Қазақстанда ипотеканың үлесі күрт өсіп, кредит өсімінің 46,6%-ын құрады

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы жылдың бірінші жартысында Қазақстанда халыққа берілетін кредит көлемінің өсуі баяулады. Сонымен қатар кредиттердің құрылымы өзгерді. Кредит портфелінің өсімінде ипотеканың үлесі айтарлықтай артып, 46,6%-ға жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 21,7% болған. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мәлімдеді.

Фото: Kazinform/ЖИ

ҚҚҚ мәліметінше, осы жылдың алғашқы алты айында халықты кредиттеу қарқыны одан әрі бәсеңдеген. Әсіресе кепілсіз тұтынушылық кредиттерді алу азайғаны аңғарылған. 

Бірінші жартыжылдықта халықтың кредит портфелі 4,3%-ға өскен. Былтыр осы кезеңде өсім 9,1% болған. Кепілсіз кредиттердің жалпы өсімдегі үлесі 36%-дан 32%-ға төмендеді. Ал ипотеканың үлесі 46,6%-ға дейін артты.

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, қазір халықтың кредит алуындағы өсім негізінен ұзақ мерзімге берілетін мақсатты кредиттер есебінен қалыптасып жатыр. Ал күнделікті тұтыну қажеттілігіне алынатын жаппай кредиттердің үлесі азайып келеді.

Бөлшек кредит өнімдеріне берілген өтінімдердің жалпы саны екінші жыл қатарынан азайып келеді. Бірінші жартыжылдықта олардың саны жылдық мәнде 11,5%-ға төмендеді. Кепілсіз тұтынушылық кредиттерге берілген өтінімдер саны 11,9%-ға қысқарды. Бұл сегмент бөлшек кредит нарығындағы өтінімдер санының жалпы төмендеуінің 95%-ын құрады.

Автокредит пен ипотекаға деген сұраныс та төмендеген: өтінімдер саны тиісінше 9% және 13,4%-ға азайды. Сонымен қатар екінші тоқсанда сұраныстың қалпына келе бастаған белгілері байқалды. Ипотекаға берілген өтінімдер саны алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 19%-ға, автокредиттер бойынша 20%-ға өсті.

Бұған жылжымайтын мүлікті кепілге қойып алынатын тұтынушылық кредиттер ғана ерекшелік болды. Бұл кредит түріне берілген өтінімдер саны бір жылда 83,3%-ға артқан. ҚҚҚ бұл өсімді өткен жылғы көрсеткіштің төмен болуымен және банктердің түрлі акциялар өткізуімен түсіндіреді.

Сонымен бірге кредит алуға өтінімдер азайғанымен, халыққа нақты берілген жаңа кредиттердің көлемі айтарлықтай төмендеген жоқ. Биылғы жылдың алғашқы жартысында берілген жаңа кредиттер көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға азайды. Ал былтыр керісінше, бұл көрсеткіш 14,4%-ға өскен еді.

Ең алдымен тұтынушылық кредиттерді беру азайды — 6,5%-ға. Оның ішінде кепілсіз кредиттер 3,9%-ға, ал автокредиттер 24%-ға қысқарды.

Сарапшылардың пікірінше, бұған халықтың кредитке деген сұранысының бәсеңдеуі, пайыздық мөлшерлемелердің өсуі және банктерге қойылатын талаптардың күшеюі әсер еткен.

Қарыз алушылардың саны да өзгерді. Кепілсіз кредиті бар азаматтардың саны 2025 жылдың соңындағы 7,37 млн адамнан 7,33 млн адамға дейін азайды. Сонымен қатар автокредиті бар қарыз алушылардың саны 640 мыңнан 700 мыңға, ипотекалық кредиті барлардың саны 620 мыңнан 650 мыңға дейін өсті.

Ақша-кредит саясатының қатаң болуына байланысты кредит алу да қымбаттай түсті. Бөлшек кредиттер бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме 19,5%-ға жетті. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 1,3 пайыздық тармаққа жоғары.

Сонымен бірге кредитін уақытында төлей алмай жүргендердің үлесі де артты. Мерзімі өткен берешектің үлесі 4%-дан 4,4%-ға дейін өсті. Ал тұтынушылық кредиттер бойынша бұл көрсеткіш 5,3%-дан 6,1%-ға дейін көбейді.

ҚҚҚ мәліметінше, үшінші тоқсанда халықтың ипотека мен автокредитке деген сұранысы артады деп күтіледі. Жылжымайтын мүлікті кепілге қойып алынатын тұтынушылық кредиттерге сұраныс та сақталады. Ал кепілсіз кредиттерге сұраныс біршама азаюы мүмкін.

ҚҚҚ бағалауынша, мұндай динамика бөлшек кредит нарығында жүріп жатқан құрылымдық өзгерістердің одан әрі орнығуына ықпал етуі мүмкін.

— Ипотека мен кепілсіз кредиттер бойынша шарттардың айтарлықтай өзгеруі күтілмейді. Бұл ретте автокредиттеу талаптарының біршама жұмсаруы мүмкін, — деп есептейді ҚҚҚ сарапшылары.

Айта кетейік, Ұлттық банк бұған дейін Қазақстанда ипотека мен автонесиеге сұраныс күрт артқанын хабарлаған болатын.