Қазақстанда шағын бизнесті субсидиялау шарттары өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидалары өзгерді. Тиісті түзетулер Үкіметтің 2026 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен енгізілді.

Фото: gov.kz

Өзгерістерге сәйкес, экономикалық қызметтің басым бағыттары бойынша жобаларды жүзеге асырып жатқан немесе жүзеге асыруды жоспарлаған кәсіпкерлер субсидия ала алады. Бұл ретте жобаның іске асырылатын жері мен кәсіпкердің тіркелген жері ескеріледі.

Қазақстанның өңірлері мен аудандарында басым салалар тізіміне экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша алты кодтан артық енгізуге болмайды.

Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне салалық шектеу қойылмайды. Олардың жобалары тиісті тізілімде көрсетілген қызмет түрлері бойынша субсидияланады. Бұл ретте де жобаның іске асырылатын жері мен кәсіпкердің тіркелген жері ескеріледі.

Өзгерістерде инвестициялық жобаларға қойылатын талаптар да нақтыланды. Субсидия инвестиция салуға және айналым қаражатын толықтыруға бағытталған жаңа қаржы құралдары бойынша беріледі.

Инвестициялық шығындарға негізгі құралдарды, оның ішінде коммерциялық жылжымайтын мүлік, жабдық, техника, көлік, биологиялық, материалдық және материалдық емес активтерді сатып алуға жұмсалатын қаражат жатады. Сондай-ақ кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын нысандарды салу, жаңғырту, реконструкциялау және күрделі жөндеу шығындары да осы санатқа кіреді.

Инвестициялық жобалар аясында негізгі құралдар, жабдық, техника, көлік, құрылыс материалдары және басқа да активтер тиісті тізілімге енген қазақстандық өндірушілерден сатып алынуға тиіс.

Егер тізілімде қажетті тауарды немесе жабдықты өндіретін отандық компания болмаса, кәсіпкер оны басқа өндірушілерден сатып ала алады.

Жобалардың тиімділігін бағалау кезінде Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері, салық декларациясындағы мәліметтер, сондай-ақ бюджетпен есеп айырысудың жай-күйі туралы жеке шоттан алынған үзінді көшірме пайдаланылады.

Егер кәсіпкер белгіленген тиімділік көрсеткіштерін орындай алмаса, оған бір қаржы жылынан аспайтын қосымша мерзім берілуі мүмкін. Ол үшін жобаның іске асырылып жатқаны және қаржы құралының мақсатқа сай пайдаланылғаны расталуға тиіс.

Мұндай қосымша мерзім жабдықты жеткізу немесе оны іске қосу кешіккенде, рұқсат құжаттарын алу не инженерлік инфрақұрылымға қосылу созылған жағдайда берілуі мүмкін. Бұл ретте кешігудің себептері кәсіпкерге байланысты болмауға тиіс.

Инвестициялық жобаларды субсидиялау мерзімі субсидиялау басталған күннен бастап 18 айдан аспайды. Форс-мажор жағдайында, заңнамаға елеулі өзгерістер енгізілсе немесе күтпеген техникалық, экономикалық және өндірістік жағдайлар туындаса, қосымша алты айға дейін мерзім берілуі мүмкін.

Субсидия номиналды мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне төрт пайыздық тармақ қосылған деңгейден аспайтын қаржы құралдары бойынша беріледі.

Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген кәсіпкерлер үшін субсидия мөлшері номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 50%-ы. Мөлшерлеменің қалған бөлігін кәсіпкер өзі төлейді.

Бағдарламаға қатысатын лизингтік компанияларға қойылатын талаптар да белгіленді. Лизингтік компанияның соңғы есепті кезеңдегі қаржылық есептілікпен расталған меншікті капиталы кемінде 1 млрд теңге болуы тиіс. Сонымен қатар компания өтінім бергенге дейін негізгі қызметін кемінде бір жыл жүргізуге тиіс.

Субсидия алу үшін кәсіпкер қаржы институтына өтініш береді. Қаржы институты жобаның қаржылық-экономикалық тиімділігін бағалап, оң шешім қабылдағаннан кейін құжаттар қаржы агенттігінің филиалдарына қарауға жіберіледі.

Қарау қорытындысы бойынша субсидия беру, одан бас тарту немесе жобаны пысықтауға жіберу туралы шешім қабылданады.

Қаулы 2026 жылғы 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін елімізде жарты жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны шамамен 550 мыңға артқанын жазған едік.