Қазақстанда 82 нысан жекешелендірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде мүлікті жекешелендіру мен жария етудің барысы туралы брифингте ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Эдуард Өтепов елімізде жекешелендірілген нысандардың саны жайында ақпарат берді.

- Ағымдағы жылдың осы кезеңіне дейін жекешелендіруге 295 нысан қойылған. Оған қосымша әкімдіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен холдингтер 16 нысан ұсынды. Бүгінгі күні 82 нысан сатылды. Осы 311 нысанның 20-сы республикалық меншікте, 132-сі коммунналдық, 80-і ӘКК, 79-ы түрлі холдингтердікі, - деді ол.

Оның айтуынша, жалпы 3 млрд теңге бастапқы баға кезінде сату бағасы 4,6 млрд теңгені құрапты. Бұл бастапқы бағадан 1,5 есеге артық көрінеді.

- Қаражат түрлері мынадай болып бөлінеді: республикалық бюджетке 326 млн. теңге; облыстық бюджеттерге 380 млн теңге; холдингтер бойынша 3,6 млрд теңге және ӘКК бойынша 277 млн теңге, - деді комитет төрағасы.

Ал, осы брифинг барысында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Ибрайымов қараша айында сатылымға шығарылатын нысандарды тізбектеп айтып берді.

- Қараша айында республикалық меншіктегі 4 нысан сатылымға шығарылады деп жоспарлануда. Олардың арасынде ең ірі деген нысан - «Қазаэрожоба» ғылыми-зерттеу және жобалау-іздестіру институты. Сонымен қатар, коммуналдық меншіктегі 28 нысан да сатылады деп күтілуде. Олардың арасында 6 тілдерді оқыту орталығы мен 6 БАҚ, 5 спорт клубы және абаттандыру саласындағы 5 нысан бар, - деді ол.

Оның айтуына қарағанда қараша айында сонымен қатар, холдингтердің меншігіндегі 7 нысан, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың меншігіндегі 4 нысан сатылымға шығарылатын көрінеді.

Естеріңізге салайық, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда заңдастыру және жария ету науқаны жүріп жатыр. Жекешелендірудің кезекті толқыны барысында мемлекеттік нысандармен қатар, спорттық клубтар, мәдени нысандар және оқу орындары, жекеменшік тұрғын үйлер, сондай-ақ, өзге де мемлекет қаржыландыруында тұрған нысандар жекенің қолына өтетін болады.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың шетелде жасырған ақшасы мен дүние-мүлкін де жария етуіне мүмкіндік беріліп отыр. Науқан аясында шетелде жасырылған қаражатқа рақымшылық жасалатын болады.