Алдағы он-он бес жылда Қазақстанның бас қаласы - Астана адам танымастай өзгереді, деп хабарлайды « Айқын » басылымы. Елорданы түрлендіріп, жаңа көркем бейнесін түзетін жобалармен кеше Қазақстан Көшбасшысы жан-жақты танысты.
"Осы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Астана қаласының Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтына келген болатын. Институттың жауапты тұлғалары Мемлекет басшысының назарына Астананың 2030 жылға дейінгі дамуының Бас жоспарына енгізілгелі отырған түзетулерді және елордалық агломерацияны қалыптастыру жобасын ұсынды, сондай-ақ бас қаланың жаңа көлік жүйесін құру барысы жайында баяндады. 2030 жылға дейінгі Бас жоспарға «ЭКСПО - 2017» көрмесін өткізуге байланысты түзетулер енгізу қажет болған екен. «Астана Бас жоспардың» бас сәулетшісі Бақтыбай Тайталиевтің түсіндіруінше, бұл ретте тек жақсарту мен өзектілендіру жүргізілгелі тұр. Ал негізгі көрсеткіштер өзгеріссіз қалады: елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 1 миллион 220 мың адамға жетеді деп күтілуде. Қала аумағы көп кеңейтілмейді: он бес жылдан кейін 71 мың гектар көлемінде қалады", - делiнедi « Астана адам танымастай өзгередi » атты мақалада.
Астанаға қосылуға ұмтылған «Қосшы», «Талапкер» секілді қала маңындағы кенттер 2030 жылы да елорда аумағына кірмейді деп жоспарлануда. Бірақ олар «Астаналық агломерация» жобасына енбек. Ол жалпы қарасы 111 кентті қамтиды деп тұспалдануда. Бұл елді мекендердің әрқайсысы белгілі бір салаға маманданып, бас қалаға қызмет көрсетеді.
«ЭКСПО - 2017» жаһандық көрмесіне 5 миллиондай турист келеді деп болжануда. Бұл ретте астаналықтар мен қаптаған қонақтардың азық-түлікке және демалысқа деген қажеттіліктерін өтеу осы агломерацияға жүктелмек. Тиісінше, қала маңы кенттерінде демалыс үйлері, ат спорты базалары, шаңғы базалары, заманауи жабдықталған жағажайлар және басқа да ойын-сауық, демалыс орындары бой көтерулері тиіс.
Сондай-ақ "Айқын" басылымының бүгiнгi санында "Қазақстанда банкрот болар банк жоқ!" атты мақала жарияланды.
"Санкциялардан әуре-сарсаңға түсіп жатқан көрші Ресейде өткен айдың өзінде онға жуық банк банкрот болып, жабылып қалды. Ал Қазақстанда «лицензиясын кері қайтарып алу» қаупі төніп тұрған банк жоқ па? «Жоқ!» деп сеніммен мәлімдеді кеше, Сенатта Ұлттық банк төрағасының орынбасары Қ.Қожахметов", - делiнген аталмыш материалда.
«Қазақстанда жабылу алдында тұрған бірде-бір банк жоқ. Бұған дейін «Альянс банк», «БТА» және «Темір банк» осыған ұқсас жағдайға душар болған еді. Оларды мемлекет құтқарып қалды. Қазір аталған банктер жеке инвесторларға сатылды» деді ол. Ұлттық банк басшылығының өкілі тағы бір қызықты дерек келтірді: тәуелсіздік жылдарында екі жүзге жуық қаржылық құрылым дәрменсіздікке душар болып, есігіне қара құлып салыпты: «90-жылдардың басында республикада 223 банктің қызметіне лицензия болған! Қазір елімізде тек 38 банк қана бар. Осыдан-ақ қанша банктің қызметін тоқтатқандығын бағамдай беріңіз!» деді журналистерге берген сұхбатында Қ.Қожахметов. Нәтижесінде, отандық нарықта негізінен, қуатты, бәсекеге қабілетті қаржылық құрылымдар ғана қалған көрінеді.
Қарағандылық кәсіпкер Дидар Тоғызбаев қодас өсіруді қолға алды, деп жазады "Егемен Қазақстан".
"Арқа өңірі үшін таңсық саналатын жануарларды біздің табиғатымызға бейімдеп, жерсіндіріп көруге бел байлаған. Биыл көктемде ол сонау Хакасияға екі рет барып, 140 бас тибет «сиырын» сатып әкеледі де, оларды Қарқаралы ауданының Нұрмақов атындағы ауылдық округіне жеткізеді. Дидар бұл жануарлар өңір табиғатына тез үйреніп, жұмсалған қаражатты молынан ақтайды деп сенеді. Кәсіпкер жігіт қодастың жүнін қырқып, ал етінен шұжық, консерві өндірісін жолға қоюды көздеп отырған жайы бар. Табынның қожайыны Дидар Тоғызбаев бұған дейін өзімізге үйреншікті мал шаруашылығымен айналысып келген екен. Енді ол қодас өсірумен шұғылдануға тәуекел етіп отыр", - делiнген "Қарқаралыдағы қодастар" атты материалда.
