Қазақстанда газдандыру қарқыны қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің газ картасы қалай қалыптасты және алда қандай міндеттер тұр? Мәселеге Kazinform-ның аналитикалық шолушысы үңілді.

Коллаж: Kazinform/ЖИ

Транзиттен ішкі газ желісіне дейін

Қазақстанның қазіргі газдандыру картасы бір жылдың ішінде қалыптасқан жоқ. Оның негізі Кеңес Одағы кезеңінде қаланды. Республика аумағы арқылы «Орталық Азия – Орталық» және «Бұхара – Орал» магистральдық газ құбырларының негізгі желілері өтті. Алайда бұл инфрақұрылым негізінен транзитке және КСРО-ның басқа өңірлерін газбен қамтамасыз етуге бағытталды. Оңтүстік бағытты «Бұхара – Ташкент – Бішкек – Алматы» газ құбыры қамтамасыз етті.

Инфографика: Kazinform

Тәуелсіздік алғаннан кейін жүйенің міндеті өзгерді. Қазақстан үшін енді транзиттік әлеуетті сақтаумен қатар, ел ішіндегі тұтынушыларды табиғи газбен қамтамасыз ету маңызды болды. Осы мақсатта магистральдық желілерді кеңейтуге және оларды ішкі газдандыруға бейімдеуге бағытталған ірі жобалар қолға алынды.

Солардың бірі – «Қазақстан – Қытай» магистральдық транзиттік газ құбыры. Жоба Қазақстанның өңірлік газ тасымалдау жүйесіндегі рөлін күшейтіп, газ инфрақұрылымын жаңғыртуға серпін берді.

Инфографика: Kazinform

Алайда ішкі газдандыруды кеңейту үшін батыста өндірілетін газды елдің басқа өңірлеріне жеткізетін жаңа бағыт қажет болды. Осы міндетті ұзындығы 1 454 шақырым, өткізу қабілеті жылына 15 млрд текше метр болатын «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры атқарды. Ол «Орталық Азия – Орталық», «Бұхара – Орал» және «Бұхара газды өңірі – Ташкент – Бішкек – Алматы» магистральдарын өзара байланыстырып, газды оңтүстікке тұрақты жеткізуге мүмкіндік берді.

Келесі кезекте газдандыруды орталық өңірлер мен елордаға жеткізу міндеті тұрды. Осы мақсатта 2019 жылдың соңында «Сарыарқа» газ құбыры іске қосылды. Ұзындығы 1 061,3 шақырым болатын бірінші кезең Қызылорда облысындағы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралінің бір бөлігін орталық өңірлермен және Астанамен байланыстырды. Бастапқыда жоба Қарағанды облысы мен елорданы газдандыруға бағытталды. Кейін газ құбырын солтүстікке қарай жалғастыру туралы шешім қабылданды.

Осылайша, магистральдық желілердің географиясы біртіндеп кеңейіп, газ өндіретін батыс өңірлер мен елдің оңтүстігі, орталығы және астанасы арасында тұрақты байланыс қалыптасты. Ендігі міндет – газ инфрақұрылымын әлі қамтылмаған өңірлерге жеткізу.

Бұл бағыттағы жұмыстардың бірі Жетісу облысында жалғасты. Өткен жылы қазанда ұзындығы 213 шақырым болатын «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Ол «Бұхара – Ташкент – Бішкек – Алматы» газ құбырының тармағына айналып, Жетісу облысындағы елді мекендерді газдандыруға мүмкіндік ашты.

Сонымен бірге қолданыстағы бағыттардың өткізу мүмкіндігін арттыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Осыған байланысты «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – маңызды газ жеткізу бағытының өткізу қабілетін арттырып, елдің газбен қамтамасыз ету тұрақтылығын күшейту.

Өңірлер арасындағы алшақтық

Инфрақұрылымның кеңеюіне қарамастан, газдандыру ел аумағында біркелкі жүрген жоқ. Бүгінде Қазақстанның газ картасындағы басты айырмашылық – өңірлер арасындағы қамту деңгейінің алшақтығы.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстандағы газдандыру деңгейі 64,2 пайызға жетті. Табиғи газға 13,1 миллион адам қол жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл көрсеткішті 2035 жылға қарай 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Газдандырудың ең жоғары деңгейі газ өндіретін батыс өңірлерде қалыптасқан. Ұлттық газ операторы QazaqGaz-дың мәліметінше, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында халықты газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жуық.

