Ақбөкен саны 4 млн 689 мың басқа жетті
Бұл мәселеге байланысты Экология және табиғир ресурстар министрлігіне арнайы сауал жолданып, бірнеше сұрақ берілген еді.
Министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен мәліметінше, биылғы көктемгі есепке алу қорытындылары бойынша (төлдеу кезеңіне дейін) киік саны Қазақстанда 4 млн 689 мың басқа жетті.
Соның ішінде Орал популяциясында — 2,7 млн, Бетпақдалада — 1 млн 870 мың, Үстіртте 119 мың бас ақбөкен санаққа іліккен.
Биыл Батыс Қазақстан облысында киіктердің ауруға шалдығып, соның салдарынан өлім-жітім деректері көбейгені белгілі. Сонымен қатар олардың іш тастауы салдарынан төл азайды. Осыған орай жауап берген комитеттің нақтылауынша, киіктердің ауруға шалдығу және қырылу себептерін анықтау, сондай-ақ карантин енгізуге қатысты мәселелер Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретіне жатады. Қазіргі уақытта аталған министрлік жануарлардың қырылу себептерін анықтау бойынша кешенді іс-шараларды жүргізуде, оның ішінде эпизоотиялық ахуал мен жануарлар ауруларына тұрақты мониторинг жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар киіктердің өлім-жітім деңгейіне әсер ететін табиғи биологиялық үдерістер тән екенін ескеру қажет. Атап айтқанда, барлық жас санатындағы аналықтардың табиғи өлім-жітімі шамамен 10 пайыз болды. Күйекке қатыспайтын текелердің өлім-жітімі де шамамен 10 пайызға жетеді. Ал күйекке белсенді қатысатын аталықтар арасында бұл көрсеткіш 25-тен 50 пайызға дейін өзгереді. Лақтардың бір жыл ішіндегі өлім-жітімі ауа райы жағдайларына байланысты 50-60 пайыз аралығында болады.
2026 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысының аумағында 18 874 киік ұшасы жойылды.
Оған қоса, жергілікті тұрғындар арасында киіктердің қырылу фактілері немесе олардың ұшалары анықталған жағдайда «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторларына уақтылы хабарлау қажеттілігі жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Комитет киік популяцияларының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп отырады.
Кейінгі жылдары Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу жұмыстары қолға алынғаны мәлім. Мысалы, 2023 жылы — 19 699 бас, 2024 жылы — 7 777 бас, 2025 жылы 108 458 бас киік ауланды.
Бұл ретте киікті алу лимиті жоспарлы алу көлемі болып табылмайтынын атап өткен жөн. Ол популяцияның құрылымы негізінде есептелетін биологиялық тұрғыдан жол берілетін ең жоғарғы шек болып табылады және тек популяция санын реттеудің ықтимал шеңберін айқындайды. Ал киіктерді алудың нақты көлемі қалыптасқан нақты жағдайға, қажетті инфрақұрылымның болуына, экономикалық орындылығына, популяцияның жай-күйіне және Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне қарай айқындалатын болады.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтініштері негізінде мүдделі мемлекеттік органдармен және ғылыми ұйымдармен бірлесіп, 2026 жылы киік санының популяциясын басқару мәселесі пысықталуда.
Киік мүйізі таңбаланады
Қазақстанда киік мүйізінің мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Киік мүйізін заңсыз сақтау, тасымалдау және сатумен айналысқандар заңға сәйкес жазаланады. Осы орайда алдағы уақытта киік мүйізін заңды айналымға енгізу мәселесі қарастырыла ма? Егер қарастырылған жағдайда бұл бағытта қандай шешімдер немесе заңнамалық өзгерістер әзірленбекші?
Комитет мамандарының пікірінше, киік мүйіздерін экспорттауды заңдастыру аталған өнімнің заңсыз айналымы мен контрабандасына ықпал етуі мүмкін. Өйткені оның нарықтық бағасының өзгеруі сұраныстың қалыптасуына әсер етуі ықтимал. Осы мақсатта киік мүйіздерінің қадағалануын және заңды айналымын қамтамасыз ету үшін киік мүйіздерін таңбалау мәселесі пысықталды.
— 2025 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасында киік дериваттарын таңбалау жүйесінің операторы ретінде «Қазақтелеком» АҚ ресми түрде айқындалды. Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрінің 2025 жылғы 12 наурыздағы № 59-Ө бұйрығымен киік дериваттарын сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жөніндегі пилоттық жоба бекітілді. Қазіргі уақытта әрбір киік мүйізі міндетті түрде таңбаланады. Сонымен қатар Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 11 наурыздағы № 41 бұйрығымен киік дериваттарын таңбалау кезінде қолданылатын сәйкестендіру құралдарының шекті құны 911 теңге мөлшерінде бекітілді, — делінген ресми жауапта.
Ғалымның пікірі қандай?
Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Әбсатыровтың пайымдауынша, Батыс Қазақстан облысында өткен жылдары киік санын реттеу жұмыстары жүргізілгенімен, ол күткендегідей нәтиже берген жоқ. Түрлі сарапшылардың болжамынша, төлін қоса есептегенде, 2026 жылы өңірдегі киік саны 4 миллионнан асып кетуі тиіс еді. Алайда бірнеше себеп бойынша бұлай болған жоқ.
— Киік пен ауыл шаруашылығы жануарларының жайылым мен суатқа байланысты бәсекелестігін айтпағанда, түрлі ауру жұқтыру қаупі жоғары екендігін ескермей болмайды. Зерттеулер көрсеткеніндей, ақбөкен санының шамадан тыс асып кетуі салдарынан киіктер тек өздері арасында ғана емес, малға, тіпті адамға індет тасымалдауы болуы мүмкін. Кейінгі кезде киік пен мал елді мекен маңында бірге жайылатындықтан, бұл мәселе ерекше маңызды. Ақбөкен пастереллез, клостридиоз, ұсақ малдың обасы, листериоз, түйнеме секілді бірқатар жұқпалы дертті, сондай-ақ эхинококкоз, ценуроз және кене арқылы паразиттік ауруды таратуы ықтимал. Соның ішінде аусыл сияқты трансшекаралық індет айрықша қауіпті, — дейді ғалым.
Оның айтуынша, биыл табиғат өзін-өзі реттеді. Яғни ауру салдарынан киік шығыны мен олардың арасында іш тастау көбейді. Ауыл шаруашылығы жануарлары да ауруға шалдықты. Дегенмен көктем мен жаз жаңбырлы болып, шөп жақсы шықты. Сондықтан шаруалар мен тұрғындар әзірге тынышталды. Бірақ келесі жылы жағдайдың қалай боларын болжау қиын.
— Киік пен малдың арасындағы ауру ешқайда кеткен жоқ. Вирусы сақталып қалды. Сол себепті індеттің алдағы жылы да қайталануы ықтимал. Бұған жол бермеу үшін ветеринарлық алдын алу іс-шараларын дер кезінде жүргізген дұрыс. Биыл күзде киік санын реттеу тағы да қолға алынбақшы. Бұл жеткіліксіз. Ғалымдар пікірін ескере отырып, бұл мәселені түпкілікті шешудің жолдарын іздестіру қажет, — деп қосты Ғ.Әбсатыров.
Депутат не дейді?
БҚО мәслихатының депутаты, Тасқала ауданы «Болашақ» шаруа қожалығының басшысы Нұртай Жұмашев киік санын реттеуді тоқтатпау қажет деп есептейді.
— Бұл мәселе ауыл шаруашылығымен айналысатын ағайынды да алаңдатады. Осы орайда біз жуырда Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне барып, мамандармен тілдестік. Мұндағы ойымыз — киіктер тек өлгенде емес, соған дейін тексерілсе дейміз. Мысалы, шаруалар мен тұрғындар қолдағы малын ектіріп, түрлі аурудың алдын алуға қам жасайды. Осындай жұмыстар ақбөкендерге қатысты неге жүргізілмеске? — дейді Н.Жұмашев.
Оның ойынша, киік еті малдікіндей емес, күнделікті жеуге келмейді. «Кублей» кәсіпорны консерві жасауды жолға қойды. Тек соның бағасы арзандатылса, өнім өткізудің бір жолы болар ма еді.
Екіншіден, киік санағына қатысты екі түрлі дерек айтылады. Ресми мәліметпен қарапайым халықтың есебі сәйкес келмейді. «Бөкейорда» табиғи резерватына облыстан арнайы жер берілгенімен, оған киікті қамап ұстау мүмкін емес. Сондықтан реттеу іс-шараларын тұрақты жүргізу арқылы өңірде 600 мың бас киік қалса, сол жеткілікті. Егістік жерлерді қоршауға шаруалардың бәрінің бірдей шамасы жетпейді. Өйткені субсидия алқапты қоршап болғаннан кейін ғана беріледі. Оған қоса қоршау техника сияқты қожалыққа ешқандай кіріс әкелмейді. Тек қоршау түрінде тұрады.
Үшіншіден, мал санағын да дұрыс жолға қою керек. Бұдан екі жыл бұрын жем-шөптен қатты қысылған шаруалар мен тұрғындарға облыс бюджеті арқылы субсидия берілген кезде басы артық малдың бар екені анықталды. Өңірде малдың басым көпшілігі Казталов, Жаңақала, Бөкей ордасы және Жәнібек ауданында шоғырланған. Алдағы уақытта жылқыға байланысты шу шығуы мүмкін. Себебі өнебойы далада жүретіндіктен, жылқы есепке алына бермейді.
— Төртіншіден, киік санын реттеу кезінде түсетін пайданың бір бөлігі содан зардап шегіп отырған сол оңтүстік аудандар тұрғындарының мұқтажына жұмсалса дейміз. Айталық, киік мүйізі қайда кетіп жатыр, біз оны білмейміз. Қазіргі кезде шекаралық ауылдарға жол тартылып, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Сол елді мекендерде халықты тұрақтандыру үшін қосымша қаржы көзін қарастырған артық болмас еді, — деді Н.Жұмашев.
Сонымен, Қазақстанда киік мәселесін түбегейлі шешудің жолдарын түгел таптық деу қиын.
Ендеше, бұл бағытта министрліктен бастап жергілікті атқарушы органдарға дейін бірлесе жұмыстану керек-ақ.
Еске салайық, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киіктердің көбеюі шаруа қожалықтарын алаңдатып отырғанын жазған едік.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда киік мәселесін қалай шешуге болатыны сараланды.
Батыс Қазақстанда 3 300-ге жуық киік өлексесі жойылды.
БҚО-да аурудан малы шығынға ұшыраған шаруалар өтемақы ала ма, бұл мәселе де жазылды.
Батыс Қазақстанда киік саны 2,7 млн басқа жетті.