Мәртебелі мейман екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, туризм, логистика, энергетика және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықтың келешегі жайлы ой бөлісті.
Сұхбат барысында Яков Милатович Орта дәліз арқылы көлік қатынасын дамытудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ ол Черногорияның Орталық Азиядағы дипломатиялық ықпалын кеңейтуге ниетті екенін айтып, Қазақстанды аймақтағы іргелі серіктес, сенімді дос деп бағалады.
— Биыл Қазақстан мен Черногория арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 20 жыл толып отыр. Бұл сапарыңыздың тарихи мәні зор, себебі Черногория Президенті біздің елге тұңғыш рет арнайы келіп тұр. Сапарыңыздың басты мақсаты мен екіжақты ынтымақтастыққа берері не ?
— Бұл – расында да тарихи сапар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келіп отырмын. Былтыр Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында жолыққанда, Президент мырза Қазақстанға келуге ұсыныс жасаған еді. Биыл сол бастаманы жүзеге асырудың сәті түсті.
Бұл жыл Черногория үшін де айрықша. Тәуелсіздігімізді қайта жариялағанымызға және Қазақстанмен дипломатиялық байланыс орнатқанымызға 20 жыл толып жатыр. Осы сапар екі ел арасындағы достық пен серіктестіктің ең жоғары саяси деңгейге көтерілгенін айшықтай түседі.
Бұл сапар саяси диалогымызды жаңа биікке көтерді. Сонымен қатар, достық қарым-қатынасымызды мазмұнды істермен толықтыруды көздейді. Кеше Президент Тоқаевпен кездескенде айтқанымдай, мен бұл жерге дос ретінде, дос елге келдім.
Ең алдымен, экономикалық ықпалдастыққа тың серпін бергіміз келеді. Сол мақсатпен Черногориядан отызға жуық түрлі сала өкілінен құралған ірі бизнес-делегациямен келдім. Кеше олар қазақстандық әріптестерімен бизнес-форумда кездесіп, екіжақты іскерлік байланысты дамыту жолдарын талқылады.
Сондай-ақ «Air Astana» ұлттық әуе компаниясымен ұшып келгенімді айта кеткім келеді. Ол Черногорияны Астанамен де, Алматымен де байланыстырып тұр. Бес жарым сағаттық жол сапарым өте сәтті болды. Бес жылдан бері жұмыс істеп тұрған бұл әуе бағыты екі елдің арасын жақындата түсті. Қазақстандық туристер Черногорияға жиі келе бастады. Визасыз режимнің арқасында өз азаматтарымыз да Қазақстанға ағылып келіп жатыр. Халықтарымыз арасындағы осындай достық байланысты алдағы уақытта да нығайта береміз.
— Былтыр БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Президент Тоқаевпен болған кездесуіңізді тілге тиек еттіңіз. Сол жолы Сіз Черногорияның Орталық Азия елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен бейбітшілік, өзара сенім және көпжақты ынтымақтастық сынды ортақ құндылықтарды бөлісетінін ерекше атап өттіңіз. Халықаралық және көпжақты ықпалдастық аясында бүгінгі күн тәртібінде қандай мәселелер тұр?
— Ең әуелі, кеше біз екіжақты үш келісімге қол қойғанымызды атап өткім келеді. Бұл құжаттар сауда-өнеркәсіп палаталары, ұлттық туристік ұйымдар және мемлекеттік телерадиокомпаниялар арасындағы ынтымақтастықты реттейді.
Мұнымен қоса, үкіметтеріміз бірқатар жаңа құжат әзірлеп жатыр. Соның бірі — экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық келісім. Ол екі ел арасында Экономикалық кеңес құруға құқықтық негіз қалайды. Сондай-ақ цифрландыру саласындағы министрліктер арасында серіктестік орнатпақпыз. Бұл ретте Черногория Қазақстанның озық тәжірибесінен үйренері мол деп білемін.
