Еске сала кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қызметі мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы екінші оқылымда мақұлданған болатын.
«Заң жобасы шеңберінде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты шетелдік банктер филиалдарының жауаптылығы да бекітіліп отыр. Сонымен қатар, шетелдік банктердің филиалына Ұлттық банк тарапынан бақылау жасау құқығы ұсынылады. Екінші, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында шетелдік валютада табысы жоқ жеке тұлғаларға шетелдік валютада ипотекалық қарыз беруге тыйым салу көзделеді. Бұдан бөлек, қарыз төлеуге қабілетсіз алушының міндеттемелеріне қатысты ерекше тәртіп қарастырылып отыр. Айта кетейік, бұрын қарыз төлеуге қабілетсіз тұлға ең бірінші кезекте банктердің шығындарын өтеп, сосын ғана негізгі қарызын төлеуі тиіс еді. Бұл тұтынушыларға қиындық тудырған болатын», - деді Н. Сабильянов.
Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, заң жобасына сәйкес, ипотекалық несие шарты бойынша міндеттеме мерзімі өткеннен соң 180 күннен кейін сыйыақы мен тұрақсыздық айыбын есептен шығару нормасы да қамтылып отыр. Несиенің де тұрақсыздық айыбының да мөлшері қайта қаралды. Енді 90 күннен кейін несие айыбы төмен ставкамен есептеледі, сосын бұл берілген несиенің 10 пайызынан аспауы керек.
«Бұдан басқа, қаржылық тұрақтылықты қолдау мақсатында ұлттық валютаның еркін өзгермелі бағамына көшуіне байланысты жеке тұлғалардың өтемақы төлеуге қатысты операциялар жүргізу жөніндегі өкілеттіліктері қаралып отыр. Осы ретте тұлғалардың валюта айырбастаудың нарықтық бағамынан айла-шарғы жасау мақсатында мәмілелер жасағаны үшін жауаптылығы қарастырылды», - деді депутат.