Қазақстанда гипертониктердің саны 600 мың адамға жетуі мүмкін

АЛМАТЫ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Артериалды гипертониямен әлемде 1,2 миллиард адам ауырады.

Бұл мәселе бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстан кардиологтарының V Конгресі мен терапевттердің III Съезінде айтылды.

«Резистентті артериалды гипертонияға шалдыққан науқастарда жүрек-қан тамырларының, оның ішінде инфаркт, инсульт және жүрек жетімсіздігінің орын алу қаупі едәуір жоғары болады. Сондықтан, науқастарға қан қысымын тұрақты бақылауға алуға көмектесу үшін тиімді әрі қауіпсіз жаңа тәсілді табу аса маңызды. Осындай жаңалыққа бүгінгі күні бүйрек артериясын денервациялау шарасы айналып отыр», - дейді медицина ғылымдарының докторы, дәрігер-кардиолог Марат Әріпов.

Онда медициналық технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшы саналатын Medtronic компаниясы қазақстандық мамандарға резистентті артериалды гипертонияны емдеуге арналған Medtronic Symplicity Catheter SystemTM жүйесін қолдана отырып жасалатын реналды денервация шарасын таныстырды. Гипертонияны емдеуге кететін тікелей шығын әлем бойынша жыл сайын 500 миллиард долларға бағаланады. Еуропалық кардиологтар одағының мәліметтеріне негізделген есептеулерге сәйкес, Қазақстанда артериалды гипертонияға шалдыққан науқастардың жалпы саны 600 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Бұл елдегі 59 жастан асқан тұрғындардың 65 пайызын құрайды. Осы науқастардың 6 пайызында дәрімен емдеуге келмейтін гипертония түрі бар, бұл науқастың ағзасы дәрі-дәрмекті қабылдамайтынын білдіреді.

Жалпы жоғары қан қысымына қарсы түрлі топқа жататын дәрі-дәрмектерді қолданғанына қарамастан, жоғарғы қан қысымы (140/90 мм сынап бағанасынан жоғары) сақталған жағдайда резистентті артерия гипертониясының диагнозы қойылады. Артериалды гипертония, әсіресе оның дәрімен емдеуге келмейтін түрі бүкіл әлемнің денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Өйткені ол миокард инфарктісі, инсульт, жүрек және бүйрек жетімсіздігі секілді тағы да басқа аурулардың даму қаупін күрт арттырады.