нәтижесін бағалағанда оның әдістемелік ерекшелігін ескеру қажет. Coursera деректері негізінен осы платформаны пайдаланушылардың оқу белсенділігіне сүйенеді. Сондықтан 55-орын жалпы Қазақстан халқының ЖИ саласындағы дағды деңгейін тікелей көрсетпейді.

Айта кетейік, бұған дейін Kazinform Қазақстанның Coursera платформасын жоғары білім беру жүйесіне интеграциялауды кеңейтіп жатқанын жазған еді.