Қазақстанда соңғы 3 жылда 80 еңбек дауы оң шешімін тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда соңғы 3 жылда 80 еңбек дауы оң шешімін тапты. Бұл туралы бүгін Астанада өткен халықаралық конференцияда ҚР Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов мәлім етті.

«Қазақстанда соңғы 3 жылда 80 еңбек дауы оң шешімін тапты. Дау-дамайлар негізінен дағдарыс кезінде пайда бола бастайды. Дегенмен біздің елде кәсіподақтар туралы заң уақытында қабылданды, сонымен қатар үшжақты келісімді дамытып жатырмыз. Дау-дамай туған кезде үшжақты комиссия құрылады. Ең басты себептердің бірі - жалақы мәселесі, оның уақытында түсіп тұруы. Бүгінгі таңда еңбек дауларының барлығы өз шешімдерін тапты», - деді ол.

Федерация басшысының келтірген мәліметтеріне сәйкес, былтыр дағдарыста тұралап қалған кәсіпорындардың жұмысшылар алдындағы жалақы берешегі 1,5 млрд. теңгені құраған. Қазіргі уақытта олар өтелді.

Жалпы, Қазақстанда 180 мың кәсіпорын бар.

«Қазіргі уақытта жалақы кешіктіріп жатқандар әлі де жоқ емес, әсіресе, банкротқа ұшыраған немесе уақытша қиындық көріп отырған кәсіпорындарда жағдай осындай. Олармен жұмыс жасап жатырмыз. Берешек сомасы туралы айту қиын, ол күн сайын өзгеріп тұрады. Қанша кәсіпорын жалақы кешіктіріп жатқанын анықтау мүмкін емес. Ондай санақтар атқарушы органдарда жасалып отырады. Біздің міндетіміз - осындай жағдайлар туындаған кезде оны бірлесіп шешу», - деді Ә.Құсайынов.

Оның атап өткеніндей, ең түйткілді салалар - мұнайгаз, құрылыс және тау-кен салалары болып табылады. Жалақы кешіктіру жайттары Қарағанды, Маңғыстау және Астана қалаларында көп.

«Еңбек даулары «Арселор Миттал Теміртау» компаниясында жиі болады. Ол мәселелер осында шешімін тауып жатады. Мұндай мәселелер мұнайгаз кәсіпорындарына қызмет көрсету саласында да кездеседі. Олар да шешімін тауып отырады. Мұндай жағдайлар құрылыс саласында да ушығатыны бар. Бірақ заңнамалық тұрғыда біз өте жақсы қаруланғанбыз. Бізге жетпейтіні - әлеуметтік серіктестік, бір төбеде үшжақты келісу мәселесін жолға қою», - деп атап өтті федерация төрағасы.