Қазақстанда ана өлім-жітімі 3 есеге төмендеді - министрдің селекторлық кеңесі

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - 12 желтоқсан күні ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде селекторлық режімде ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың төрағалығымен өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының,

республикалық денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының қатысуымен ана мен бала өлімі және қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету бойынша шұғыл шаралар қабылдауға арналған республикалық штабтың кезекті отырысы өтті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Ресми статистика бойынша, Қазақстанда соңғы 5 жылдың ішінде ана өлім-жітімі 3 есеге, сәби өлімі-жітімі 1,4 есеге төмендеді.   

Министр жүкті және босанған әйелдерге медициналық көмек көрсету сапасы үшін жергілікті жерлердегі бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. 

Ана өлім-жітімі оқиғаларын талдау нәтижесінде сараптама материалдарын құқықтық баға беру үшін тиісті құқыққорғау органдарына жолдау жөнінде шешім қабылданды.