Медициналық сақтандыру қоры баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сақтандырылғандардың басым бөлігі немесе 11,3 млн қазақстандық жеңілдікті санатқа жатады.
Егер санаттар тұрғысынан қарайтын болсақ, балалар мен зейнеткерлер басым болады, бұл - сәйкесінше 6,5 миллион және 2,2 миллион адам.
«МӘМС шегінен тыс 3 млн астам адам қалып отыр. Олар біздің жүйеміздің бір бөлігі болып, сақтандырылған азаматтармен тең дәрежеде медициналық қызметтерге кеңейтілген қолжетімділікке ие болуы үшін белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз, өйткені қазір олар тегін медициналық көмектің кепілді берілген көлемі пакетіне ғана сене алады. Сондай – ақ, жарты миллионға жуық адам бақылауда, олар үшін тұрақты аударымдар жүрмейді», - деп атап өтті ӘМСҚ.
2020 жылдың 11 айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар түрінде 494,6 млрд теңге түсті.
Экономикалық белсенді емес халық үшін мемлекеттен транш – 272,1 млрд теңгені құрады.
Жұмыс берушілер 143,6 млрд теңге, жұмыскерлер – 63 млрд теңге, өзін – өзі төлеушілер – 1,9 млрд теңге, жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдар-9 млрд теңге, азаматтық – құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар – 2 млрд теңге, БЖТ төлеушілер-2,7 млрд теңге енгізді.
Аударымдар мен жарналардың басым бөлігі Алматы қаласына – 38,9 млрд теңге, одан кейін Нұр-Сұлтан қаласына – 24,4 млрд теңге түсті.
Солтүстік Қазақстан облысында ең төменгі көрсеткіш - 5,5 млрд теңге.