Бүгін Парламент Мәжілісінде қолма-қол ақшасыз айналымды ынталандыру мәселесіне арналған дөңгелек үстел барысында депутат Гүлжан Қарағұсова осылай мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, дамыған елдерде қолма-қол ақша қаражатын мейлінше азайту жүйелі жолға қойылған. Өйткені, әлемдік экономикада қолма-қол ақша айналымының артуы бір жағынан «көлеңкелі экономикаға» жол ашса, екінші жағынан оны толық қадағалау да мүмкін болмайды. Осының салдарынан ақшаны жылыстату, терроризмді қаржыландыру секілді келеңсіз жағдайлар орын алып жатады.
«Қазақстан ұмтылатын әлемнің дамыған 30 елінде ақша айналымының 90 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асады. Ондай елдерде тіпті шағын дүкендердің өзінде төлем карталармен жүзеге асады. Бізге де осы жолды ұстану керек. Бұл бағытта заңнамалық база Қазақстанда қабылданған. Алайда, өкінішке қарай, заңнамада қамтылған міндеттер әлі де жақсартуды талап етеді», - дейді Г. Қарағұсова.
Оның айтуынша, депутаттардың бастамасымен 2015 жылдың қаңтарынан бастап кәсіпкерлік субъектілеріне қолма-қол ақшамен жұмыс жасауға тыйым салынған болатын. Алайда, жергілікті жерлерде жағдайға байланысты бұл норма кейінге шегерілген.
«Бұл кейінге шегеру деген мүлдем болмайды дегендік емес. Осы шегерудің өзі елімізде қолма-қол ақшасыз айналымда үлкен проблемалардың бар екенін көрсетеді. Қолма-қол ақша айналымы төмендеген жоқ, керісінше дағдарыс жылдары олардың мөлшері артып кеткен тәрізді. 2012 жылы қабылданған заң бойынша жеке кәсіпкерлер, заңды және жеке тұлғалар үшін қолма-қол ақша айналымына тыйым салу көзделген болатын, біз бұл норманы 2016 жылдың 1 қаңтарынан енгізуді қарастырамыз», - деді Г. Қарағұсова.
Депутаттың айтуынша, қолма-қол ақшасыз төлем карталар нарығы бұл азаматтардың проблемасы емес. «Бұл инфрақұрылымның жоқтығынан туындаған мәселе. Сондықтан да, азаматтар заңның осы талабын орындай алмай отыр», - деді ол.