- Болжам әлемдік экономиканың даму болжамдары мен сыртқы нарықтардағы конъюнктураны ескере отырып қалыптастырылды. Халықаралық валюта қорының шілде айында жаңартылған болжамына сәйкес, 2027 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,4 пайызды құрайды. Халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестициялық банктер 2027 жылға мұнай бағасына қатысты болжамдарын төмендетті. Консенсус-болжам барреліне 70,3 АҚШ долларына дейін төмендетілді. Осыны ескере отырып, базалық нұсқада мұнай бағасы барреліне 70 АҚШ доллары деңгейінде алынды. Сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастыруда, - деді А. Әмрин.
Оның сөзіне қарағанда, базалық нұсқаға сәйкес 2027 – 2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсуі 5 пайыздан жоғары деңгейде болжанып отыр. Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі.
- Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан жоғары болады. Өңдеу өнеркәсібінің өсуіне металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру негізгі үлес қосады. Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болады. Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5 пайызды құрайды. Құрылыста өсу қарқыны 2027 жылы 16 пайыздан 2029 жылы 17,3 пайызға дейін артуы болжануда. Бұған көліктік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі жобаларды жоспарлы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік-инфрақұрылымды жаңғырту ықпал ететін болады, - деді вице-министр.
Қызмет көрсету саласында да тұрақты серпін сақталады. Сауда орта есеппен жылына 5,7 пайызға, көлік және қоймалау 10,4 пайызға, ақпарат және байланыс 9,2 пайызға өседі.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Құрылтайда 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды.