Отырысқа өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары басшылары, ұлттық орталықтар мен институттардың директорлары, медициналық жоғары оқу орындарының ректорлары, халықаралық ұйымдардың өкілдері және т.б. қатысты.
2013 жылдың І тоқсанының қорытындылары халықтың денсаулық жағдайының негізгі көрсеткіштері жақсарғанын көрсетті. Республика бойынша биылғы 1 маусымындағы жағдай бойынша болжанған өмір сүру ұзақтығы 69,61 жасты құрады. Ана өлім-жітімі көрсеткіші 2010 жылмен салыстырғанда 56% төмендеді. Осы мерзім ішінде нәрестелер өлім-жітімі 31% азайды. 2013 жылдың І тоқсанында туберкулезге шалдығушылық 9,5%, ал осы дерттен болатын өлім-жітім көрсеткіші 21% төмендеді.
Халыққа, әсіресе алыс өңірлерде тұратын ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен 2010 жылдан бері Қазақстанда көліктік медицинаны дамыту шаралары атқарылуда. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 49 жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) жұмыс істеуде. 2013 жылдың І жарты жылдығында ЖМК көмегімен 285 мыңнан астам адам медициналық тексеруден өтіп, 190 мыңдай диагностикалық және 175 мыңнан аса зертханалық зерттеулер жүргізілді. Бейінді мамандар 250 мыңдай кеңес берді. «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары ағымдағы жылы республика бойынша 163 стансада болып, 40 мыңдай тұрғынды тексерді. Жол-көлік апаттары кезінде уақытылы медициналық көмек көрсету мақсатында 2012 жылдан бері 12 трассалық дәрігерлік-құтқару тіректері жұмыс істеп келеді. 2013 жылы 14 және 2014 жылы тағы 14 дәрігерлік-құтқару тіректерін ашу жоспарланған. Жедел жәрдем қызметі 2013 жылдың 5 айы ішінде 3 млн-нан аса шақыртуларға барды. Республикалық санитарлық авиация орталығы өңірлерге 500-ден астам ұшырылым жасады.
2012-2016 жылдарға арналған Онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасы шеңберінде науқастарды дәріден бастап барлық деңгейде тегін еммен қамтамасыз етуді қарастыратын ғаламдық бюджет қағидасы бойынша қаржыландыру қарастырылған. Жалпы, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде онкологиялық қызмет бюджеті 2013 жылы 2011 жылмен салыстырғанда 2 есеге, оның ішінде дәрімен қамтамасыз ету 2 есеге артты.
16 кардиохирургиялық орталық базасында республика тұрғындарына кардиохирургиялық көмек көрсетілуде. Озық технологиялар енгізіліп, жүрекке жасалатын операциялар саны 20 пайызға артты. Жіті инсульт дертіне шалдыққандарды емдеуге арналған 20 инсульттік орталық жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 28 инсульттік орталық ашылатын болады.
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДСЖ) шеңберінде 2013 жылдың І жартыжылдығында 400 мыңдай адам стационарды еркін таңдау құқығын пайдаланды, олардың 45,4 пайызы - ауыл тұрғындары. Республикалық клиникаларда 25 мыңдай адам жоғары мамандандырылған көмек алды, олардың 34 пайызы - ауыл тұрғындары.
Мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарға теңдей жағдай жасалуының нәтижесінде мемлекеттік емес медициналық қызмет жеткізушілер саны 24% жетті. Бүгінгі таңда еліміз бойынша стационарлық қызмет көрсетуге бірегей тарифтер бекітілген. «Ақша науқаспен бірге жүреді» қағидасы іске асырылып, 2013 жылғы І жартыжылдықта өзге қалалардан келген науқастар үшін 12 млрд. теңге төленді.
Менеджерлерді даярлау жұмыстары жалғасуда. Менеджмент орталығы базасында 2013 жылы 1000 менеджерді оқыту жоспарланған.
Халықты дәрімен қамтамасыз ету сапасын арттыру үшін формулярлық жүйе жетілдірілуде. Әлеуметтік аз қорғалған топтарды (зейнеткерлер, мүгедектер және т.б.) қолдау үшін 50% жеңілдікпен ұсынылған дәрілер 2012 жылдан бастап тегін беріле бастады. 2013 жылдың қаңтар айынан бастап республиканың барлық өңірлерінде автоматтандырылған дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі енгізілді. Ол тікелей уақыт тәртібінде дәрігерлердің рецепті жазуы мен дәріханалардың оларды беруін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындары үшін дәрілік көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін дәріханалық ұйымдары жоқ 3 мыңнан астам елді мекенде АМСК нысандары арқылы дәрілерді беру ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Самұрық-Қазына Фармация» кәсіпорны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына берілді. Дәрілік құралдарды сатып алу және жеткізу барысын Министрлік қатаң бақылауға алды. Үш жылдық бюджет шеңберінде дәрі-дәрмекті сатып алуды қамтамасыз ету жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізіліп, медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейде дәріге қажететтілікті есептеудің бірегей әдісі пысықталуда.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде амбулаториялық деңгейде дәрімен қамтамасыз ету үшін сатып алу Ережелері өзгертіліп, жыл басынан бері дәрімен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ал стационарларда дәрілік құралдардың екі айлық қоры жасақталды. Дәрілік ақпараттық-сараптамалық орталық (ДАСО) халықты және денсаулық сақтау саласы мамандарын дәрілер туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуде. ДАСО базасында бірегей телефон желісі (8800080 88 87) жұмыс істейді, биылғы 5 айдың ішінде оған 11,5 мың қоңырау келіп түскен.
Көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында 2013 жылдың қаңтарынан бері республикада көрсетілген медициналық қызметтің олқылықтарын есептейтін автоматтандырылған жүйе енгізілуде. Сапаға қатысты халықаралық талаптарды ескере отырып, медициналық ұйымдарды аккредиттеу стандарттары жаңартылды. Бүгінгі таңда түрлі медициналық мамандықтар бойынша 1000 астам сарапшы бар.
Қазіргі кезде еліміз бойынша 219 мың медициналық қызметкер бар, олардың 153 мыңы - мейіргерлер. Дәрігерлердің 18% және орта медицина мамандарының 30% ауылдық жерлерде еңбек етуде. Биылғы түлектерді бөлу бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Басты міндеті салаға қажетті мамандарды жоспарлап, болжау боп табылатын Денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарының Обсерваториясы құрылды. 2012 жылы Кадрлық ресурстарды дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Медициналық ЖОО, колледж түлектері мен жұмыс істейтін мамандардың білімдері мен біліктіліктерін бағалайтын республикалық орталық ашылды. 2020 жылға дейінгі кезеңде медициналық ғылымды дамыту тұжырымдамасы әзірленді.
Салалық ғылым жүйесінде атқарылып жатқан іс-шаралар халық денсаулығының сақталуын және жақсаруын қамтамасыз ететін отандық денсаулық сақтау саласын озық медициналық технологиялармен және инновациалық өнімдермен қамтамасыз етуге, отандық денсаулық сақтау ұйымдарының ғылыми және инновациалық әлеуетін артыруға тиіс.
Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуының бірінші кезеңінің (2013 жыл) қорытындысы бойынша Мемлекеттік бағдарламаның іс-шараларын орындау тиімділігі бағаланып Мемлекет басшысына ұсынылады.