«Экономика мен іскерлік белсенділіктің жаһандық өсу көрсеткіштері оң аймақта сақталып отыр. Халықаралық валюта қорының сәуір айындағы болжамымен салыстырғанда, тәуекелдердің қысқа мерзімде әлсіреуіне қарамастан, ұзақмерзімді перспективада әлемдік деңгейдегі жоғары инфляция мен тұрақсыз геосаяси ахуал әсерінен тәуекелдер балансы нашарлау жағына ығысқан. PMI жаһандық композиттік индексі шілде айында 51,7 мәнін көрсетті. Өндіріс пен жаңа тапсырыстардың өсімі баяулаған кезде қызмет секторы есебінен оң іскерлік белсенділік сақталды. Қазақстанда іскерлік белсенділік те оң аймақта қалып, қызметтер мен өндіріс секторлары есебінен индекс 50,7 деңгейінде қалыптасты. Бизнес-климат индексін білдіретін бизнестің қазіргі және келешек жағдайын бағалау 16,0 мәніне дейін өсті», - деді ҰБ төрағасының орынбасары.
Оның атап өтуінше, биыл шілде айында Халықаралық валюта қоры жаһандық экономиканың өсу болжамын 3 пайызға дейін арттырды. Оған Қытай мен Үндістан айтарлықтай үлес қосатын болады.
«Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсіміне қатысты Халықаралық валюта қорының болжамы 4,3 пайыздан 4,8 пайызға дейін көтерілді. Әлемнің қор нарықтарында өсім жалғасып жатыр. Мысалы, 2023 жылдың басынан бері дамыған елдерде акциялар нарығының MSCI World индексі 17,8 пайызға, ал АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 3,96 пайызға дейін 9 базистік тармаққа көтерілді. Доллар индексі 1,6 пайызға әлсіреді. АҚШ-тың орталық банктері мен Еуроаймақ ақша-кредит саясатын қатаңдатып отыр. Мысалы, АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі шілде айында негізгі мөлшерлемені 5,25-5,50 пайызға дейін 25 базистік тармаққа көтерді. Федералдық резервтік жүйе экономиканың тұрақталуына байланысты енді рецессияға болжам жасамайды. Еуропаның Орталық банкі де макроэкономикалық деректердің нашарлауына қарамастан, мөлшерлемені 4,25 пайызға дейін 25 базистік тармаққа арттырды», - деді Виталий Тутушкин.