Қазақстанда су үнемдеудің өзекті мәселелерін қалай шешуге болады

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстанда қазіргі таңда барлық салада су үнемдеуге бағыт ұсталып отыр. Мұның экономика үшін ғана емес, ел болашағы үшін де стратегиялық маңызы зор. Осы орайда Kazinform тілшісі мамандарға жолығып, мәселені саралап көрді.

Фото: Freepik

Су кодексінің негізгі талаптары қандай

Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Қанат Өтеғалиевтің мәлімдеуінше, елімізде өткен жылы қабылданған Су кодексі суды үнемдеуді енгізуге, ластанудан және оның тапшылығынан қорғауға, мемлекеттік бақылауды күшейтуге және қоғамды басқаруға тартуға бағытталған.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанда су ресурстарын тиімді пайдалануды ынталандыруға, сондай-ақ үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған бірқатар жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Су үнемдеу технологияларын, суармалы суды, тарифтерді енгізуге инвестицияyы субсидиялау түрінде ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

Ұңғымаларды бұрғылау және инфрақұрылымды жүргізу кезінде, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алу және орнату кезінде фермерлер үшін шығындарды өтеу үлесі 50-ден 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Тариф құнына байланысты суармалы суға арналған субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді. Су үнемдеу технологияларын қолданатын су пайдаланушылар үшін субсидиялар ұлғайтылды.

— Қазақстанның су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді. Жаңа су қоймаларын салу мен реконструкциялаудан басқа, ол цифрландыру, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және суару жүйелерін жаңғырту жөніндегі іс-шараларды қамтиды. Бұдан басқа, 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеу жөніндегі жол картасы іске қосылған болатын. Онда экономикада су тұтынуды азайту, су үнемдеу технологияларын енгізу үшін фермерлерді субсидиялауды қамтамасыз ету, әділ тарифтік саясат ұстану, суды есепке алу жүйелерін орнатуға және халық арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар көзделген, — дейді Қанат Өтеғалиев.

Фото Қанат Өтеғалиевтің жеке архивінен

Оның пікірінше, су ресурстарын тиімді, ұтымды пайдалануға қол жеткізу үшін үнемдеу технологияларын қолдану қажет. Мысалы, ауыл шаруашылығында тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесін енгізу.

Өнеркәсіптегі суды үнемдеу суды тазарту мен қайта пайдаланудың заманауи технологияларын енгізу, өндірістік процестерді оңтайландыру, су шығынын бақылау және ағып кетуді жою сияқты шаралар кешенін қамтиды. Бұл суды тазарту шығындарын және энергия мен суды тұтынуды азайтуға, су ресурстарына жүктемені азайтуға және қоршаған ортаға жағымсыз әсерлерді азайтуға ықпал етеді. Ал кері осмос, жұмсарту, механикалық сүзу сияқты тазарту жүйелерін енгізу суды өндірістік процестерде қайта пайдалануға мүмкіндік береді (мысалы: салқындату немесе жуу үшін).

Су ағынын бақылау және өлшеу жүйелерін орнату тұтынудың жоғарылауы бар аймақтарды анықтауға және деректерге негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі. Оған қоса құбырларды жүйелі түрде тексеру және уақтылы жөндеу суды тиімсіз пайдалану қаупін азайтады.

Су объектілері мен су ресурстарын өнеркәсіп пен жылу энергетикасының мұқтажы үшін пайдалану үшін Су кодексінде 123-бап көзделген. Осы баптың 2-тармағында өнеркәсіптік ұйымдар мен жылу өндіруші субъектілер айналымдағы және (немесе) қайта сумен жабдықтау жүйелерін енгізу арқылы су ресурстарын ұтымды пайдалануға міндетті екендігі айтылған.

Фото Сәрсенбек Монтаевтың жеке архивінен

Кодекстің 133-бабының 5-тармағына сәйкес айналымдық және (немесе) қайта сумен жабдықтау жүйелері жоқ өнеркәсіптік ұйымдар мен жылу өндіруші субъектілер кодекстің 123-бабының 2-тармағында көзделген міндеттерді іске асыру үшін осы кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірмей көрсетілген жүйелерге көшу жоспарын ұсынуға міндетті. Бұл ретте жоспарды іске асыру мерзімі бес жылдан аспауға тиіс.

Бір назар аударатын жайт, министрдің міндетін атқарушының 2025 жылғы 26 маусымындағы № 154 бұйрығымен «Су пайдаланушылардың су ысырабын азайту және қолда бар озық технологияларды енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарларын орындамаған кезде су пайдаланудың рұқсат етілген көлемін қысқарту қағидалары» бекітілді. Бұл қағидалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

— Осы ереже арнайы су пайдалануға рұқсаты бар барлық су пайдаланушыларға қолданылады. Бұл ретте су ысырабын қысқарту және қолда бар ең үздік технологияларды енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалуы тиіс. Жалпы, Су кодексі бойынша бассейндік су инспекцияларына мемлекеттік бақылауға қоса қадағалау қызметі қосылды. Осыған орай тексерулер жүргізіліп, тиісті қадағалау шаралары атқарылып келеді. Бүгінгі таңда инспекция мамандары су үнемдеу мәселесіне қатысты барлық өнеркәсіп кәсіпорындарында, әлеуметтік нысандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұдан шалғай аудандардағы шаруа қожалықтары да тыс қалып жатқан жоқ, — деп қосты Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жаңа жобаны қалай жүзеге асыруға болады

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті «Құрылыс материалдары жәнә технологиялар» ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбек Монтаевтың мәлімдеуінше, Қазақстанның өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығында су тұтыну көлемі артып отырған жағдайда су үнемдеу технологиясын енгізу ерекше маңызға ие.