Батыстан бөлек, Алматы мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында да көрсеткіш жоғары. Жетісу облысында газдандыру соңғы жылдары қарқынды жүріп, 67,9 пайызға жетті.

Ал елдің солтүстігі мен шығысында жағдай өзгеше. QazaqGaz Aimaq мәліметінше, Ақмола облысында газдандыру 15,3 пайыз, Қарағандыда – 5,8 пайыз, Ұлытауда – 4,3 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында 3,3 пайыз деңгейінде. Абай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында табиғи газбен газдандыру әзірге жоқ.

Инфографика: Kazinform

Алайда мұнда маңызды ерекшелік бар. Өңірдің немесе елді мекеннің газ желілерімен қамтылуы тұрғындардың барлығы газды іс жүзінде пайдаланып отыр дегенді білдірмейді. Статистика, ең алдымен, халықтың газ инфрақұрылымына қолжетімділігін көрсетеді.

Яғни газ құбырын елді мекенге дейін жеткізу мен әр үйді желіге қосу екі бөлек кезең. Кейбір тұрғындар қосылу жұмыстары мен қажетті жабдықтардың құнына байланысты газға өтуді кейінге қалдырады немесе оған қажеттілікті көрмейді.

Мұндай айырмашылықты Астана мысалынан да байқауға болады. QazaqGaz Aimaq деректерінде елордадағы газдандыру көрсеткіші 17,7 пайыз деп көрсетілген. Ал қалалық энергетика басқармасының дерегінше, жеке тұрғын үй секторындағы 22 мың үйдің шамамен 20 мыңы газға қосылуға мүмкіндік алған. Осыған байланысты қаланың жалпы газдандырылу деңгейі шамамен 95 пайыз деп бағаланады.

Бұл екі көрсеткіш бір-біріне қайшы емес. Олар газдандырудың әртүрлі кезеңдерін сипаттайды. Біріншісі – халықтың газ инфрақұрылымына қолжетімділігін, екіншісі – нақты қосылған үйлер мен тұтынушыларды көрсетеді.

Газ желісі кеңейіп, сұраныс өсуде

Газдандырудың ауқымын тек жалпы пайыздық көрсеткішпен бағалау жеткіліксіз. Оның нақты қарқыны газ тарату желілерінің ұзындығы мен жаңа тұтынушылар санының өсуінен де көрінеді.

Мәселен, соңғы екі жылдың өзінде QazaqGaz Aimaq компаниясының қарамағындағы газ тарату желілерінің ұзындығы 70,8 мың шақырымнан 77,3 мың шақырымға дейін ұлғайды. Ал тұтынушылар саны 2024 жылдың басындағы 2,515 миллионнан 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 2,672 миллионға жетті.

Инфографика: Kazinform

Бұл өсім жаңа елді мекендер мен абоненттерді желіге қосу жұмыстарының жалғасып жатқанын көрсетеді.

– Жыл сайын біз 100-ден астам елді мекен мен кемінде 100 мың абонентті газ желісіне қосамыз. Жыл сайын газға қосылуға шамамен 120 мың техникалық шарт береміз. Оның 85 пайызы Egov платформасы арқылы онлайн рәсімделеді. Биыл 135 елді мекенді газ желісіне қосу жоспарланған. Оның 44-і қазірдің өзінде қосылды, – дейді QazaqGaz Aimaq бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Уәлихан Қымбатов.

Фото: aimaq.kz

Оның айтуынша, газдандыру жұмыстары Түркістан облысында белсенді жүргізіліп жатыр. Жетісу облысында «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры іске қосылғаннан кейін бұл бағыттағы жұмыс та жанданды. Алты ауданға газға қосылу мүмкіндігі берілді, ал перспективалық жоспарға 84 елді мекен енгізілген. Биылдың өзінде тоғыз елді мекен газға қосылған, олардың барлығы Кербұлақ ауданында орналасқан.

