***
Баянауыл дуанының оңтүстігіндегі Қарағанды облысының Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарымен шектесіп жатқан аумақ Күркелі ауылдық округі деп аталады. Бұл жер - «Күркелінің бауыры күнде дауыл» деп жырлаған Көтеш ақынды, Кенесарының батырлары Сейтен мен Тайжанды, аспандағы аққуға ән қосқан Жарылғапбердіні, Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында «таутан Жақып» атаған Жақып палуанды, Алаштың ардақты перзенті Жұмат Шанинді, Екібастұз көмірін ашқан кенші Қосым Пішенбаевты, басқа да ел тарихында есімі қалған тұлғаларды дүниеге әкелген ардақты мекен. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» бүгінгі санында «Жерлестері Шаниннен неге жерініп отыр?» атты мақаласында жазды.
Басылымның жазуынша, ұлтымызға осындай аяулы арыстарды сыйлаған Күркелінің, өкінішке қарай, ауылға атау беру мәселесінде біраз дау-дамайдың ошағына айналып отырған жайы бар. Неге десеңіз, бұл ауыл ел аузында төрт түрлі аталады: «Южный», Жұмат Шанин ауылы, Күркелі, Қапар. Ауылдық округтің Күркелі атануы сол жерде Күркелі тауының болуына байланысты. Ал Жұмат Шанин есімі 1992 жылы кеңшарға берілген. Бұл туралы күркелілік азамат Ерсін Сәрсенбаев былай деп еске алады: «Южный» кеңшарына Жұмат Шаниннің, ал осындағы мектепке Қошке Кемеңгеровтің есімі берілген жылы мен ауылда партком едім. Үй-үйді аралап тұрғындардың келісімін алып, қол жинап шыққаным есімде. Ел Шанин туралы азды-көпті білетін болып шықты. Сөйтіп, өшкеніміз жанғандай болып, ауылымыз жаңа атпен атала бастады». Осыдан соң, 1993 жылы, кеңшардың құрылғанына 50 жыл толғанда, ауылдың кіреберісіндегі асфальт жол бойына Жұмат Шаниннің батар күннің шұғыласына шағылысып жанып тұратын бейнесі орнатылды.
Ал Қапар атауының ауылға қалай таңылғаны беймәлім. Ауылдың Жұмат Шанин атауынан кездейсоқ ажырап қалуы сол кездегі басшылардың салғырттығынан болды ма, кім білсін. Әйтпесе, әйтеуір адам есімімен атап тұрған соң, Жұмат ауылы десе де болмас па еді.
Осыған қарамастан, ауыл жұртының бір бөлігі елді мекеннің Жұмат Шанин есімімен қайта қауышуына үзілді-кесілді қарсылық білдіруде. Бұдан бұрын да жергілікті басылым беттерінде Жұмат есімін ауылға қайтару мәселесі көтерілгенде, бастамашыларға бірлі-жарым ауыл ағалары дөңайбат көрсетіп: «Қапардың аруағына неге тиісесіңдер?» дегеніне куә болғанбыз. Бір рудың аталары арасындағы келіспеушіліктер салдарынан алты алаштың ардағы Жұмат Шанин есімі өз туған жерінде атаусыз қалып бара жатқаны жанға батады.
Жалпы, Жұмат Шаниннің кім екенін айтып жатудың өзі артық. Оны әр қазақ білуі тиіс. Өмірі мен шығармашылығын кезінде Рымғали Нұрғалиев зерттеп, ол туралы қыруар еңбек қалдырғаны белгілі.
1972 жылы Шымкент облыстық драма театрына Жұмат Шанин есімі берілді. Ал жерлестерінің Жұмат атынан неге үркіп отырғаны түсініксіз.
