Осындай жағдай жыл сайын күзгі жиын-терімнің уақытында қайталанатыны белгілі. Бірақ бұл мәселеге жауапты Энергетика министрлігі дизельдік отынды өндіру мен тұтынуға қатысты ешқандай қиыншылықтың жоқтығын хабарлады. Құзыретті мемлекеттік орган аталған өнімді жеткізу мен тұтынуды қатаң қадағалап отыр. Айтарлығы, министрлік облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерімен алдын-ала келісілген мұнай өнімдерін аймақтарға жеткізу жоспарын алдын-ала бекітеді. Жоспар бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге (әсіресе, көктемде және күзде), «Локомотив» АҚ-на («Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қозғалмалы құрамы) және әкімдіктерге (бұл алдыңғы екеуінен қалғаны) басымдық беріледі. Әкімдіктер бағаны мемлекеттік реттеу бекітілген мұнай өнімдерін тұтыну болжамын өздері жасайды. Алайда облыс және қалалар әкімдіктерінен түскен өтінімдерді толық қанағаттандыруға отандық мұнай өңдеу зауыттарының мүмкіндігі жоқ. Бұған қоса әкімдіктер көбінесе өз өтінімдерінде қажеттіліктен бірнеше есеге асып түсетін болжамды көрсетеді.
Енді дизель отынын тұтыну көлемін облыстарға бөліп қарастырайық. 2015 жылғы көрсеткіш бойынша, ең көп тұтынғандар үштігіне: Ақмола (127 600), Қостанай (117 514), Солтүстік Қазақстан (114 203) облыстары кірген. Ең аз тұтынғандар үштігін: Жамбыл (18 516), Батыс Қазақстан (13 312) және Ақтөбе (7 300) облыстары тәмамдайды. Атырау және Маңғыстау облыстарының, Астана мен Алматы қалаларының көрсеткіші - 0. Энергетика министрлігі ұсынған 2011-2016 жылдар аралығындағы дизельдік отынды тұтынуға қатысты ресми анықтамалық ақпаратқа үңілсек, көптеген жайтқа қанығамыз. Мысалы, 2011 жылы өндіру көлемі 4,1 млн. тоннаны құраса, 2016 жылғы жоспардағы көрсеткіш - 4,0 млн. тонна. Өндіру көрсеткіші 2012 және 2013 жылдары - 4,2; 2014 жылы - 4,3 млн. тоннаға ұлғайған. Анықтамалық ақпаратта дизельдік отынды тұтыну көлемі соңғы 5 жылда айтарлықтай өзгермегені байқалады. Өнімді орташа жылдық тұтыну көлемі шамамен 4,6 млн. тоннаны құрайды. Соңғы екі жылды салыстырсақ, мысалы 2015 жылы тұтыну көлемі - 4,4 млн. тоннаны құраса, ал 2016 жылғы жоспардағы көрсеткіш - 4,6 млн. тонна. Ендеше неге еліміз дизельдік отын тапшылығын сезініп отыр?
«Мұнай өнімдерінің тапшылығы» дегенде жұрттың көпшілігі отандық зауыттарда өңдейтін мұнай жоқ деп ойлайды. Алайда Энергетика министрлігі барлық отандық мұнай өңдейтін зауыттардың қалыпты тәртіппен жұмыс істеп, мұнай өнімдерін дер уақытында жөнелтіп отырғанын хабарлады. Үш зауыт әр тәулігіне 42000 тонна мұнай өңдейді. Түсінікті болуы үшін, осы жерде еліміздегі зауыттардың мұнаймен қаншалықты қамтамыз етілгені жөнінде ақпарат бере кетейік. Отандық мұнай өңдеу саласында үш зауытымыз - Атырау мұнай өңдеу зауыты (қысқаша АМӨЗ, 1945 жылы пайдалануға берілген), Павлодар мұнайхимия зауыты (ПМӨЗ, 1978 іске қосылған) және Шымкент мұнай өңдеу зауыты (ШМӨЗ, толық атауы - Петро Қазақстан Ойл Продактс, 1985 жылы жұмысын бастады) бар. Үшеуін қоса алғанда жылына 14,5 млн. тонна мұнай өнімдері шығарылады. Қазіргі кезде осы зауыттарда өндірілген мұнай өнімдері Еуро-2 стандарттарына сәйкес келеді. Үш зауыттың еліміздің үш аймағында орналасуы барлық облыстарды мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атап айтарлығы, қазіргі кезде Үкіметтің тапсырмасымен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ үш зауыттың өңдеу қуатын арттыру мақсатында түпкілікті жөндеу мен жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. Бекітілген жоспарға сәйкес, жетілдіру жұмыстары 2017 жылдың соңында аяқталады.
Жетілдіру жұмыстары аяқталған соң отандық үш зауыт бірігіп, жылына 17 млн. тоннаға дейін мұнай өңдеп шығарады. Мысалы, бір ғана АМӨЗ-ді жаңарту арқылы көптеген жетістіктерге жетуге болады. Бұл зауытта мұнайды терең өңдейтін жаңа кешен салынуда. Қайта жарақтандырылған кәсіпорын жоғары октанды бензин өндірісін екі есеге - 1 млн. 100 мың тоннаға дейін, авиациялық керосинді төрт есеге дейін - 356 мың тоннаға дейін ұлғайта алады. Сондай-ақ, дизельдік отын өндірісі жылына 1 млн. 400 мың тоннаға өседі. Зауыттарымыз Еуро-3,Еуро-4 стандарттарына сәйкес келетін, әлемдік нарықта тұрақты сұранысқа ие жанармай, керосин, дизельдік отын маркаларын шығарады.