"Осы Қарқаралы ауданындағы жайылымдар аса ауқымды. Бізге керегі сол. Осы жақта қыс айларында қасқыр аулап, жергілікті табиғатты, бұл жерге тән ауа райы құбылыстарын жылдар бойы бажайлап көргенбіз. Қазір қодастарымыз жайылып жүрген жер таулардың тасасында, ықтасын жерде орналасқан. Бұл жердің қысы жайлы. Ал мына қодастар бұған дейін табиғаты қатал, таулы, оты мардымсыз жерлерде тіршілік етіп келген. Бұл жақта олар үшін керек жағдайдың бәрі бар. Оның үстіне, оларға аса шығындала да қоймаймыз. Негізгі пайдасы да сонда. Өзіміздің үйреншікті ірі қараларымызды алайық. Оларға жемшөп әзірлеу оңай шаруа емес. Қодастар болса, қар астында қалған шөпті өздері-ақ аршып жейді. Мойындары жуан жануарлар қарды басымен аршып дағдыланған. Тағы бір жақсы ерекшелігі, қодастар тек табынымен жүріп жайылады, ешқашан саяқ кетпейді. Белгілі бір жердің жайылымын оттап болған соң, үйірімен көшіп басқа жерге барып жайылады. Оның үстіне, бұлар жыртқыш аңдардан тайсалмайды. Табынымен жүрген қодастарға шабуға қасқырлардың батылы жете қоймайды. Яғни, бақташыларымызға оларды бағу аса қиын емес. Біз бұл жануарларды таңсық болғаны үшін емес, айтарлықтай пайда түсіруге болады деген үмітпен әкеліп отырмыз. Егер үмітіміз ақталып жатса, олардың санын бес жүз басқа дейін жеткізсек пе дейміз. Көбейткенде де, табиғи өсімін күтіп отырмаймыз, тиімділігі расталып жатса, инвестиция салып, тағы да бірталай қодасты сатып әкелу жоспарда бар", - дейдi кәсiпкер газетке берген сұхбатында.
"Түркiстан" басылымы болса, билiктiң заңсыз таксилерге қарсы басталған науқанға қатысты "Заңсыз таксилерді қудалау маусымы кімнің жеңісімен аяқталатыны белгісіз" деген тақырыппен мақала жариялады.
"Әуежайдағы халықтың қыр соңынан қалмайтын заңсыз такси жүргізушілері енді әкімшілік жазаға тартылады. Қызметін заң жүзінде рәсімдемей табыс тауып жүрген жүргізушілерге жолаушы тасымалдауға бұрыннан-ақ рұқсат жоқ. Алайда мұндай тыйымға назар аударып жатқан такси жүргізушілерін байқай қоймадық. Сол себепті Алматы қаласы әкімдігі заңсыз такси қызметін түпкілікті тоқтатып, көнбегендерге 30 мың теңге мөлшерінде айыппұл салуға міндеттемек", - дейдi "Түркiстан.
Такси жүргізушілерінің қызметін заңдастырып, мемлекет қазынасына тиісті салық төлеп тұру мәселесі жыл сайын көтеріліп келеді. Аталмыш мәселе биылғы жылдың басында да талқыға түскен. Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап такси жүргізушілерінің барлығы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, табысының белгіленген мөлшерін мемлекетке салық ретінде төлеуге міндеттелген. Ал олардың салықтан жалтармауын салықшылар қатаң қадағалауы тиіс.
"Әрине, мұндай жаңалық заңсыз түрде жолаушы тасымалдау арқылы нәпақасын тауып жүрген жүргізушілерге ұнай қоймайтыны бесенеден белгілі. Өз кезегінде такси жүргізушілері «Біз мемлекетке салық төлеу үшін әуелі біздің жағдайымызды жасау керек» деген талаптарын да айтты. Құзырлы органдар бұл мәселені қолға алғандарымен, жүргізушілерге өз талаптарын орындата алмаған тәрізді. Өйткені мемлекетке еш салық төлеместен жолаушы тасымалдап жүрген такси жүргізушілері әлі де азайған жоқ. Алматы қаласы әкімінің жаз басталысымен заңсыз такси қызметіне тосқауыл қою туралы пәрмен беруі де сондықтан", - делiнген мақалада.
Атырау колледждерiнiң бiрiнде бiлiм алатын оқушы қыз радикалды дiни ағымның құрамына кiру мақсатында Сирияға аттанбақ болған, деп хабарлайды ресми тiлде жарияланатын "Экспресс К" басылымы. Газеттiң жазуынша, бойжеткендi мұндай қате қадамнан теолог мамандар аман сақтап қалды.
"Бұл оқиға туралы "Шапағат" қоғамдық қорының директоры Қанат Жұмағұл айтып бердi. Оның сөзiне қарағанда, ақпараттық-насихаттық топ оқу орындарына барып, мектеп және колледж оқушыларымен тiлдескен. Колледжде оқитын қыздардың бiрi интернет арқылы Оңтүстiк Қазақстан облысында тұратын жас жiгiттердiң бiрiмен танысқан. Ол сол жiгiтпен хат алмасып тұрады және онымен бiрге Сирияға баруды жоспарлауда. "Шапағат" теологтары мұндай қате шешiмнен бас тартуға үлкен күш салды. Оның үстiне дiнтанушылар студентке Ислам дiнiндегi көптеген ағымдар арасындағы айырмашылықты түсiндiре алды", - делiнген "Это не твоя война" атты мақалада.