Негізі, Баянауыл кентінің өзінде бір көше, сондай-ақ, Астанада бір қысқа да елеусіз көше Шанин есімімен аталыпты. Алматыдағы көше үлкен. Басқа да елді мекендерде Шанин атында көше бар шығар, бірақ мұның бәрі Жұматтың атына бір ауылды қимай қалуға себеп емес қой. Әсіресе, туған ауылы Жұмат Шанин есіміне қайта ие болып жатса, оның несі айып?!
Қазір қайсы қиырға қарасаңыз да, қайсы ауылға ат шалдырсаңыз да «Жұмыссызбын!» деген азаматты кездестіре қалуыңыз бек мүмкін. Олар неге жұмыссыз? Оның түрлі себептері бар. Ал енді сол жұмыссыздың бәрі заман талабына сай жұмыс істеп, экономиканың әр кетігінде толассыз еңбек етсе қандай ғанибет!? Ел жағдайы жақсарып, қазіргіден де ірі қадаммен ілгерілей түсер ме едік. Әзірше олай болмай тұр. Әсіресе, қазақ жайлаған қиырға қарасаң, «жұмыс жоқ!» деген желеудің жалауы желбіреп көрінеді, деп жазады « Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Жұмыс жоқ емес, құлық жоқ» атты мақаласында.
Жиырма бірінші ғасырда, қазақтай кең даласы бар елде, құнарлы қойнауы түрлі асыл қазыналарға толы жерде аз ғана халыққа неге жұмыс табылмайды? Осының сырын, себебін білмек мақсатпен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жұмыспен қамту департаментінің бастығы Нұржан Қалдыбатырға жолығып, жұмыссыздықтың мән-жайын анықтауға тырыстық. Сөйтсек, Қазақстанда еңбек қолы, жұмыс күші керісінше қат екен. Дәл осы кезде еліміздің кез келген қаласында немесе ауылында тірлік қыламын деген адамға түрлі мүмкіндіктер жасалып жатыр. Тіпті, мынадай кәсіп ашып, өзімді өзім жұмыспен қамтымақпын десеңіз, сол істің қыр-сырын үйренуге мемлекет есебінен оқытып, оған барып-келер жол шығыныңызды өтеп, мұнымен бірге белгілі мөлшерде стипендия да төлемек. Қала былай қалып, ауылдағы ағайынға бұдан артық нендей жағдай керек? Тіпті, кәсібіңді меңгертумен қоймай, келешек бизнесіңді қалай құрып, қалай жоспарлауға дейін көмектесіп, кіріс пайдаң мен шығыс шығыныңды дұрыс есептеуді де үйретеді.
Негізі, өткен жылдың соңына дейін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында 110 мыңға жуық адам мамандық игеру, біліктілігін арттыру, қайта даярлау курстарында оқыған. Онда, біліктілігін арттыруға 3 ай, қайта даярлауға 6 ай уақыт кетсе, мамандық игерудің мерзімі 1 жыл екен. Былтыр 66 мыңнан астам азамат осындай оқыту орталықтарын бітіріп, олардың 84 пайызы тұрақты жұмыс орындарын тауып, қызмет етіп жатыр. Департамент бастығының айтуынша, елімізде барлық дерлік мамандықтарға сұраныс бар. Ауылды жерлерге мұғалімдер мен дәрігерлер, сондай-ақ, агрономдар мен мал дәрігері секілді мамандар керек. Ауыл шаруашылығында механизаторлар мен басқа да кәсіп иелеріне жұмыс бар. Ал қалада, ірі кәсіпорындарда көптеген мамандар жеткіліксіз екен. Басқаларын былай қойғанда, қазақ ұлтының құмар мамандықтары экономистер мен заңгерлер де жетіспейтін көрінеді. «Ірі компаниялар мен фирмалар білікті экономистер мен заңгерлерге зәру», - дейді Н.Қалдыбатыр.
Осы айтылғандардан жасалар түйін, елде жұмыс жоқ емес, сол бар жұмысты атқаруға құлық жоқ. Егер бойкүйездіктен арылар болсақ, екі қолға бір күректің табылары анық.