Ендігі кезекте жанармай өндіру мен тұтыну жөніндегі ақпаратқа көз жүгіртейік. Министрлік ұсынған кестеден тұтыну көлемі өндіруден екі есеге артық екенін көреміз.
|
Атауы |
2011 2012 2013 2014 2015 |
2016 жоспар |
||||
|
Өндіру |
2,8 |
2,9 |
2,7 |
3,0 |
2,8 |
2,8 |
|
Тұтыну |
3,7 |
4,3 |
4,2 |
4,2 |
4,3 |
4,3 |
Еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің тапшылығын Ресейден тасымалданатын мұнай өнімдерімен жабамыз. Айтарлығы, биыл импорттың көлемі аздап болса да ұлғайды. Ал дизельдік отынның құны бұрынғыша қымбат. Мысалы, биыл Ресейден тасымалданатын дизельдік отынның бір литрінің құны салықты қоспағанда 128 теңгені құрады. Өнім бағасы әлемдік нарықтағы ахуалға байланысты қалыптасатындықтан министрлік дизельдік отынның құны болашақта қаншаға өзгеретінін болжамайды. 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында аталған өнімді тұтыну көлемі 2240,7 мың тоннаны құраған. Соның ішінде, 2091,1 мың тоннасын - отандық мұнай өңдеу зауыттары жөнелткен, 140,7 мың тоннасы - шетелдерден импортталған. Көктемгі тұқым себу жұмыстарына ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге биыл 366,8 мың тонна дизель отыны бөлінсе, соның ішінде 322,1 мың тоннасы жөнелтілген. Күзгі астық ору науқанына 391,6 мың тонна отын бөлінеді. Бұл отын дер уақытында шаруаларға жөнелтіліп жатыр.
Дизельдік отынды өзіміз өндіретін болсақ, жетпегенін сырттан тасысақ, онда қайдағы тапшылықты айтамыз? Мұндай сауалға Энергетика министрлігі жауап қатты. Ведомство мамандарының пікірінше, отандық дизельдік отынның сыртқы нарықтарға кетуі тапшылыққа апаруы мүмкін. Себебі біздің өнімнің бағасының арзандығы көршілес елдерді қызықтырып отыр. Назар аударатын жайттың бірі, бізбен көршілес елдерде жанармай құны айтарлықтай қымбат. Мысалы, Қазақстанда мұнай өнімінің бұл түрінің әр литрі 99 теңгеден босатылса, ол Қырғызстанда - 158 теңге, Ресейде - 185 теңге, Өзбекстанда - 239 теңге тұрады. Мұндай айырмашылықты оңай жолмен табыс тапқысы келетін алаяқтар тиімді пайдалануда. Бұған тосқауыл қою үшін не істеуіміз керек? Тығырықтан шығатын жолды Энергетика министрлігі көрсетті. Министрлік мамандары ахуалды өзгерту үшін дизельдік отынға акциз енгізуді ұсынуда. Атап айтқанда, құзыретті орган бөлшек саудадағы бағаның құбылуына қарамастан дизельдік отынның әр тоннасына 8500 теңге көлемінде немесе әр литріне 7 теңгеден қатаң акциз мөлшерлемесін бекітуді ұсынды.
Қазіргі кезде отандық мұнай өңдейтін зауыттар тек «жазғы» дизельдік отын өндіреді. Ішкі нарыққа қажетті «қысқы» дизельдік отынды негізінен Ресейден импорттаймыз. Сол себептен министрлік аталған акциздерді 1 сәуірден 1 қазанға дейін енгізуді ұсынуда. Қалған уақытта (қарашадан наурызға дейін) қолданыстағы акциз сақталады. Олай болмаған жағдайда, отандық зауыттардың қорында өнім көбейіп, қысқы мезгілде мұнай өңдеу үдерісін төмендетуге әкеліп соғады. Министрлік мамандарының пікірінше, ұсынылған механизмді отандық зауыттарды толық жетілдіру жұмыстары аяқталатын 2018 жылға дейін сақтау қажет.
Сонымен қатар, Энергетика министрлігі дизельдік отынның бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартуды жоспарлап отыр. 19 шілдеде министрліктің сайтында дизельдік отынның бағасын еркін айналымға жіберуді көздейтін бұйрықтың жобасы жарияланды. 10 күн ішінде бұл құжатты барлық қызығушылық танытқан мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер кеңінен талқылайды. Соңынан ел Үкіметі түпкілікті шешім шығарады. Бұйрықтың жобасында жазылғандай, мемлекет АИ-80 жанармайының бөлшек саудадағы бағасын ғана бақылайды. Алдын-ала болжам бойынша, дизельдік отынның бағасы еркін айналымға жіберілгеннен кейін өсетіні мәлім. Бірақ нарық заңы барлығын өз орнына қояды. Түптеп келгенде дизельдік отынның бағасы қазіргіден 5 теңгеге ғана қымбаттайды. Алайда шаруаларға арналған жеңілдетілген жанармайдың құны (бір литрі 79 теңге) ешқандай да өзгермейді.