«Осы орайда 2014 жылы инфляция 6-8 пайыз дәлізінде болады деп жоспарлаудамыз», - деді Ұлттық банк басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, валюта бағамына енгізілген түзетулер ел экономикасына оң серпін берді. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ағымдағы есепшоттың оңтайлы сальдосына қол жеткізілді. Оның көлемі 5,5 млрд. долларды құрады. «Мысалы, бізде өткен жылы ағымдағы шоттың төлем балансының теріс сальдосы қалыптасқан еді. Оның деңгейі минус 118 млн. доллар көлемінде болды. Яғни, осы орайда жүргізілген валюталық түзетулерге экономиканың оңтайлы қарқыны айқын байқалуда», - деді ол.
Сонымен қатар Қ. Келімбетов Ұлттық қор активі мен Ұлттық банк резервінің жиынтық көлемі алғаш рет 101 млрд. доллардан асқанын атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық қорының жиынтық көлемі жақында арада жүз миллиард доллардан асуын мақсат етіп қойған еді. Бүгінде оның деңгейі 101,9 млрд. долларды құрады. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы макроэкономикалық тұрақтылықтың айқын белгісін аңғартады. Осы орайда Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 28 млрд. доллардан асып түсті. Белгілі болғандай, Ұлттық қордың активтері 73 млрд. доллардан асты.
Айтпақшы, Қайрат Келімбетовтің атап өтуінше, ҚР Ұлттық банкі 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін нашар активтер мен жұмыс істемейтін несиелердің проблемасын шешуді жоспарлап отыр. Бұл тұрғыда Ұлттық банк Үкіметпен және өз банктерімен бірлесе отырып Салық кодексінің өзгерістері бойынша тұтас шаралар әзірледі. «Сонымен қатар жақында біз Проблемалы несиелер қорын басқару бойынша тұжырымдама жобасын даярладық. Ұлттық банк 2 жыл бұрын құрған бұл арнайы ұйым қызметінің тиімділігін арттыру аясында арнайы құжат қабылданатын болады», - деп нақтылады Ұлттық банк басшысы.
Бұған қоса, 2018 жылы банктердің капиталдануына қойылатын талаптар жоғарылайтыны белгілі болды.
Соңғы қаржы дағдарысынан кейін әлемдік монетарлық билік банктік жүйенің тәуекелдері мен тұрақтылығына қатысты қадамдарды қайта қарастырды. Оның ішінде банктік қадағалау бойынша Базель комитеті орталық ұйымы «Базель-3» атауымен кешенді шаралардың топтамасын ұсынды. Бұнда капиталға, ликвидтікке, контрциклділік жағдайында банктер жұмысы мәселесі тұрғысында белгілі бір өзгертулер мен талаптар қарастырылған. Келімбетовтің сөзіне қарағанда, Қазақстанда 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер «Базель-3» талаптарына көшуді бастайды.
Алғашқы үш жылда банктер үшін талаптар өзгермейді, алайда 2018-2019 жылдардан бастап жоғары талаптар жасалады. Жоспар бойынша 2019 жылғы 1 қаңтарға қарай банктер осы үдеріске дайын болатынына және Қазақстанда «Базель-3» енгізілетініне толық негіз бар.
Сонымен қатар осы тектес талаптар сақтандыру ұйымдарына да қатысты болмақ. «Жалпы банктерді капиталдандыруға талаптар арта түседі. Оның ішінде жеке капиталды капиталдандыруға да талаптарды арттыруға мән беріледі», - деді ол.
Тілшілер сауалына жауап беру кезінде Ұлттық банк басшысы Ресейге қатысты санкциялар режімінің күшеюіне байланысты алаңдаушылық білдірді
«Алаңдататын мәселе біздің ірі сауда серіктесіміз Ресейге қатысты санкциялар режімінің күшеюі мүмкіндігіне байланысты. Қазақстанға импорттың 36 пайызын ресейлік өнім құрайтынын, ал қазақстандық экспорттың 7 пайызы Ресей нарығына бағытталғанын өздеріңіз білесіздер», - деді Қ. Келімбетов.
Оның сөзіне қарағанда, Ресейден капиталдың едәуір жылыстауынан биылғы жылы бұл елде нөлдік экономикалық өсім болжануда.
«Біз үшін бұл жақсы жаңалық емес. Себебі біздің экономикалар өзара тығыз байланысқан», - деп тоқталған Қ. Келімбетов осы орайда бүгінде елімізде экономикалық өсім мен инфляция тұрғысындағы мәселелерге ерекше мән беріліп отырғандығын атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстан Ресейге салынуы мүмкін экономикалық санкциялардың түрлі сценарийлеріне дайын екенін өткен айда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім еткен болатын.
«Дегенмен, біз кез келген жағдайға, түрлі сценарийлерге дайынбыз. Үкіметте біз бос отырған жоқпыз, біз де шын мәнінде экономикалық санкциялар қабылданатын болса, одан шығудың түрлі жолдарын жасап жатырмыз», - деп түйді ойын Б.Сағынтаев.