Қазақстанда 2008 жылы Жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгісі індетінен 127 адам көз жұмған

АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Қазақстанда 2008 жылы 127 адам Жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгісі (ЖҚТБ) індетінен көз жұмған.

Бұл мәліметтер бүгін Астанада тыныстырылған 2008 жылға арналған есірткіге қатысты жағдай жөніндегі ұлттық есеп ақпараттарынан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш құжатта ЖҚТБ-нің республикалық орталығының деректеріне сүйене отырып келтірілген мәліметтер бойынша, 2008 жылы елімізде Адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы індетімен науқастанғандардың және ресми тіркелгендерінің саны 11 мың 709 адамды құрап отыр. Олардың 815-і ЖҚТБ-мен ауырады. Осы науқастардың 56-сы 14 жасқа дейінгі балалар. 2008 жылы елімізде АҚТҚ індетін жұқтырғандардың тағы 2 мың 335-і тіркелген.

Есепте көрсетілген мәліметтерге қарағанда, аталмыш індеттерге қатысты жағдай 2008 жылға дейінгі 5-6 жыл ішінде мүлдем өзгермеген. Олар  күн өткен сайын өсіп келеді.