Қазақстанда әскери қызметшілерге қандай мемлекеттік наградалар беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ерен еңбегімен, елі сүйсінер ерлігімен көзге түсіп, қызметінде де адалдықты ту еткен әскери қызметшілер мен арнаулы қызметтердің үздік өкілдерін марапаттау кез келген мемлекетте дәстүрге айналған. Елімізде де мұндай дәстүрдің қалыптасқанына 25 жылдан астам уақыт болды. Жыл сайын 7 мамыр - Отан қорғаушы күні мен 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баһадүр бабалардың ерен еңбегін лайықты жалғастырып келе жатқан егемен елдің ерлерімен қатар қыз-келіншектерін де мемлекеттік наградалармен марапаттайды. Биыл да Қазақстан Президентінің қолынан талай адам жоғары марапатқа ие болды.

«Біздің әскеріміз бен құқық қорғау құрылымдарымыз ел қауіпсіздігінің берік қалқаны әрі егемендігіміздің мызғымас кепілі болып саналады. Мемлекет барша қазақстандықтардың бейбіт өмірі мен тыныштығын сақтау жолындағы сіздердің ерліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды», - деп атап өткен еді Мемлекет басшысы.

Қазақта «Елді қорғау - ердің ісі, ерді қолдау - елдің ісі» деген қанатты сөз бар. Ер елін қорғады, ал елі еріне қандай қолдау білдіреді? Әрине, мемлекеттің батырына берер басты марапаты ордендер мен медальдар екендігі сөзсіз. ҚазАқпарат әскери қызметшілер мен арнаулы қызметтердің үздік өкілдеріне қызметтегі жетістіктері үшін берілетін мемлекеттік наградаларды оқырман назарына ұсынады.

«Отан» ордені

Әскери қызметшілер мен арнаулы қызметтердің үздік өкілдеріне берілетін ең жоғары марапаттың бірі - «Отан» ордені 1993 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен белгіленді. «Отан» орденiмен азаматтар мемлекеттiк және қоғамдық қызметтегi; экономиканы, әлеуметтiк саланы, ғылым мен мәдениеттi дамытудағы; мемлекеттiк, құқық қорғау және әскери қызметтегi, демократия мен әлеуметтiк прогрестi дамытудағы айрықша еңбегi үшiн наградталады.

«Отан» ордені белгіден және тағаннан тұрады. Орден белгісі көлемі 45×47 мм болатын ою-өрнекті сопақша түрінде. Ортасында жан-жаққа таралған сәулелердің аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналасқан. Сопақшаның шеткі жағы - лавр гүлтәжімен, төменде «үшқұлақ» түріндегі өсімдік оюмен көмкерілген. Гүлтәж қызыл түсті баумен оралған, бауда «ОТАН» деген жазу бар. Сопақшаның және Елтаңбаның аясына көгілдір түсті мөлдір эмаль жағылған, шығыңқы бедері алтынмен жалатылған. Орден күмістен жасалады. Бұйымдағы барлық бейнелер мен жазулар дөңес, жылтыр. Орден белгісі құлақша мен шығыршық арқылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы түстес қатқыл лентамен тартылған ені 34 мм болатын тағанға бекітіледі. Лентаның ортасымен ені 3 мм қызыл жолақ өтеді, сондай-ақ ені 2 мм екі қызыл жолақ ортадағы жолақтың шетінен 2 мм аралықта орналасқан. Тағанның артқы жағында визорлық ілгегі бар түйреуіш орнатылған, оның көмегімен бұйым киімге тағылады. Орденнің артқы жағында реттік нөмір түсірілген.

«Даңқ» ордені

Келесі мемлекеттік награда «Даңқ»ордені 1993 жылы бекітілген. Бұл орденмен Қарулы Күштердің, басқа да әскерлердің және әскери құрамалардың жоғары офицерлік құрамдағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының қызметкерлері марапатталады. Оларға бұл награда әскерлерге басшылық жасау және оларды басқару ісіндегі табыстары, әскерлердің жоғары жауынгерлік даярлығы және елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз еткені үшін; әскери, шекаралық және ішкі қызметті үздік ұйымдастырғаны, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз еткені, заңдылықты және қоғамдық тәртіпті сақтауды нығайтқаны үшін беріледі.

