Қазақстанда балық шаруашылығы қалай дамып келеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Балық шаруашылығы – әлемнің көптеген елдерінде дамып кеткен салалардң бірі. Ал Қазақстанда енді ғана қарқын ала бастады, атап айтқанда Алматы облысында. ҚазАқпарат тілшісі балық өсіріп оны сатуға мамандандырылған шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысып, аталған саланың елде қалай дамып жатқанын білді.

Алматы облысында балық өсірумен айналысатын бірнеше шаруашылық бар. Солардың бірі – ханбалық (форель) мен бекіре балықтарын өсіруге және сатуға мамандандырылған «King Fish» шаруашылығы.

«Біз балаларымызға қалай күтім жасасақ, балықты да солай күтеміз, өйткені олар ерекше күтімді, қажет етеді. Әсіресе ханбалық. Есік ханбалық шаруашылығында балық өсірудің 4 жолы қамтылған. Оның ішінде жылы және суық суда өсірілетін балықтар бар. Олар тилапия, сом, бекіре, сазан, ханбалық (форель), дөңмаңдай, амур балықтары», - деді балық шаруашылығының директоры Марлен Тұрсынәлі.

Сонымен қатар,ол балық шаруашылығын дамыту мәселесін Президент өз Жолдауында атап өткенін тілге тиек етті. Елімізде балық шаруашылығымен айналысатын кадрлар жетіспейтіні белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін фермер «Балық мектебі» жобасын қолға алған. Яғни балық шаруашылығымен айналысқысы келетіндерді іріктеп, он күн бойы балықты қалай баптау керек екенін тәжірибе жүзінде үйретеді.

«Балық шаруашылығындағы негізгі мәселе кадр жетіспеушілігі. Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да балық шаруашылығы бойынша мамандар оқытылады. Қазір солармен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Университет қабырғасынан ғылыми орталық ашуды қолға алдық. Студенттер балық өсіру ісіне араласып, оны көзбен көрген кезде ғана жақсы нәтиже шығады»,–деді ол.

Марлен Тұрсынәлінің айтуынша, шаруашылық жылына 250 тонна балық өндіреді. Уылыдырықтан бастап тауарлы балыққа дейін толыққанды өнім шығарады. Фермер Алматы қаласын 70%-ға дейін балықпен қамтамасыз етіп отыр.

Сонымен қатар, ол балыққа дұрыс қарамаса, ауырып қалуы мүмкін екенін айтты. Биылдан бастап екпе сала бастады.

«Кіші және үлкен балықтың ауруы әр алуан. Оларда паразитті, бактериалды, инвозия және вирусты аурулар болады. Бұл судың температурасына да байланысты орын алады. Мұндай аурулар болмас үшін ай сайын балық тұратын бассейндерге дезинфекция жасап, тазартып отырамыз. Сондай-ақ, балықтарды нарыққа сатуға шығармас бұрын арнайы зерттеу жүргізіп, оларды жеуге болатын-болмайтынын анықтайтын қорытынды жасаймыз» ,-дейді ол.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, еліміздегі балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 66 мың тоннаны құрайды.Оның ішінде балық аулау – 45 мың тонна, балық өсіру –7,4 мың тонна. Сондай-ақ, 30 мың тонна балық экспортталған.

Сонымен қатар, Қазақстанның балық өсіру потенциалы әлдеқайда жоғары. Сарапшылардың пікірі бойынша елімізде 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болады. Мәселен, елімізде 40 мыңнан астам су айдыны бар болса, соның 3 мыңы балық шаруашылығына арналған. Оған қоса 300 су қоймасы бар. Осы су айдындарында балықтың потенциалы баршылық. Яғни, экспорт көлемін 10 есеге арттыруға болады. Бұл кем дегенде 100 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.