Бұл бүгінгі күннің талабы десек те болады. Айта кетерлігі, аталған тіркеуден өту қарапайым азаматтар үшін міндетті емес. Ал жұмыс іздеп Қазақстанға ағылған шетелдіктердің саусақ таңбасын алу міндетті болмақ. Бұл жайында бүгін елордада өткен дөңгелек үстел отырысында «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» ҚР Заңының жобасын таныстырған Ішкі істер вице-министрі Ерлік Кененбаев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, ағымдағы жылдың ішінде ғана қолға алынып отырған дактилоскопиялық және геномдық тіркеу мәселесі адамдардың тұлғасын біріздендіру деңгейін жаңа деңгейге көтереді. Ал ол өз кезегінде азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғауға қатысты бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуден өту табиғи апаттар, лаңкестік актілер, авиациялық және жол-көлік оқиғалары сынды төтенше жағдайдар кезінде қаза тапқан адамдардың аты-жөндерін анықтауға мүмкіндік береді. «Мәселен, қазіргі уақытта зорлық-зомбылық белгілері жоқ 3542 мүрде танылмай отыр. Жедел іздестіру нәтижелерінде аты-жөні анықталмаған мүрделердің санын жылына орта есеппен не бәрі 10 пайызға ғана төмендетуге қол жеткізіледі. Дегенмен, бұл мүлдем мардымсыз көрсеткіш. Айталық, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аты-жөндері анықталмаған мәйіттердің саны шамамен 4 мыңға жуықтады», - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, із-түссіз жоғалған азаматтарды іздестіру мәселесі де көңіл көншітерлік емес. Нақты айтқанда, елімізде жыл сайын 3,5 мыңнан 4 мыңға дейін адам, оның басым бөлігі кәмелеттік жасқа толмағандар жоғалып кетеді. Ал оларды дактилоскопиялық және геномдық тіркеусіз танылмаған мүрделер немесе денсаулығына байланысты ақыл-есінің ауытқулары бар адамдардың арасынан іздеп табу мүмкін емес. Сондықтан да азаматтардың бірқатар санаттарын, оның ішінде Қазақстан аумағына бассауғалап, не болмаса жұмыс іздеп келген шетелдік азаматтардан саусақ таңбасын алу қажеттігі туындап отыр. Айта кетерлігі, шетелдіктерден, босқындардан саусақ таңбасын алу әлемнің көптеген елдерінде бар. Тіпті, БҰҰ-ның 1951 жылы қабылданған «Босқындар мәртебесі туралы» конвенциясында да саусақ таңбасын алуға жол беріледі.
Жалпы, қазіргі таңда Қазақстанда азаматтардың биометриялық мәліметтерін жинау, өңдеу және сақтаудың заңнамалық базасы да жоқ. Дегенмен, арнайы мекемелерде қамауда отырған сотталғандарды, айыпталушыларды және күдіктілерді ғана есепке алу көзделген ведомстволық дактилоскопиялық база бар. «Бұл есепке алуды біз қазіргі таңда жүргізіп, пайдаланудамыз. Ол үшін заңнамалық база құрылған. Біздің ведомстволық базаның көмегімен 2012 жылы 23 мың қылмысты ашып, дәлел ала алдық. Ал ағымдағы жылы 20 мың факті бойынша көмекке жүгіндік. Алайда, бұл жасалатын қылмыстардың жалпы санының шамамен 8,5-10 пайызы ғана», - деді Е.Кененбаев.
Айта кетерлігі, геномдық ақпаратты заңнамалық негізде пайдалану, оның ішінде сәйкесінше есепке алу Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Аргентина және басқа да елдердің құқық қорғау органдарымен жүзеге асырылуда. Бұған қоса тіркеу формасы жетілдіріле түсуде. Ал оны ешкім де азаматтардың құқын бұзу деп бағалаған емес. 2009 жылдан бастап әлемнің 118 елінде азаматтарды биометриялық тіркеу бойынша ұлттық жобалар енгізілуде.
Мұны осындай жайттар ескеріліп әзірленген заң жобасында тіркеудің 2 түрі қарастырылған. Біріншісі ерікті негізде, яғни жасына қарамастан кез келген азамат өзінің қалауымен дактилоскопиялық және геномдық тіркеуге тұра алады. Ал екінші түрі - міндетті. Осы ретте министрлік өмірі мен денсаулығын жоғалту тәуекелі жоғары жұмыстарды істейтін тұлғалардың 26 санатын міндетті дактилоскопиялық тіркеуге алуды көздеп отыр. Олардың қатарында, әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметшілері, инкассаторлар, күзетшілер, сот жасауылдары мен орындаушылар, қорықшылар, куәгерлер, әуе және су көлігі экипаждары, қауіпті өндіріс орындарында жұмыс істейтін адамдар және шетелдік азаматтар бар. «Заңды сыйлайтын азаматтарға еш қорқыныш жоқ»,- деді вице-министр.