Үшінші бағыт — әділет министрліктерінің өзара іс-қимылы. Бұл бастамалардың бәрі құқықтық базаны жетілдіріп, қарым-қатынасымызға тың серпін береді.
Біз халықаралық жүйе аясында да тығыз ықпалдасып келеміз. Өзіңіз айтқандай, екі мемлекет те БҰҰ-ны халықаралық тәртіптің алтын қазығы деп таниды.
Дипломатиялық өкілдіктеріміз арқылы мемлекеттер арасында бейбітшілік пен ынтымақтастықты дәйекті түрде насихаттап келеміз. Геосаяси ахуал күрделі мына заманда Қазақстан мен Черногорияның ұстанымы өте үндес.
Сондықтан пікірлес елдер ретінде байланысымызды бекемдей түсу — стратегиялық маңызды міндет.
Сонымен қатар, Черногория Еуропалық одаққа мүшелікке өту үдерісінің соңғы кезеңінде тұр. Үміткер он елдің ішіндегі дайындығы ең жоғары мемлекет — біз.
Жақында Черногорияда Еуроодақ көшбасшыларын қабылдадым, баршамыз 2028 жылға қарай Черногория одақтың келесі мүшесі атанады деген сенімдеміз. Еуропалық одаққа мүшелік Қазақстанмен ынтымақтастықтың жаңа алаңын ашады. Еуроодақ — Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі.
Осы орайда, Черногория Еуроодаққа қосылғаннан кейін, Еуропа мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты бұрынғыдан да биік деңгейге көтеруге үлес қосамыз деп жоспарлап отырмыз.
— Сіз экономикалық ықпалдастықтың құқықтық негізінің маңыздылығын атап өттіңіз. Осы орайда цифрландырумен қатар, логистика мен энергетика салаларына да назар аудардыңыз. Сіздің пайымдауыңызша, екі елдің экономикалық қарым-қатынасын тереңдетуге қай салалардың әлеуеті мол?
— Ең алдымен, туризмді айрықша атап өткім келеді. Бұл — Черногория экономикасының негізгі тірегі. Біз Қазақстан азаматтары үшін еліміздің тартымдылығын арттырып, олардың Черногорияның табиғаты мен сұлулығына қанық болуына барынша қолайлы жағдай жасауды көздейміз. Осы мақсатта бүгін бізбен бірге Черногорияның қонақүй және туристік бизнес өкілдері арнайы келіп отыр.
— Екінші бағыт — логистика. Қазақстанның географиялық жағдайы мен Черногорияның Еуропаның көлік дәліздеріндегі орны стратегиялық тұрғыдан аса маңызды. Бұл — әсіресе Азия мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту ісінде өзекті. Біз бұл мәселені де жан-жақты талқыладық. Еуропалық одақ аталған бағытты дамытуға қомақты қаржы құйып жатыр. Адриатика теңізінің жағалауында орналасқан Черногория Еуропаға апаратын маңызды қақпа бола алады. Демек, бұл — Қазақстан мен Черногория өзара ықпалдастықты айтарлықтай күшейте алатын бағыт.
— Үшінші сала — энергетика. Черногория Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды электр энергетикалық торап қызметін атқарады. Балқан түбегі мен Батыс Еуропа арасындағы электр энергиясы тасымалының басым бөлігі біздің ел арқылы өтеді. Энергетика саласындағы Қазақстанның орны ерекше екенін ескерсек, бұл бағыттағы серіктестікті тереңдетуге мүмкіндігіміз мол.
Сонымен қатар, құрылыс саласының келешегі зор. Черногория қазіргі таңда автожолдар мен жедел тасжолдарды, сондай-ақ муниципалды инфрақұрылымды салуға бағытталған ауқымды инвестициялық кезеңге қадам басып келеді. Қазақстандық компаниялар осындай жобаларға белсенді атсалыса алады деп білемін.
Аталған бағыттардың барлығы Черногория мен Қазақстан арасындағы іскерлік байланыстарды өркендетіп, түптеп келгенде, екі ел азаматтарының игілігіне қызмет етеді.
