Қазақстанда кәсіптік техникалық білімді қаржыландыру көрсеткіші төменгі деңгейде

АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда кәсіптік техникалық білімді қаржыландыру көрсеткіші төменгі деңгейде болып отыр.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі парламенттік тыңдау барысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білімнің бәсекеге қабілетсіздігінің бірқатар негізгі себептері бар. Біріншіден, кәсіптік білім берудің мазмұны халықаралық стандарттар, оқыту мен өндіріс технологиялар талаптарына сәйкес келмейді. Екіншіден, бизнес құрылымдарды осы салаларға тарту, жастардың кәсіптік білім алуына қол жетімділігі мардымсыз. Үшіншіден, техникалық және кәсіптік білім саласын қаржыландыру деңгейі едәуір төмен. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде соңғы жылдары кәсіптік және техникалық білімді қаржыландыру бойынша бір оқушыға жұмсалатын шығын орта есеппен 4 мың 300 долларды құрайды. Ал Қазақстанның бұндай қаржыландыру көрсеткіші төмен, небәрі 1 мың 52 доллар», - деді Ж. Түймебаев. Тоқтала кететін жайт, Норвегия мемлекетінде кәсіптік техникалық білім жүйесі бойынша бір оқушыға 11 мың 100 доллар көлемінде қаражат жұмсалса, Германия, Австрия елдерінде 10 мың 72 доллары көлемінде шығындар көзделеді екен. «Шындығында, сапалы білім ешуақытта арзан болмайды. Кез келген алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер реформа жүргізгенде ең алдымен білім саласына бөлінетін қаржыға, яғни адами капиталға инвестиция салуға баса назар аударады. Осы арқылы заманауи материалдық база қалыптастырып, жоғары білікті мамандар даярланады», - деді министр.