Халықаралық деңгейде мойындалған бағдарлама
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде халық саны – 20 миллион 547 мың. 2025 жылғы ақпаратқа сәйкес, 17 жасқа дейінгі балалар саны 6,9 миллионнан асады.
Осы ауқымды демографиялық көрсеткіштер балалар саясатын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айқындап отыр. Осыған байланысты Қазақстанда балаларды қорғау мен қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат жаңа кезеңге қадам басты. 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасының қабылдануы халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отыр. БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілінің кеңсесі құжаттың маңызын ерекше атап өтеді.
– Бұл – әрбір баланың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған нақты міндеттеменің дәлелі, – делінген БҰҰ Бас хатшысы арнайы өкілінің кеңсесі таратқан хабарламада.
Халықаралық ұйымдардың оң бағасы мұнымен шектелмейді. Бұған дейін UNICEF-тің Қазақстандағы өкілдігі де бағдарламаны кешенді стратегия ретінде жоғары бағалаған.
Бағдарламаның мазмұны балалар саясатының төрт негізгі бағытын – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және қауіпсіздікті бір жүйеге біріктіреді. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балалар мен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар үшін тең қолжетімділікке басымдық берілген.
Қауіпсіздік – басты басымдық
Балаларды қорғау жүйесін күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі тіректерінің бірі ретінде қалыптасқан. Соңғы жылдары балалар құқығын қорғауға бағытталған 10 негізгі заң қабылданды.
Оқу-ағарту министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, қауіпсіздік бағыты бойынша 10 индикатор мен 158 іс-шара қарастырылған. Оларды іске асыруға жалпы 1,3 триллион теңге бөлінген.
Инфрақұрылымдық және институционалдық шаралар да қатар дамып келеді. Бүгінде елде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілген, ал «111» байланыс орталығы тәулік бойы көмек көрсетеді. Алдағы кезеңде педагог-психолог сағатын енгізу және зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған 40 арнайы кабинет ашу жоспарланған.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкинаның айтуынша, бұл бағыт көпдеңгейлі тәсілді талап етеді.
– Бағыт балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, балалар арасындағы және балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу сияқты маңызды мәселелерді қамтиды. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздікті күшейту де қарастырылған. Өздеріңіз білесіздер, бұл қазір өзекті мәселе, – деді Юлия Овечкина.
Тең мүмкіндік пен инклюзивті орта
Балаларға сапалы білім беруді қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте әлеуметтік қолдау шаралары нақты кепілдіктермен бекітілген.
Бүгінде бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылған, ал 1–11 сынып оқушылары тегін оқулық алады. Сонымен қатар жалпыға бірдей білім беру қоры арқылы әлеуметтік осал отбасылардың балаларына 25 миллиард теңге көлемінде көмек көрсетілген.
Білім беру саласындағы қолдау инклюзивті саясатпен қатар дамып отыр. Өткен жылы елімізде алғаш рет инклюзия жөніндегі дүниежүзілік конгресс өтіп, оған 50-ден астам елдің сарапшылары қатысты.
– Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау жүйесі кеңейіп келеді. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар желісі дамуда, түзету кабинеттері мен аутизм орталықтары ашылып жатыр. Бұған қоса арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін ұйымдардың қызметін лицензиялау тетігі енгізілмек, – делінген Оқу-ағарту министрлігінің жауабында.
Инфрақұрылым да жаңарып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 жаңа мектеп салынған. Ал 677 балабақшаның ашылуы 65 мың бала үшін мектепке дейінгі білімге қолжетімділікті кеңейтті.
3,2 миллион баланы қамтитын жазғы демалыс
Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру назардан тыс қалған жоқ. Биыл 3,2 миллионнан астам бала жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылады.
Осы мақсатта 1 сәуірден бастап балалар лагерьлеріне лицензиялау жүйесі енгізілді. Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау жүйенің мәнін түсіндіріп өтті.
– Балаларды сауна ғимаратына орналастыру, еденге жатқызу, орын тапшылығы, санитарлық талаптардың сақталмауы – мұның бәрі жүйедегі бақылаудың әлсіздігін көрсетті. Мен өзім де лагерьлерді аралап, жағдайымен таныстым. Лицензиялау – бизнесті жабу үшін емес, нарықты тазарту үшін қажет қадам, – деді депутат.
Жаңа талаптарға сәйкес, лагерьлерге лицензия 5 жылға беріледі. Міндетті шарттардың қатарында жеке ғимарат немесе ұзақ мерзімді жалдау, бейнебақылау, медициналық пункт, күзет және білікті педагог мамандардың болуы бар.
