Қазақстанда базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін жылжымайтын мүлік нарығы қалай өзгереді

АСТАНА.KAZINFORM – Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендетіп, 16,75%-ға дейін азайту туралы шешім қабылдады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Ведомство мәліметінше, елдегі жылдық инфляция қатарынан тоғызыншы ай төмендеп келеді. Маусым айында инфляция деңгейі 10,3%-ды құрады. Бұл мамырдағы 10,4%-дан төмен.

Бұл шешімнің жылжымайтын мүлік нарығына, ипотекаға және инвестицияларға қалай әсер ететіні туралы Kazinform агенттігінің тілшісіне жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы Виталий Шалаев айтып берді.

Сарапшының айтуынша, базалық мөлшерлеме 17-18% деңгейінде болған кезде ақша қымбат болды. Өйткені, депозиттер жоғары табыс әкелді, облигациялар тартымды болды, ал бизнеске арналған несиелердің құны жоғары деңгейде қалды. Соның салдарынан көптеген инвесторлар қаражатын депозиттерде және консервативті қаржы құралдарында сақтауды жөн көрді, ал жылжымайтын мүлікке сұраныс шектеулі болды.

– Мөлшерлеменің 16,75%-ға дейін төмендеуі әзірге жағдайды түбегейлі өзгертпейді. Бірақ бұл экономикадағы ақша құнының біртіндеп төмендей бастағанының алғашқы белгісі, – деді Виталий Шалаев.

Фото В.Шалаевтың жеке архивінен

Оның пікірінше, Ұлттық банктің бұл шешімі бизнес үшін оң белгі болып табылады. Егер базалық мөлшерлемені төмендету циклі жалғасатын болса, несиелер біртіндеп арзандайды, банктер экономиканы белсендірек несиелей бастайды, ал инвестициялық белсенділік қайта жанданады.

Сонымен қатар сарапшы қазіргі базалық мөлшерлеменің әлі де жоғары екенін атап өтті. Сондықтан қолжетімді несиелер туралы айтуға әлі ерте.

Жылжымайтын мүлік нарығына тоқталған Виталий Шалаев алдағы алты айда айтарлықтай өзгерістер болмайды деп есептейді. Ипотекалық несиелер әлі де қымбат болып қала береді, сондықтан тұрғын үйге сұраныс пен бағаның күрт өсуі күтілмейді. Дегенмен нарықтағы өтімділік аздап жақсаруы мүмкін.

Сарапшының айтуынша, егер алдағы 6-12 ай ішінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуді жалғастырса, ипотека қолжетімді бола бастайды, сатып алушылар саны біртіндеп артады, ал бастапқы тұрғын үй нарығы тоқырау кезеңінен шыға алады. Дәл сол кезде инвесторлардың тұрғын үйге деген қызығушылығы айтарлықтай күшеюі мүмкін.

Шалаев бұған дейін базалық мөлшерлеме 17-18% болған кезде инвесторларға қаражаттарын депозиттерге және табысы жоғары басқа да қаржы құралдарына орналастыруды ұсынғанын айтты. Алайда қазір жағдай біртіндеп өзгеріп келеді.

– Егер мөлшерлемені төмендету жалғаса берсе, инвесторлар табысы жоғары активтерді іздей бастайды. Олардың қатарында сапалы жылжымайтын мүлік нысандары, тікелей инвестициялар қорлары немесе депозиттерге қарағанда жоғары кіріс әкелетін басқа да нақты активтер болуы мүмкін, – деп түсіндірді ол.

Сонымен бірге сарапшы базалық мөлшерлеменің қазіргі төмендеуі автоматты түрде жаңа құрылыс немесе инвестициялық серпіліске әкеледі деп есептемейді.

Оның айтуынша, нарыққа әлі де бірқатар факторлар кері әсерін тигізіп отыр. Атап айтқанда, несиелердің жоғары құны, халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі, тұрғын үй ұсынысының мол болуы және инфляцияның сақталуы. Бұдан бөлек, көптеген отбасылар үшін бастапқы жарнаны жинауға да уақыт қажет.

– Бүгінде өзгеріп жатқан нәрсе жылжымайтын мүлік нарығының өзі емес, инвестициялық шешім қабылдау логикасы. Егер мөлшерлемелердің төмендеуі жалғасып, экономика тұрақтылығын сақтайтын болса, онда 2026-2027 жылдары капитал біртіндеп депозиттер мен облигациялардан табыстылығы жоғары активтерге ауыса бастайды. Дәл сол кезде жылжымайтын мүлікке деген қызығушылық қайта артып, баламалы инвестициялардың тартымдылығы күшейеді, – деп қорытындылады Виталий Шалаев.

Бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде белгілегенін жазғанбыз.