Эндемиялық өңірлердегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты бақылауда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді.
Оның айтуынша, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті табиғи ошақтық вирустық инфекциялардың бірі. Аурудың негізгі тасымалдаушысы – иксод кенелері. Қазақстанда оның табиғи ошақтары Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкентте бар.
Елімізде бұл ауру жыл сайын тіркеледі. Орта есеппен жылына 25–30 жағдай анықталады. Кенелердің белсенділігі артатын кезеңде сырқаттанушылықтың маусымдық өсімі байқалады.
– Биыл жыл басынан бері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының зертханалық жолмен расталған 22 жағдайы тіркелді. Эндемиялық өңірлердегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты бақылауда. Ол жерлерде аурудың алдын алу және таралуына жол бермеу үшін қажетті профилактикалық және індетке қарсы шаралар толық көлемде жүргізіліп жатыр, – деді Сархат Бейсенова.
Спикердің сөзінше, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет барлық қолайсыз елді мекеннің айналасында қорғаныш аймақтарын құрған. Ал ветеринариялық қызмет 7,5 миллионнан астам ауыл шаруашылығы жануарын және мал шаруашылығы нысандарының 48 миллион шаршы метрден астам аумағын кенеге қарсы өңдеген. Қазір өңдеу жұмыстарының екінші кезеңінің кестесі жасалып жатыр.
Оның айтуынша, инфекция адамға жұқтырған кене шаққанда, ауру жұқтырған ауыл шаруашылығы жануарларын күту кезінде, сондай-ақ науқастың қаны немесе басқа да биологиялық сұйықтықтарымен байланыс болғанда жұғуы мүмкін.
Қауіп тобына мал өсірушілер, шопандар, ветеринария және медицина қызметкерлері жатады.
– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы арнайы вакцина жоқ. Сондықтан аурудың алдын алудың негізгі жолы – жеке қорғану шараларын сақтау, жануарлармен жұмыс істегенде қауіпсіздік талаптарын қатаң орындау және аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда уақыт оздырмай медициналық көмекке жүгіну. Табиғи ошақтарға барған кезде немесе ауыл шаруашылығы жануарларын күткенде қорғаныш киімін киіп, денені жиі тексеріп тұру және жеке бас гигиенасын сақтау қажет. Егер дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, бас ауруы немесе басқа да белгілер байқалса, сондай-ақ кене шаққан жағдайда бірден дәрігерге қаралған жөн, – деді Сархат Бейсенова.
Еске салайық, бұған дейін елордада кене шаққан жағдайда тұрғындардың қай медициналық ұйымдарға жүгіне алатыны туралы жазған едік.