Сондай-ақ, ұлттық баяндамада Қазақстан аумағының басқа елдерге қарағанда жылдамырақ жылып жатқаны атап көрсетілген. «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, 1976-2025 жылдары елдегі ауа температурасы әр он жыл сайын орта есеппен 0,4°C-қа көтерілген. Ал 2025 жылдың орташа жылдық температурасы климаттық нормадан 2,96°C жоғары болды. Баяндамада бұл жыл 1941 жылдан бергі жылы жыл деп көрсетілген.
Бұл жерде мәселе бір жылдағы ыстықтың күшеюінде ғана емес. Температура ондаған жыл бойы біртіндеп өсіп келеді. 2025 жыл сол ұзақ мерзімді өзгерістің ең айқын көрінген кезеңі болды. Жылдың жекелеген кезеңдерінде жылыну одан да қатты сезілді. Мысалы, 2025 жылғы көктемде Қазақстан бойынша температура климаттық нормадан 4,12°C жоғары болды. Ақмола облысында көктемгі ауытқу 5,03°C, Қостанай облысында 5°C, Қызылорда облысында 5,26°C жетті. Мұндай өзгеріс көктемнің ертерек келуімен ғана шектелмейді. Жылудың күшеюі топырақтағы ылғалдың тезірек жоғалуына, өсімдіктердің ерте қурап, өрт қаупінің жоғарылауына әсер еткен.
2025 жылы өңірлер арасындағы жауын-шашын көрсеткіштерінің айырмашылығы өте үлкен болды. Республика бойынша жылдық жауын-шашын 296 мм, яғни норманың 93%-ына жетті. Соның ішінде Жамбыл облысында жауын-шашын норманың небәрі 45%-ын, Түркістан облысында 55%-ын, Ұлытауда 71%-ын орындады. Ал Солтүстік Қазақстанда керісінше норма 125%, Павлодарда 131%, Шығыс Қазақстанда 118% орындалды. Сонда бір өңірде ылғал артық түссе, екінші жерде қатты тапшылық байқалған.
Экологтар 2025 жылы 40 метеостанцияда ылғал жағдайы өте құрғақ жылдардың қатарына кіргенін, ал 10 станцияда жауын-шашынның ең төменгі рекордтық көрсеткіштерін тіркеген. Ал солтүстік пен шығыста кейбір станцияларда керісінше жауын-шашын соңғы жылдардағы ең ылғалды деңгейлердің қатарына енген.
2025 жылы Қазақстанның орман қорында 618 өрт тіркелді. Бұл 2024 жылғы 294 өртпен салыстырғанда 2,1 есе көп. Өрт шарпыған аумақ та ұлғайған: 2024 жылғы 44 990 гектардан 2025 жылы 63 346 гектарға жетіп, 41% өсті. Ал келтірілген залал 534,2 млн теңге болып, бір жылда 5,2 есе артты. Баяндамада аумағы 25 гектардан асатын 81 ірі өрт тіркелгені көрсетілген. Оның 33-і Жамбыл облысында, 9-ы Ақтөбе облысында, 5-еуі Атырау облысында, 4-еуі Қызылорда облысында болған. Өрттер ұлттық парктер мен ерекше қорғалатын аумақтарды да қамтыған.
Қар мен бұршақ аномалиясы еселеп артып келеді
2025 жылы Қазақстан аумағында 135 қолайсыз гидрометеорологиялық құбылыс тіркелді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 55 жағдайға аз. Ең жиі байқалған құбылыстар қатарында қатты жел, нөсер жаңбыр, қатты боран, қалың қар, тұман және бұршақ бар.
Құбылыстардың жыл ішіндегі таралуы да біркелкі болмаған. 2025 жылы олардың ең көп саны қаңтарда – 17 жағдай, ал ең азы қыркүйек пен қазанда – 4 жағдайдан тіркелді.
Ұзақ мерзімді динамикада, керісінше, кейбір қауіпті құбылыстардың жиілегені байқалады. 2009-2025 жылдарды 1992-2007 жылдармен салыстырғанда, қатты қар мен қатты желден болған құбылыстар саны 1,5 есе, бұршақ 1,4 есе, ал қатты жаңбыр 22% артқан. Бұл ретте қатты тұман жағдайлары 2%, қатты боран 27% азайған.