***
Қарағандыда «кәмелетке толмағандарды жыныстық құлдыққа сатпақшы болған» деген күдікпен 47 жасар ер адам мен 19 жасар бала ұсталды, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қазақстанда қыз да сатылады» атты мақаласында.
Басылым мәліметінше, олар Қарағандыда 13 және 14 жасар қыздарды жыныстық құлдыққа сатпақшы болған.
Хабарда сатып алушылар ретінде полицейлердің өздері барғандығы, ал сатушылардың қылмыс үстінде ұсталғандығы айтылған. «ҰҚТБ-ға кәмелетке толмағандарды жыныстық құлдыққа сату туралы жедел ақпар келіп түскен. Күдіктілер мен «мәміле» болатын орын анықталды», - деп түсіндірді облыстың ІІД баспасөз қызметінде.
Хабарда көрсетілгендей, сатушылар кәмелетке толмағандардың пәктігін 130 мың теңгеге бағалаған. Полиция ақпарынша, түсініктеме алу барысында ұсталғандар өз кінәлерін мойындады. Оларға қатысты ҚК 133-бабы «Кәмелетке толмағандарды сату» бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Деректер базасына сәйкес ұсталған ер адам жеңгетайлығы үшін бірнеше рет қылмыстық жауапқа тартылған, ал оның жақтасы ІІБ есебінде тұр.
«Сатпақ болған қыздар сәтті отбасынан шыққан, дегенмен Теміртауда қаңғып жүрген. Оларды 19 жасар күдікті Қарағандыға әкеліп, 47 жасар ер адамның үйінде үш күн бірге тұрған», - деп хабарлады облыстың ІІД баспасөз қызметінде.
Қазақстандықтарға тірі кезінде-ақ өз ағза-органдарын мемлекетке «мұраға» қалдыруға мүмкіндік беріледі. Осылайша елімізде «алмастыру» үшін қажетті донорлық ағзалардың тапшылығы проблемасын шешуге талпыныс жасалады. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Ағзаны «мұраға» қалдыруға болады» атты мақаласында жазды.
Басылымның атап өтуінше, Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен кешегі жалпы отырыстарында Мәжіліс депутаттары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске түзетулер енгізетін заңның жобасын мақұлдады.
Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың айтуынша, Денсаулық кодексіне енді «донорлардың өз ағзалары мен тіндерін, өлгеннен кейін ауыстырып қондыруға ерікті келісім беруі» қарастырылған. «Сіздер бүкіл елімізге тән, донорлыққа қатысты проблеманы білесіздер, - деді қалаулыларға қайырылған министр. - Ал кодекстегі қолданыстағы норма донорлықтың дамуына жол бермеуде. Сондықтан өз органдары мен тіндерін өлгеннен кейін трансплантациялау мақсаттарына беруге тірі кезінде ерікті түрде рұқсат беру тәртібі енгізілуде. Яғни, осындай келісім бергендер бойынша енді туыс-туғандарының келісімін сұрау қажет болмайды».
***
Қазақстан ІІМ тарихында тұңғыш рет полиция қызметкері өз бастығын жемқорлық әрекеттері үшін батыл түрде айыптап, ақырында ажал құшты. Бұл туралы «Время» газеті «Выстрел на пустыре» атты мақаласында жазды. Өзінің қарамағында істейтін капитанды қасақана атып өлтірген полиция майоры мүрдені Қызылорда қаласының сыртына шығарып, мұсылмандар зиратына апарып көміп тастаған.
Құрбан болған азамат басшысын одан тәуелсіздік күніне берілген 100 мың теңге сыйақының 40 мыңын бопсалағаны үшін айыптаған. Офицер сонда да қоймай осы ақшаны алып жатқан жерінен қолға түсіп, кейін қамаудан кепіл арқылы шыққан болатын. Басшысы өз қызметкерін қала сыртына алып шығып, арызын қайтарып алуын бұйырған, ал капитан бас тартқан соң, оны атып тастаған.