Бұл арада табиғи шикізатқа тәуелді емес әрі экологиялық таза энергия көздерінің тұрақты кешенін құру елімізде кеш те болса, қолға алынғаны көңілге демеу. Елбасы да бұл түйткілді мәселеге, яғни қайта қалпына келетін энергия көздері технологияларын енгізуге басымдық беру жағын үнемі көтеріп келеді.
2012 жылдың 3 шілдесінде Астанада өткен ҮИИД бағдарламасын іске асыруға арналған индустриялық форумда ҚР Президенті қайта қалпына келетін энергия көздері технологияларын енгізуге басымдық беру мәселесіне айрықша тоқталып өткен еді.
Президент алқалы жиында бүгінде Германияда тұтынылатын энергияның 22 пайызы қайта қалпына келтірілетін энергия көздері арқылы өндірілетінін ескертіп өтті:
«Ал бізде бұндай көрсеткіштер нөл! Осы тектес қадамдар жалпы экономикалық құрылымның парадигмасын өзгертеді. Біз күн батареясы, стансалары жайында айтып жүрміз. Әзірге, бұл сөз жүзінде ғана. Бірде бір қауқарлы станса Қазақстанда жоқ».
Бұл тұрғыда Президент Үкімет, министрліктер, әкімдер тиісті деңгейде бұл жұмысқа бел шеше кіріспей отырғандығын ескерткен. «Ал осы жұмыстарды атқаруға тиістіміз. Бізді әлемдік қоғамдастық көмірмен жанатын жылу электр стансаларымен жұмыс істемеуге, ен далаға осынша көмір қышқыл және күкіртті газдарды шығармауға міндеттейтін болады. Қазірден бастап осы жайында ойлау керек»,- деп айрықша тоқталып өткен болатын Мемлекет басшысы.
Ал бұл бағытта бізде шикізат көзі орасан мол. Ғалымдар Қазақстанның жалпы су әлеуеті жылына 170 млрд кВт/сағатқа жететіндігін айтып отыр. Ал бізде Қазақстанның басты қуат көздеріндегі су электр стансасының үлесі 12,3 пайыз шамасында. Тек соңғы жылдары ғана бұл бағытта ауқымды істер атқарыла бастады.
Атап айтсақ, қуаты 300 МВт-қа тең Мойнақ СЭС-і, 49,5 МВт-ты құрайтын Кербұлақ СЭС-і мен қуаты 68,25 МВт Бұлақ СЭС-і тәрізді жобалар. Бұлардың қуаты күн өткен сайын артып та келеді.
Ал энергетикалық әлеуетіміз қандай? Цифрларға жүгінелік, жылына 0,929-дан 1,82 млрд кВт/с-қа қуат алынады. Жел энергетикасы ше? Еліміздің кейбір өңірлерінде ұдайы соғып тұратын желдің жылдамдығы 6 м/с-тан асады. Ал күзгі, қысқы мезгілдері бұдан екі есе көп соғатын аймақтар да аз емес.
Сондай-ақ климаттық жағдайымыз күн энергиясын пайдалануға да қолайлы. Ендеше, Су да, Жел де, Күн де бізге қарасып-ақ тұр. Тек осы салалардағы іске асырылып жақан серпінді жобалардың орта жолда тоқтап қалмай, нәтижелі аяқталуын тілелік.
Осы арада бірауық шетелдік озық ойлы азаматтардың осы бағыттағы елең етерлік тіршілігін де саралап өтсек, артықтық етпес.
Солардың бірі өзінің жаңашылдығымен қаржылы алпауытқа айналған американдық бизнесмен Илон Маск. Бүгінгі таңдағы оның басты идеясы - жұртшылықты энергетикалық тәуелсіздікке жеткізетін әр үйге арналған Powerwall батареясын шығару болып отыр.
Еске сала кетсек, PayPal, Tesla Motors және SpaceX компанияларында жұмыс істеп көптеген елдерге танымал болған Илон Маск күн панельдерін шығаратын SolarCity фирмасы құрылтайшыларының бірі. Бұл кәсіпорынның негізгі тапсырыс берушілері - ірі бизнес, мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ үкіметтік емес қайырымдылық ұйымдары. Бірақ Маск болашақта күн энергиясын Жер бетіндегі сан миллиондаған қарапайым халыққа да қолжетімді етпек. Әрине, бұл жұрт қуанарлық жағдай, өйткені әр пәтер иесі ай сайын энергетикалық компанияларға өзі тұтынған электр энергиясы бойынша қыруар ақша төлейді. Егер күн панельдері арқылы өзін-өзі қамтамасыз ететін болса неге қуанбасқа. Өйткені мұның қаржы үнемдеуге де үлкен септігі тиетіндігі даусыз. Илон Масктың Powerwall жобасы дәл осы ерекше жаңалық, әлем жұрты күтіп отырған оңды оқиға. Тоқетері, түбінде Жер бетіндегі барша халықтың энергия көздеріне деген тәуелсіздігіне апарар жол.
Енді мұның құрылымына тоқтала кеткен артықтық етпес. Powerwall - бұл үйге арналған шағын батарея. Powerwall құйма-ионды батареясы күн сәулесімен жұмыс жасайтын генератордан қуат алады. Оны пәтердің қабырғасына іліп те қоюға болады, ал салмағы - небәрі 100 келі.
Илон Маск Powerwall жүйесі түбінде мұнай мен көмір өнеркәсібін, сондай-ақ, атом энергетикасын жоймаса да, нарықтан ығыстыратындығына нық сенімді. Шынында да, мұндай технология әлемдегі энергия тұтыну үдерісін және энергетикалық инфрақұрылымдарды әлдеқайда өзгертуі мүмкін.
Ерлан Қожакелдиев
Дереккөздері: novate.ru, 3dnews.ru, teslamotors.com