Қазақстанда сауда орындары жаңа стандарттарға көшулері керек - Н. Жазылбеков

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда Қазақстандағы бөлшек сауда саласы, өндірушілер, банкирлер және девелоперлердің «RETAIL BUSINESS KAZAKHSTAN 2015» атты II Халықаралық бизнес-саммиті өтіп жатыр.

Саммиттің басты тақырыбы «Қазақстандағы сауда бизнесі 2015: Табыс нормасы азайып жатса да, жұмысың жемісті болсын!» деп аталады.

«Бұл халықаралық бизнес-саммит осымен екінші рет өтіп жатыр. Онда бөлшек сауданы реттеу, ондағы кездесетін кедергілерді жою, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жұмыс істеу секілді мәселелер талқылану үстінде. Басты мақсат - сауда орындарының деңгейін арттырып, оларды жаңа стандартқа жеткізу. Қазір Парламентте «Сауда қызметін реттеу туралы» заң қаралып жатыр. Онда үлкен қалаларда, облыс орталықтарында, аудандарда, тіпті ауылдық жерлердегі сауда орындарының, дүкендердің қандай талаптарға сай болу керектігі қарастырылған. Яғни, енді базарлар, сауда орындары, дүкендер жаңа стандарттарға көшулері тиіс. Олар құрылыс нормаларына сәйкес салынуы керек. Және ең бастысы, енді заң бойынша сауда орындарының басшыларына үлкен жауапкершілік жүктеледі» - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Жазылбеков.

Бүгінгі шараға бөлшек сауда саласында қызмет атқаратан компаниялардың, желілердің және ірі дүкендердің өкілдері, азық-түлік өнімдерін шығаратын компаниялардың басшылары, банкирлер, қаржыгерлер, инвесторлар, девелоперлер және сауда саласына арналған жылжымайтын мүлік иелері қатысуда.

Айта кетелік, бүгін басталған бизнес-саммиттің жұмысы ертең де жалғасын табады.