Газдандыру Ақтөбе және Жамбыл облыстарында, Қызылорда мен Қарағандыда, сондай-ақ Қостанай облысының Әулиекөл және Федоров аудандарында да жоғары қарқынмен жүргізілуде.

Бұл үдеріске елорда маңындағы елді мекендер де қосылып жатыр. Ақмола облысының Целиноград ауданында Қаражар мен Қараөткелді газдандыру жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталып, 24 мыңнан астам тұрғын газға қол жеткізді. Ал Қосшы қаласында екінші және үшінші кезектердің аяқталуы барлық шағынаудандардағы 72 мың тұрғынға газға қосылуға мүмкіндік берді.

Осылайша, газдандырудың бастапқы кезеңіндегі басты міндет магистральдық желілерді қалыптастыру болса, қазір сол инфрақұрылымның мүмкіндігін пайдаланып, газды нақты елді мекендер мен үйлерге жеткізуге басымдық беріліп отыр. Алайда тұтынушылар саны көбейген сайын газ жүйесіне түсетін жүктеме де арта түседі.

Мұны газ тұтыну динамикасынан анық байқауға болады. 2017 жылы тауарлық газды тұтыну 13,7 млрд текше метр болса, 2020 жылы 16 млрд, 2022 жылы 19,3 млрд текше метрге жетті. Ал өткен жылы елде 21,6 млрд текше метр газ тұтынылды. Осылайша, сегіз жыл ішінде тұтыну көлемі шамамен 56 пайызға өсті.

Сұраныстың өсуіне енді тек жаңа тұрмыстық тұтынушылар санының артуы әсер етіп отырған жоқ. Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібі департаментінің директоры Асқар Қонақбаевтың айтуынша, өнеркәсіп секторы мен бизнес тарапынан да газға деген қажеттілік артып келеді.

Фото: Pro Kadry KZ

Астанадағы өзгеріс соның бір мысалы. Тұрғын алаптар газдандырылғаннан кейін қала жылу энергетикасы нысандарын газға көшіруге кірісті. Екі жыл ішінде ЖЭО-1-дегі барлық 10 қазандық, ЖЭО-2-нің су жылыту бөлігі, сондай-ақ бұған дейін дизель отынымен жұмыс істеген бірқатар автономды қазандық газға ауыстырылды. Бұдан бөлек, 20 мектеп, балабақша және аурухана газға көшірілді.

Газ жаңа өнеркәсіптік және энергетикалық жобаларда да қолданылып келеді. Сала өкілдерінің айтуынша, «Сарыарқа» газ құбыры іске қосылғаннан кейін кәсіпорындар, соның ішінде металлургиялық өндіріс орындары газ инфрақұрылымына қосыла бастады. Ал елдің оңтүстігінде энергетикалық жобалар тарапынан газға сұраныс артып отыр.

Солтүстік пен шығысқа газ қашан жетеді?

Қазақстанның болашақ газ картасында солтүстік пен шығыс ерекше орын алады. Себебі аталған өңірлерде газдандыру деңгейі әлі төмен, ал оларды табиғи газбен қамтамасыз ету елдегі келесі ірі инфрақұрылымдық міндеттердің біріне айналып отыр.

Бұл мәселе бірнеше жылдан бері күн тәртібінде. 2020 жылдың өзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газбен толық қамтамасыз етуді «мемлекеттік маңызы бар мәселе» деп атаған еді. Сол кезеңде Қасым-Жомарт Тоқаев екі негізгі тәсілді ұсынды. Олар – «Сарыарқа» газ құбырын әрі қарай жалғастыру немесе солтүстік өңірлерді Ресейдің газ тасымалдау жүйесіне қосу. Үкімет пен әкімдіктерге осы нұсқалардың бірін таңдау тапсырылды.