— Көлік және логистика саласындағы өзара байланысқа тоқталсақ, Черногория, Балқан аймағы және жалпы Еуропа үшін Қазақстанмен ынтымақтастықтың қандай мүмкіндіктері бар?
— Картаға көз жүгіртсеңіз, Черногорияның географиялық орналасуы Азия мен Еуропа арасындағы сауда бағыттарын тоғыстыруда маңызды рөл атқара алатыны айқын аңғарылады.
Жүктер Каспий өңірі мен Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Еуропаға бет алғанда, Черногория еуропалық нарыққа кіретін негізгі тораптардың бірі бола алады. Бізде Адриатика теңізінің жағалауында орналасқан ірі «Бар» теңіз порты бар. Ол негізінен мемлекет меншігінде және серіктестік үшін мол әлеуетке ие. Дәл осы тұста мен Қазақстан мен Черногория арасындағы тікелей іскерлік ықпалдастықтың нақты мүмкіндіктерін көріп отырмын.
— Екі ел арасындағы тауар айналымы әзірге көңіл көншітпейді, яғни әлеуетімізді толық ашып отырған жоқпыз. Сауда мен экономикалық байланысты жандандыру үшін қандай қадамдар жасалуы керек?
— Ойыңызбен толық келісемін, қазіргі көрсеткіштер әлі де төмен деңгейде. Жақында экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылмақ. Бұл құжат екі ел арасында Экономикалық комиссия құруға заңдық негіз қалайды. Комиссия құрамына үкімет өкілдері еніп, сауда мен экономикалық серіктестікті кеңейтудің нақты жолдарын айқындайтын болады.
Нақты мысал келтірейін. Мен өзіммен бірге Черногорияның ірі шарап кәсіпорындарының бірінің өкілдерін ала келдім. Бұл — мемлекеттік компания, еліміздің ең танымал брендтерінің бірі әрі Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы шарап өндіруші көшбасшылардың бірі.
Олардың өнімі Қазақстанда әлі кеңінен танымал емес, бірақ біздің шараптардың сіздердің нарықтағы әлеуеті орасан зор. Бұл — елдеріміз арасындағы серіктестіктің мүмкіндіктерін айғақтайтын бір ғана мысал.
— Тауар айналымын алдағы жылдары ұлғайту бойынша нақты межеңіз бар ма?
— Әзірге нақты сандарды атап өткім келмейді. Дегенмен, кеше Президент Тоқаевпен талқылаған бір мәселеге тоқталғым келеді. Екі жыл бұрын Қазақстан астанамыз Подгорицада Бас консулдығын ашты. Мұны өте маңызды қадам деп санаймын.
— Черногория Орталық Азиядағы дипломатиялық ықпалын күшейтуі қажет, мұны Қазақстаннан бастағанымыз жөн. Бұл қадам бүкіл өңірмен белсенді ықпалдасуымызға жол ашады.
Орталық Азия — халқы 100 миллионға жуықтайтын, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Оның көптеген бағыты Черногория үшін өте тартымды. Дипломатиялық өкілдіктерімізді кеңейту экономикалық байланыстарды нығайтуға серпін берері сөзсіз.
Черногория — дипломатиялық желісі салыстырмалы түрде шектеулі, шағын мемлекет. Әлемде 40-қа жуық елшілігіміз болғанымен, өкінішке қарай, Орталық Азияда әзірге біреуі де жоқ. Бұл олқылықтың орнын толтыруымыз қажет.
— Туризм — екіжақты қарым-қатынасымыздың маңызды саласы. Екі ел арасында тікелей әуе қатынасы мен визасыз режим орнатылған. Халықтарымызды жақындастыру және Қазақстан мен Черногорияның туристік әлеуетін одан әрі дәріптеу үшін тағы не істеуге болады?
— Тікелей әуе қатынасы тығыз ынтымақтастыққа тамаша негіз қалайды. Мен бұл жобаны 2021 жылы Экономикалық даму министрі қызметін атқарып, туризм саласына жетекшілік еткен кезімнен қолдап келемін.
