Бұл күнді мерекелеудің, оны атап өтудің өзіндік игі дәстүрлері де қалыптасқаны белгілі. Соның бірі кешегі Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Конституция - қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болатын. Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде жалғасқан ауқымды шараның екінші күні барысында ҚазАқпарат тілшісі Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысы Вячеслав Калюжный мырзаны әңгімеге тартқан еді.
- Ең алдымен кешеден бері өтіп жатқан конференцияға, оның ерекшелігі, мәні мен маңызына тоқталып өтсеңіз?
- Қазақстанның Конституциясы күніне арналған дәстүрлі конференцияны кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы бастап ашқаны белгілі. Расында біз бұндай ауқымды шараны осымен 9-ы рет Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл және ҚР Конституциялық Кеңесі бірлесе отырып өткізіп отырмыз. Ал биылғы конференцияның ерекшелігі - алқалы жиынға Елбасы Н. Назарбаев қатысты. Басқа да еліміздің және шет мемлекеттердің ғалым-сарапшылары атсалысты. Бұл әрине, халықаралық басқосудың мәртебесін арттырып қана қоймай, оның құқықтық мүмкіндіктер ауқымын да, ақырында қол жеткізілетін нәтижелерін де кеңейте түсті деп білемін. Сонымен қатар, халықаралық жиынның тақырыбы «Конституция - қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» деп аталуының, онда әлеуметтік проблемалардың қамтылуының да өзіндік мәні бар. Бұл ретте Президенттің жақында баспасөзде жарық көрген «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты жаңа тұжырымдамасына қатысты бағдарламалық мақаласымен конференцияның да ұштасатынын атап өткім келеді. Менің ойымша, Қазақстан халқы алдына ұсынылып, бүкіл қоғам талқысына шыққан жаңа тұжырымдама бүгінгі конференцияға қатысушылардың баяндамаларында да, талқылаулар мен пікір алмасулар барысында да кеңінен қаралып, одан сайын кеңірек таралу мен насихатталуға мүмкіндік алады. Президент алға жүктеген мақсаттарға, оның ішінде әлеуметтік қатынастар бағытындағы межелерге қол жеткізудің тың нұсқалары да ортаға салынады деп ойлаймын. Осы тұрғыдан алғанда конференция «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына» қарай жасайтын қадамымызды үдете түсетін серпін береді деп ойлаймын. Бұл жайынде Мемлекет басшысы да кеше өз сөзінде тамаша жеткізіп берді.
- Қазақстан демократиялық даму бағытында біршама белесті еңсерді. Дегенмен, бүгінгі таңдағы ЕҚЫҰ ұсынымдарына қатысты не айтар едіңіз?
- Біз шынымен де, бұл бағытта аса үлкен прогресті бағындырдық. Халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ жүйесінің ұйымдары мен ЕҚЫҰ тарапынан жасалатын ұсынымдардың басым бөлігі Қазақстанмен орындалып болды деп айтуға толық негіз бар. Дегенмен, қайбір тұста, кейбір жерлерде толық көлемде орындалмаған болса, оның да өзіндік себептері баршылық. Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы да кешегі сөзінде «осынау қысқа ғана мерзім ішінде түгел мәселені орындап, тауысудың мүмкін еместігін» айтқан болатын. АҚШ елінің Конституциясы қабылданғанына 200 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында оларда билік пен азаматтар арасындағы өзара байланыстың нақты тетіктері қалыптасты. Барлық мәселелер реттелді. Ал біздің тәуелсіздігімізге жаңадан 20 жыл болса, арқа сүйейтін Ата заңымызға 17 жыл ғана. Оған қарамастан нық қадам басып келеміз. Елімізде адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету үшін заңнамалық базалар тұтастай қалыптасты. Егер азаматтарға қатысты қандай да бір құқықтарының бұзылуы, бостандықтарының шектелуі орын алып жатса, менің ойымша, бұл жеткілікті түрде біліктілігі жоқ, кәсібилігі төмен жекелеген шенеуніктердің іс-әрекеті. Расында да, заңды анық әрі нақты білмеу сондайларға соқтықтыруы мүмкін. Соның салдарынан әлгіндей шенеуніктерге сенген азаматтардың құқы мен бостандығы бұзылып жатады.
Осы бағытта жұмыс істеу үшін құқық қорғайтын ұлттық тетіктер құрылды. Құқық қорғау жүйесі, сот билігі, прокуратура, Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл түріндегі ұлттық құқық қорғау мекемесі, Адам құқықтары жөніндегі комиссия нақты әрекет етіп келеді. Менің ойымша, Қазақстанда адам құқықтарының бұзылуын ең төменгі деңгейге дейін түсіретін, оның ең төменгі көрсеткіште болатын уақыты да алыс емес.
- Сөз бостандығы мәселесі турасында әңгіме болғанда қоғамда талқыланып жүрген «Журналистік этика» кодексінің жобасы ең бірінші ауызға алынатын болып жүр. Сіздің пікіріңізше, бұндай кодекс қаншалықты қажет?
- Мен өмірімнің басым бөлігінде мемлекеттік қызметкермін. Ендеше осы уақыт аралығында мен ұдайы мемлекеттік қызметшінің этикасын сақтап келемін. Бұл қалыпты жағдай. Оған біз үйренгенбіз әрі оны сақтауды әсте естен шығармаймыз. Бұндай кәсіби кодекс дәрігерлерде де, кейбір тағы да басқа сала қызметкерлерінде де баршылық. Сондықтан да, менің ойымша егер бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің өздері қабылдаған, өздері мойынсұнатын, оны жанымен қабылдай алатын этикалық кодекстері болса, онда бұнда тұрған ештеңе де жоқ. Ол туралы талай айтылды, талқыланды. Ендеше, қабылдау керек деп санаймын. Сонымен бірге, бұндай кодекстің болуы журналистерді қандай-да бір кедергілерге соқтырады деп ойламаймын.
- Әңгімеңізге рақмет!