Коллаж: Kazinform/ЖИ

Содан бері газдандырудың бірнеше сценарийі қарастырылды. Қазір екі бағыт та күн тәртібінде тұр. Газдандырудың бас схемасында «Сарыарқаны» екінші және үшінші кезеңдер арқылы Көкшетау мен Петропавлға дейін ұзарту көзделген. Жоба толық қуатқа біртіндеп шығуы тиіс: тәулігіне 25 млн текше метр немесе жылына 10 млрд текше метр. Бұл көрсеткішке 2030 жылға қарай жету жоспарланған.

Балама бағыт ретінде былтыр Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» ЖАҚ «Есіл – Астана» газ құбырын салу жобасын іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойды. Жоба солтүстік өңірлерді Ресейдің газ тасымалдау жүйесімен байланыстыруды көздейді.

Алайда бағыттардың белгіленуі жобалардың бірден іске қосылатынын білдірмейді. Қазір екі жоба бойынша да техникалық параметрлер мен қаржылық құнын айқындайтын құжаттар әзірленіп жатыр. Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібі департаментінің директоры Асқар Қонақбаевтың айтуынша, нақты құны жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Бұл ретте жаңа газ құбырларын салу мүмкіндігі экономикалық тиімділікпен де өлшенеді. Қонақбаевтың түсіндіруінше, бірінші кезекте қолданыстағы инфрақұрылымға жақын орналасқан әрі жаңа тұтынушыларды қосу әлеуеті жоғары елді мекендер қарастырылады. Яғни газдандырудың келесі кезеңінде трассаның ұзындығынан бұрын оның экономикалық қайтарымы маңызды болады.

Бірақ инфрақұрылым мәселесімен қатар газдың өзін жеткілікті көлемде қамтамасыз ету міндеті де тұр. Солтүстік пен шығыс негізгі газ өндіретін өңірлерден алыс орналасқан, ал елдегі ішкі тұтыну жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан бұл өңірлерді газдандыру жаңа магистральдар салумен шектелмейді. Өсіп келе жатқан сұранысты өтеу үшін тауарлық газдың ресурстық базасын кеңейтіп, газ өндіру және шикі газды өңдеу көлемін арттыру қажет.

Алдағы міндет қандай?

Газ тұтыну көлемі өсіп, жаңа өңірлер газдандырылған сайын мемлекет алдында тағы бір міндет пайда болады. Ол – қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту. Себебі газ жүйесін кеңейту жаңа желілер салумен ғана емес, жұмыс істеп тұрған желілердің сенімділігін сақтаумен де қатар жүруі керек.

Асқар Қонақбаевтың бағалауынша, еліміздегі газ құбырларының тозу деңгейі шамамен 33 пайызды құрайды. Модернизациялау жұмыстары бекітілген инвестициялық бағдарламалар аясында мемлекет пен ұлттық газ операторларының күшімен жүзеге асырылады.

Жаңарту жұмыстары ескі газ құбырларын, соның ішінде болат құбырларды полиэтилен құбырларына ауыстыруды, газ реттейтін жабдықтарды жаңғыртуды, жаңа учаскелер салуды және қолданыстағы желілердің өткізу қабілетін арттыруды қамтиды.

Бұл – тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан газ инфрақұрылымын жаңа талаптарға бейімдеудің жалғасы. Осы кезеңде батыстағы газ кен орындары елдің оңтүстігімен және орталығымен байланыстырылып, жаңа магистральдар салынды, тарату желісі кеңейді. Нәтижесінде 13 миллионнан астам адам табиғи газға қол жеткізді.

Инфографика: Kazinform

Алайда газдандырудың келесі кезеңі ауқымы жағынан да, күрделілігі жағынан да өзгеше болады. Қалған газдандырылмаған аумақтардың едәуір бөлігі негізгі газ көздерінен алыс орналасқан. Бұған қоса сұраныс тек жаңа тұрмыстық тұтынушылар есебінен емес, өнеркәсіп, бизнес және энергетика салаларының қажеттілігіне байланысты артып келеді.

Сондықтан алдағы міндет бірнеше бағытты қатар қамтиды. Қазақстан үшін газдандырудың жаңа кезеңі бүкіл газ жүйесінің инфрақұрылымы мен ресурстық базасын қатар күшейтуді қамтиды.

Еске салайық, соңғы 6 жылда тағы 4 млн қазақстандық газға қол жеткізді.