Спикердің сөзінше, елімізде 2026–2027 жылдары сәулелі зерттеулердің (рентген, компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томография) нәтижелерін қашықтан бағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай жүйені дамыту жоспарланған.
– Қазіргі таңда қашықтан медициналық көмек көрсету жүйесін кеңейту жалғасып жатыр. Медициналық ұйымдарға жаңа цифрлық шешімдер енгізіліп, телемедициналық платформалар қолданыстағы медициналық жүйелермен біріктіріледі. Жоспардағы негізгі бағыттардың бірі – орталықтандырылған телерадиологияны дамыту болып отыр. Оның аясында рентген, КТ және МРТ нәтижелері бейінді медициналық ұйымдардың мамандарына онлайн жіберіліп, олар қашықтан қорытынды беретін болады, - деді ол.
Оның айтуынша, бұл білікті диагностиканың қолжетімділігін арттырып, зерттеу қорытындысын шығару уақытын қысқартады. Сондай-ақ рентгенолог тапшы өңірлерде мамандардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік бермек.
Бұдан бөлек, мектеп медицинасы мен профилактика бағыты аясында 6 мыңнан астам мектеп пен 3 миллионнан астам оқушы цифрлық жүйемен қамтылады. Бұл профилактикалық тексерулерді жүргізуге, қашықтан консультация беруге және балалардың денсаулығын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі телемедициналық қызметтерді дамытуға жаңа стандарттар енгізген еді.