2025 жылы Қазақстанда жел жылдамдығы секундына 30 метр және одан жоғары болатын 78 қатты жел тіркелді. Оның жартысынан астамы Жетісу облысына тиесілі – мұнда 50 жағдай болған. Одан кейін Алматы облысында – 10, Жамбыл облысында – 7, Солтүстік Қазақстан облысында – 6 жағдай тіркелді. Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Абай облысында мұндай жағдайлар 1-2 реттен болған.
Қатты желдің ең ұзақ үздіксіз соғуы Солтүстік Қазақстан облысындағы Чкалов метеостанциясында 20 сағат 56 минутқа созылған. Ал желдің ең жоғары жылдамдығы Жетісу облысындағы Достық автоматты метеостанциясында 40,1 м/с деңгейінде тіркелді.
2025 жылы Қазақстанда тіркелген 135 қауіпті гидрометеорологиялық құбылыстың 78-і, яғни 58%-ға жуығы қатты желге тиесілі. Екінші орында қатты жаңбыр – 20 жағдай (14,8%), одан кейін қатты тұман – 14 жағдай (10,4%) және қатты боран – 12 жағдай (8,9%). Осы төрт құбылыстың өзі жыл бойы тіркелген жағдайлардың 92%-ын құраған. Қалған 8%-ға жуығы бұршақ, қатты қар, көктайғақ және басқа да құбылыстардың үлесінде.
Биыл Астанада өткен өңірлік экологиялық саммитте 2007 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Рэ Квон Чуң климаттық сын-қатер экономиканың жаңа драйверіне айналатынын айтқан болатын. - Ал ұзақ мерзімде экология мен климат саласы экономикалық өсімнің жаңа драйверіне айнала алады. Мұның айқын мысалы — Қытай: мемлекет қолдауының арқасында ол климаттық технологиялар бойынша әлемдік көшбасшыға айналды. Ал Орталық Азия елдері үшін бірлескен әрекет аса маңызды. Жеке-жеке қимылдау жеткіліксіз, өңірлік ынтымақтастық қажет. Сонымен қатар мемлекеттік саясаттың өзі жеткіліксіз. Жасыл экономиканы дамыту үшін бизнес пен қоғам белсенді қатысуы керек. Негізгі рөл — тұтынушыларда: егер олар экологиялық таза өнімдерді таңдаса, нарық та соған бейімделеді. Осыған байланысты «бәрі өзіңнен басталады» қағидасы маңызды. Әр адам сырттай бақылаушы болмай, жауапкершілікті бөлісуі тиіс. Экологиялық таза өнім қымбатырақ болса да, саналы түрде соны таңдауға дайын болу қажет, - деген болатын ғалым.
Сирек кездесетін жануарлар саны артқан
2025 жылы Қазақстанда киік санының өсуі жалғасты. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, жыл қорытындысында елдегі киік саны 3,908 млн басқа жетті. Оныңішінде Орал популяциясы – 2,3 млн, Бетпақдала популяциясы – 1,6 млн, Үстірт популяциясы – 78 мыңбас болған. Басқа да сирек кездесетін жануарлар популяциясында айтарлықтай көрсеткіш қалыптасқан. 2025 жылғы есеп бойынша құлан саны – 4 702, қарақұйрық – 16 122, тоғай бұғысы – 1 240, тау арқары – 21 586, қар барысы – 189 болды.
2025 жылы Қазақстанда 53,5 млн гектар ауыл шаруашылығы жері зерттелген. Соның ішінде қатты деградацияға ұшыраған жер көлемі 2,754 млн гектар болған. Бұл зерттелген аумақтың шамамен 5,1%-ы деген сөз. Қатты деградацияланған жердің негізгі бөлігі желдің әсерінен тозған. Желдің кесірінен құнарлы қабаты аршылған топырақ көлемі 1,827 млн гектар, яғни осы санаттағы жердің 66%-ына тең. Тұзданған жер көлемі – 857,5 мың гектар (31%), ал су эрозиясына ұшыраған жер – 69,7 мың гектар (2,5%).