«Даңқ» ордені екі дәрежеден тұрады. I дәреже орденнің жоғары дәрежесі болып табылады. Наградтау II дәреже және I дәреже ретімен жүргізіледі. Сипаттамасына келер болсақ, І дәрежелі орден  жұлдыздан, аспалы лентаға тағылатын белгіден тұрады. Өрнектелген сегіз бұрышты жұлдыздың жоғары жағына сатылы түрдегі күн сәулесі бейнеленген. Оның 8 үшкілдеу шапағы лағыл тастармен безендірілген. Жұлдыздың ортасында қару мен дөңгелек қалқанның белгісі бар. Қалқанның оң және сол жағын жиектеген аспанкөк жолақты лавр бұтағы көмкеріп тұр. Ал лағыл түсті төменгі жиекшесіне «Даңқ» сөзі жазылған. Қалқанның ортасындағы ақ түсті бөлікке 3 жебелі садақ бедершесі орналасқан. Жұлдыздың диаметрі - 67 мм. Жұлдыздың артқы жағында күрделі құлыпты түйреуіш түріндегі бекіткіші бар. Орден белгісі құлақша мен шығыршық арқылы құлпыра түкті аспалы таспаға біріктірілген. Сары, жасыл және көк жолақтары бар қызыл таспаның ені - 100 мм. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің сипаттамасы да осыған ұқсас. Тек мұнда орденнің белгісі құлақша мен шығыршылық арқылы бесбұрыш пішініндегі тақшаға біріктірілген. Жұлдызша мен орден белгілері күмістен жасалып, алтынмен апталады.  

«Айбын» ордені  

«Айбын» ордені - ҚР Президентінің 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген әскери орден. Орден күмістен жасалады, нысаны жұлдыз негізіндегі сегізқырлы  жұлдыз, жұлдыздардың қарама-қарсы ұштары арасындағы қашықтық - 45 мм. Орденнің ортасында қару белгісі бар қалқан орналасқан. Төменгі жағында шие түсті фонда орденнің атауы көрсетілген.

«Айбын» орденімен Қарулы Күштердің, басқа да әскерлердің және әскери құрамалардың әскери қызметшілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының қызметкерлері марапатталады. Награда жауынгерлік әзірлікте, әскерлерді жоғары жауынгерлік даярлықта ұстауда және жаңа әскери техниканы игеруде, заңдылықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде қол жеткізген табыстары үшін; әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін беріледі.

«Айбын» ордені үш дәрежеден тұрады. I және II дәрежелі ордендермен офицерлердің кіші және аға құрамдарындағы адамдар марапатталады. I дәреже орденнің жоғары дәрежесі болып табылады. Наградтау II дәреже және I дәреже ретімен жүргізіледі. III дәрежелі «Айбын» орденімен сарбаздар, матростар, сержанттар, старшиналар наградталады.

«Ерлiгi үшiн»  

«Ерлiгi үшiн»медалi1993 жылы белгіленген. Медаль аспадан және негізден тұрады. Аспада «Ерлігі үшін» жазуы бар.

Бұл медальмен азаматтарадам өмiрiн сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайларда (суға кету, өртке душар болу, дүлей апаттар кезiнде); қылмысқа қарсы күресте көрсеткен ержүректiгi мен жанқиярлығы үшiн марапаталады.

 

«Жауынгерлік epлiгi үшін»

«Жауынгерлік epлiгi үшін» медалі - 1995 жылы белгіленген. Медальдің диаметрі - 34 мм. Шеңбердің ортасында сегізқырлы жұлдыз орналасқан, жұлдыздың ішінде орналасқан қалқанның ортасында қарудың белгісі бар. Медальдің атауы шеңбер бойынша жазылған, әріптер өлшемі - 3,5х3 мм.

Аталған медальмен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларының әскери қызметшiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдардың, прокуратура органдарының қызметкерлері, ұлттық қауiпсiздiк, iшкi iстер органдарының қызметкерлерi марапатталады. Награда әскери бөлiмнiң, бөлiмшенiң жауынгерлiк мiндеттердi ойдағыдай орындауына жәрдемдесетiн ұрыстағы, сондай-ақ қылмысқа қарсы күрестегi бiлгiр, бастамашыл әрi батыл iс-әрекетi үшiн; мемлекеттiк шекараны қорғау кезiнде көрсеткен ерлiгi үшiн; қызмет өткеру кезiнде сiңiрген қызметi үшiн наградталады.