Қазақстанда алғаш рет таеквондодан Азия чемпионаты өткелі жатыр

АЛМАТЫ. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Астанада мамырдың 20-23-і күндері таеквондодан (WTF) XIX Азия чемпионаты және таеквондо-пумседен (техникаларды көрсету) І Азия чемпионаты өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Қазақстанның таеквондо федерациясы бірігіп ұйымдастырып отыр. Бұл спорт түрінен Азия чемпионаты Қазақстанда алғаш рет өтпек. Оған 29 елден 380 спортшы қатысады деп жоспарлануда. Ресми делегация мүшелерін қосқанда қонақтардың жалпы саны 500-ге жетпек. Ал жарыс басталғанға дейін төрешілердің қатысуымен халықаралық семинар-конференция өткізіледі. Азия, Америка, Африка және Еуропаның 35 елінен келген төрешілердің арасында Қазақстаннан 6 рефери (4 дан) бар. Онда теориялық және тәжірибелік дәрістерге қатысушыларға семинардың соңында ресми сертификаттар тапсырылмақ. Чемпионат аясында сондай-ақ, Азия таеквондо одағы бас ассамблеясы өткізілмек.