Биыл 500 мың осал санаттағы бала мемлекет есебінен демалады, 50 мың бала «Қазақстан халқына» қоры арқылы жолдама алады. Ел бойынша 10 мың мектеп жанындағы лагерь мен 512 шатырлы қалашық жұмыс істейді.
Балалар медицинасын қолдау
Балалар денсаулығын қорғауға бөлінетін қаржы айтарлықтай артқан. Бұл көрсеткіш 264 миллиард теңгеден 575,4 миллиард теңгеге дейін, яғни екі есе өсті. Қаржыландырудың артуы қызмет сапасын жақсартуға тікелей ықпал етіп отыр. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан – Орталық Азияда балаларға туған сәтінен бастап кардиохирургиялық көмек көрсететін жалғыз мемлекет.
– Заманауи технологиялар мен неонаталдық реанимация нәтижесінде дене салмағы төмен туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші төрт есе артты. Биылдан бастап есту қабілеті бұзылған балаларға есту аппараттары жергілікті бюджет есебінен беріледі. Жыл сайын шамамен бес мың бала онкогематологиялық ем алады, – делінген ДСМ ақпаратында.
Жүйені жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Соңғы жылдары елімізде балаларға медициналық көмектің жаңа моделі енгізіліп, емханаларда 366 педиатриялық бөлімше ашылған. Олардың құрамына педиатр кабинеттері, егу кабинеттері, мектеп медицинасы қызметі және ерте араласу орталықтары кіреді. Баланың дамуында ерекшелік анықталған жағдайда, мультидисциплинарлық мамандар тобы кешенді қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының базасында 336 орталық жұмыс істейді. Бір жыл ішінде орталықтарда 72 мыңнан астам балаға кеңес беріліп, нәтижесінде даму ауытқуларын ерте анықтау көрсеткіші 21,5 пайызға артқан.
Дегенмен мамандар профилактикалық тексеру жүйесінде әлі де бірқатар түйткіл бар екенін алға тартады. Көру қабілетінің төмендеуі, омыртқа қисаюы, есту бұзылыстары, миопия мен семіздік – мектеп оқушылары арасында жиі кездесетін негізгі мәселелердің қатарында. Осыған байланысты жауапты ведомство алдағы оқу жылынан бастап профилактикалық тексерулерді цифрландыруды қолға алмақ.
Республикалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының сарапшысы Тұргангүл Бишораеваның айтуынша, өзгеріс кезең-кезеңімен жүзеге асады.
– Ең алдымен профилактикалық тексерулер жекелей форматқа көшіріліп, құпиялық сақталады. Цифрландыру адам факторын азайтып, оқушылардың денсаулығын электронды түрде бақылауға мүмкіндік береді және ауруды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі, – деді сарапшы.
Жаңа жүйе аясында мектептерге цифрлық электрокардиографтар, электронды бой өлшегіштер, отоскоптар және телемедициналық кешендер орнату жоспарланып отыр.
Ұрпақ болашағына инвестиция
Балаларға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктерінің бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан жоба. Оның аясында Қазақстанның әр баласының жинақтаушы шотына қаржы аударылады, ол қаражатты болашақта білімге немесе баспана сатып алуға жұмсауға болады. Биыл әр балаға 130,71 АҚШ долларынан есептелген. Жалпы 3 жыл ішінде 370,56 АҚШ доллары берілген.
– 2026 жылы 6 млн 918 мың адам қатысты, оның ішінде 356 613 адам 18 жасқа толады, – деді Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстыру кезінде.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, аталған бастама ұлттық байлықты ұрпаққа әділ бөлуге бағытталған тетік болып отыр.
– Ол әрбір баланың болашағы үшін қаржылық база құруға бағытталған. Әлеуметтік теңдік қалыптастырады. Ең бастысы, ұлттық байлықты ұрпаққа бөлу механизмімен ерекшеленеді. Бала шотына 18 жасқа дейін кем дегенде 3000 доллар жиналады деп ойлаймын. Ол – баланың қажеттілігін өтеуге үлкен көмек. Сонымен қатар шотта ары қарай да ақша жинай беруге болады, яғни жалпы бағыт дұрыс. Келешекте доллардың бағасы қалай өзгерері белгісіз, бірақ қымбаттаса, жинақ табысы да артады, – дейді экономист.
Осылайша, мемлекет ұсынған балаларға арналған кешенді саясат бір ғана бағытпен шектелмейді. Балаларды қорғау, сапалы білім мен медициналық қызметке тең қолжетімділік беру, қауіпсіз орта қалыптастыру және болашаққа қаржылық негіз жасау – барлығы өзара сабақтас, бір-бірін толықтыратын жүйеге айналып отыр.