22 тамызда сағат 00:00–де сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі аяқталып, ресми түрде «тыныштық күні» басталды. Осы сәттен бастап және дауыс беру күні — 23 тамызда кез келген үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады. Бұл талап Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңының 32-бабында белгіленген.
«Тыныштық күнінде» қандай тыйымдар бар?
Бұл күні:
- бұқаралық ақпарат құралдарында және интернетте, соның ішінде әлеуметтік желілерде үгіт материалдарын жариялауға;
- митингілер, пикеттер мен сайлаушылармен кездесулер өткізуге;
- сайлауалды бейнероликтерді, газеттерді, парақшалар мен басқа да үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Бұл ретте «тыныштық күні» басталғанға дейін орналастырылған баспа үгіт материалдарын алып тастаудың қажеті жоқ.
Ал 23 тамыз — дауыс беру күні сайлаушыларға толтырылған бюллетеньдердің фотосы мен бейнежазбасын жариялауға тыйым салынады.
«Тыныштық күнінде» үгіт жүргізгендерге қандай жаза қарастырылған?
Үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынған кезеңде сайлауалды үгіт жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабына («Сайлауалды үгітті жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізу») сәйкес, айыппұл мөлшері:
- жеке тұлғаларға — 15 АЕК (64 875 теңге);
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 20 АЕК (86 500 теңге);
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 25 АЕК (108 125 теңге);
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 35 АЕК (151 375 теңге).
Сайлау туралы сауалнамаларды жариялауға болмайды
Сайлауға қатысты сауалнамаларға да бірқатар шектеу қойылған. Сайлау туралы заңға сәйкес, дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және сайлау күні бұқаралық ақпарат құралдары мен интернетте қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды және сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді жариялауға тыйым салынады.
Сондай-ақ дауыс беру күні сайлау учаскесінің ғимаратында немесе дауыс беру пунктінде тікелей қоғамдық пікір сауалнамасын жүргізуге болмайды.
Сайлауға қатысты сауалнамаларды жүргізу және жариялау талаптарын бұзған жағдайда ӘҚБтК-нің 120-бабында мынадай айыппұлдар көзделген:
- жеке тұлғаларға — 10 АЕК (43 250 теңге);
- заңды тұлғаларға — 25 АЕК (108 125 теңге).
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы бюллетеньді қалай дұрыс толтыру керегін және қандай жағдайда оның жарамсыз деп танылатынын түсіндірген болатын.
Құрылтай сайлауында дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде, оның ішінде 61 шет мемлекеттегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жанындағы 79 учаскеде өтеді.
Құрылтай сайлауын бақылауға 777 шетелдік байқаушы қатысады. Олар 42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйымның өкілдері. Байқаушылар қатарында 41 ел парламентінің 138 депутаты да тіркелген.