«Біз заңды түрде келетін шетелдіктер сияқты, жасырын келетін шетел азаматтарының тартылыс аймағы болып саналамыз. Қазақстандағы өмір сүрудің жоғарғы деңгейі көршілес елдердің мыңдаған адамдарын елімізге тартып отыр. Бұның жағымды да, жағымсыз да тұстары бар. Заңсыз көші-қон қылмыспен тығыз байланысты», - деп атап өтті Елбасы.
Осыған байланысты Президент заңсыз көші-қон арналарын жою мақсатымен мемлекет ішіндегі желі сияқты, халықаралық ынтымақтастық желісінде де байыпты алдын алу жұмыстары жүргізілуі қажет деп санайды.
«Қазақстаннан заңсыз келген шетел азаматтарын шығару мен оларға қатысты қатаң шара қолданудың тетігі жасалуы тиіс. Біздің азаматтарымыздың мүдделері алғашқы орында тұрады. Әлемнің көптеген елдері заңсыз көші-қонға қатысты қатаң шараларды қолға алуда, солардан үйрену керек», - деп атап өтті Президент.
Н.Назарбаев көші-қон полициясының алдында үлкен міндеттер тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар Елбасы өзіндік мәселелері бар ішкі көші-қон мәселесі туралы да естен шығармауды еске салды.
Мемлекет басшысы 2011 жылдың қорытындылары бойынша Үкімет отырысында Ішкі істер министрлігінің осы бағыттағы жұмысын қарап, қажетті шаралардың барлығын қолға алуды, толықтыруды қажет ететін нормативтік базаны жеке қарауды тапсырды.