Қазақстанда спорт өте жақсы дамып келе жатыр - футболдан біріккен Африка командасының капитаны

;       АЛМАТЫ. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда спорт өте жақсы дамып келе жатыр. Оны "Шекарасыз футбол" мега-жобасына қатысып жатқан біріккен Африка командасының капитаны Лари Эбикоро  бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты,

    деп хабарлайды ҚазАқпарат.

             "Бұл "Ақтөбе" футбол командасының Чемпиондар лигасындағы ойынында да айқын аңғарылды.  Қазақстан футболында бір ғана мәселе бар.Ойыншылар шет елдерге көп шықпаған, тәжірибелері аз. Сіздерде жақсы ойыншылар  көп, бірақ олар елдің өз ішіндегі турнирлерде ғана ойнайды. Егер олар өзге құрлықтарға жиі барып ойнаса, үлкен тәжірибе алар еді", дейді   Лари Эбикоро.

             Біріккен Африка командасы "Шекарасыз футбол" жобасының аясында бұған дейін Қазақстандағы  Премьер-лиганың 3, бірінші лиганың 1 командасымен жолдастық кездесу өткізген. Оның алғашқысы шілденің 5-і күні Талдықорғанда "Жетісу" командасымен өтіп, онда  4:0 есебімен жергілікті команда басымдық танытты. Одан кейін шілденің 10-ы күні Шымкентте "Айжарық" командасымен өткен ойын 1:1 есебімен аяқталды. Қонақтар одан кейін  шілденің 12-сі күні Таразда  қала аттас командадан 0:4, ал шілденің 14-і күні Балқашта "Қазақмыс" командасынан 0:3 есебімен ойсырай ұтыды. Келесі кездесу тамыздың 8-і күні Қаскелеңде "Сұңқар" командасымен өтеді.

             Лари Эбикороның айтуынша,  біріккен Африка командасының бұған дейінгі ұтылыстары дайындықтың нашарлығынан болды. Сол себепті олар  бұл  жеңілістерін електен өткізіп,  алдағы кездесуге тас-түйін дайындалып отыр.