Қазақстанда бизнестің 50 пайызы әйелдердің иелігінде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бизнестің 50 пайызы әйелдердің иелігінде. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын іске асырудың алдын ала қорытындыларына арналған халықаралық конференция барысында еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова айтты.

«Әйелдердің экономикалық мүмкіншіліктері кеңейе түсуде. Ұлттық комисия мен мемлекеттік өкілетті органдардың бірлескен күш-жігерінің арқасында республикада әйел кәсіпкерлігі секторы қарқынды қалыптасты. 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы жүзеге асырылғанға дейін бизнестегі әйелдердің үлесі 38 пайыз болса, бүгінде 50 пайызға жетті», - деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, 2006 жылы әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 9,2 пайыз болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 5,6 пайызға дейін төмендеді. Әйелдердің ерлерге қатысты жалақысы да 2006 жылғы 62 пайыздан өткен жылы 67 пайызға дейін көбейді.

«Бүгінгі күні әйелдер бизнесінің өрістеуіне «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020», «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламалары, сонымен қатар халықаралық институттар мен «Даму» қорының түрлі бағдарламалары өз септігін тигізуде», - деді ол.