Рейстердің ашылуы Черногория үшін маңызды нарыққа жол ашты. Соңғы жылдары елімізге келетін қазақстандықтар санының артқанын байқап отырмыз. Олардың басым бөлігі алғашқы сапардан кейін қайта оралады.
Туризм саласындағы әріптестерім қазақстандық қонақтар туралы үнемі жылы пікір білдіреді. Олар елімізде ұзағырақ аялдап, туристік экономикамызға қомақты үлес қосады. Қазақстан — еліміздің туризм индустриясындағы басым бағыттардың бірі. Сондықтан Ұлттық туристік ұйымымыздың өкілдері делегациямның құрамында келіп отыр.
Бүгінгі тұрақсыз әлемде Черногория қауіпсіз, бейбіт әрі қонақжай мекен болып қала береді. Туризм мен қонақжайлылық — экономикамыз бен мәдениетіміздің негізгі діңгегі.
Черногорияда болған әрбір қазақстандық бұған жеке көз жеткізгеніне сенімдімін. Черногория Президенті ретінде айтарым: Қазақстан азаматтары — елімізде әркез төрден орын алатын қадірлі қонақтар. Осы сапар барысында бірнеше мәрте қайталағанымдай, мен бұл жаққа дос ретінде, дос мемлекетке келдім. Біз қазақстандық достарымызды дәл осылай қарсы аламыз.
— Бұл — Қазақстан мен Астанаға жасаған алғашқы ресми сапарыңыз. Еліміз туралы қандай әсермен қайтасыз?
— Сапар алдында да сіздердің елдеріңіз туралы ойым өте жақсы еді. Шетелде оқып жүргенде ең жақын достарымның арасында қазақстандық студенттер болды. Сол достықтың арқасында халқыңызға тән қасиеттермен бұрыннан таныспын.
Бұл сапарым сол түйсігімді одан сайын нығайта түсті. Мұндағы ерекше қонақжайлылықты, жаны жайсаң жандарды, соңғы отыз жылда орасан жетістікке жеткен елді көріп тәнті болдым.
Астана — осы ілгерілеудің айқын айғағы. Жаңа қала болса да, даму қарқыны таңғалдырады. Қазақстанның аз уақыт ішінде жасаған жаңғыруы мақтанышқа тұрарлық.
Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық аренада беделді әрі өзіндік орны бар мемлекет ретінде қалыптасты. Бұл да — мойындауға лайық зор табыс.
Дегенмен, кез келген қарым-қатынастың ең маңызды тірегі — адамдар арасындағы байланыс. Черногория халқының атынан айта аламын: екі ел арасында шынайы достық пен өзара ілтипат бар. Іргетасымыз осылай берік болғанда, саясаткерлердің жұмысы да жеңілдей түседі.
— Бұл сапар үмітіңізді ақтады ма?
— Сөзсіз. Мазмұнды әрі нәтижелі кездесулерге толы сапар болды. Президент Тоқаевпен, Парламент төрағасымен, Премьер-министрмен және Үкімет мүшелерімен жүздестім.
Сондай-ақ университеттеріңіздің бірінде дәріс оқып, «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысымен таныстым. Қазақстанның жасанды интеллект пен цифрлық даму саласындағы жетістіктері көңіл қуантады.
Бұл — Қазақстан айтарлықтай ілгерілеген, ал Черногория үшін тәжірибе алмасуға қолайлы бағыттар. Елдеріміздің аумағы мен географиялық орны әртүрлі болса да, дамуға, жаңғыруға және инновацияға деген ұмтылысымыз ортақ. Черногорияның Қазақстаннан үйренері көп, сондай-ақ алдағы уақытта тығыз ықпалдасатын тұстарымыз жетерлік.
Осының бәрін ескерсек, сапар үмітімді толық ақтады. Бұл кездесулер екі ел арасындағы байланысты нығайтуға берік іргетас қалады деп нық сеніммен айта аламын.