Профессордың сөзіне қарағанда, су айналымы (айналмалы сумен жабдықтау) жүйелеріне көшу таза суды алуды едәуір қысқартуға (70–90 пайызға дейін), ағынды сулардың көлемін азайтып, кәсіпорындардың экологиялық тұрақтылығын арттыруға септеседі.

— Әсіресе, табиғи сорбенттерді (опока, бентонит, диатомит) қолдануға негізделген модульдік жүйелер үлкен перспективаға ие. Олар суды тиімді қосымша тазартуды қамтамасыз етіп, оны минималды капиталдық және эксплуатациялық шығындармен бірнеше рет қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Әлемдік деңгейде су айналымы жүйелері мен суды қайта пайдалану технологиялары жедел қарқынмен дамып келеді. Соңғы 20 жылда олардың қуаты 3 еседен астам артты, жыл сайынғы өсім — шамамен 7 пайыз. Су рециркуляциясы технологияларының нарығы кеңейіп, «жасыл экономика» мен тұрақты дамудың негізгі элементтерінің біріне айналуда, — дейді Сәрсенбек Әлиакбарұлы.

Фото Сәрсенбек Монтаевтың жеке архивінен

Су айналымы және суды қайта пайдалану саласындағы көшбасшы елдер:

  • Израиль — әлемдік көшбасшы, ағынды судың 80 пайыздан астамын қайта пайдаланады;
  • Сингапур — терең тазарту технологиялары (NEWater) бойынша алдыңғы қатарда;
  • АҚШ (әсіресе, Калифорния штаты) — суды қайта пайдалану бойынша ірі жобалар жүзеге асырылуда;
  • Намибия — ауыз суды тікелей қайта пайдалану бойынша бірегей тәжірибе;
  • Еуропалық Одақ елдері (Германия, Нидерланд, Испания) — құрғақшылықпен күресу мақсатында суды тазарту және қайта пайдалану жүйелерін жүйелі түрде енгізуде.

Осылайша, әлемдік тәжірибе су айналымы жүйелеріне көшу су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, табиғи ресурстарға түсетін жүктемені азайтатын және экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін стратегиялық бағыт екенін көрсетеді.
Ғалымның пайымдауынша, қазіргі уақытта Қазақстанда су ресурстарын тиімді пайдалану және суды қайта қолдану мәселесі өзекті болып отыр. Осы мақсатта сорбциялық тазарту негізіндегі су айналымды сумен жабдықтау жүйелері кеңінен қолданыла бастады.

Жүйе бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен өндірісте пайдаланылған ағынды су алдын ала тазартудан өтеді, яғни ірі механикалық қоспалардан тазартылады. Кейін негізгі кезең — сорбциялық тазарту жүзеге асырылады. Бұл кезде белсендірілген көмір, цеолит, табиғи минералдар және басқа сорбенттер арқылы судан органикалық заттар, мұнай өнімдері және ауыр металдар жойылады.

Қосымша тазарту кезеңінде мембраналық технологиялар мен зарарсыздандыру әдістері қолданылады. Нәтижесінде жоғары сапалы су алынып, ол қайтадан өндірістік жүйеге жіберіледі.

Сөйтіп бұл технология суды үнемдеуге, табиғи ресурстарға түсетін жүктемені азайтуға және экологиялық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.

Фото Сәрсенбек Монтаевтың жеке архивінен

Опока негізіндегі модификацияланған сорбенттерді инновациялық әзірлеу жобасының жаңашылдығы мынада. Батыс Қазақстан облысы аумағындағы Тасқала кен орнының опокасы негізінде бентонит қоспасы қосылған және поливинил спирті (ПВС) матрицасында түйіршіктелген модификацияланған бейкөміртекті сорбенттер әзірленді. Бұл материал 100 пайыз суға төзімділікті, реттелетін кеуектілікті және жоғары сорбциялық белсенділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар модульдік қондырғыда екі сатылы сорбциялық сүзу жүйесі іске асырылған.

Артықшылықтары:

  • Жоғары меншікті беткі аудан (≈107–109 м²/г) және дамыған микро және макрокеуектілік;
  • Адсорбция және ионалмасу механизмдерінің үйлесімі;
  • Қаттылық пен хлорид иондарын тиімді төмендету (≈400 °C термомодификация кезінде жоғары нәтиже);
  • 1–2 мм түйіршікті форма — пайдалану ыңғайлылығы және жоғары тиімділік;
  • Табиғи шикізаттың экологиялық қауіпсіздігі және уытсыздығы.

Экономикалық тиімділігі:

  • Жергілікті шикізатқа байланысты төмен өзіндік құн;
  • Мембраналық жүйелерге түсетін жүктемені азайту;
  • Қайта регенерациялау және ұзақ мерзімді пайдалану мүмкіндігі;
  • Жалпы тұздануды (TDS) 76–79 пайызға дейін төмендету тиімділігі.
Фото Сәрсенбек Монтаевтың жеке архивінен

Бұл әзірлеме — шетелдік сорбенттердің (Ecosoft, Greensand) баламасы. Толығымен Қазақстанның шикізат базасына негізделген және импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтуға жәрдемдеседі.

Оған қоса кремнийлі жыныс — опока негізінде алынған модификацияланған сорбенттерді пайдалану арқылы суды тұщыландыру және тазарту мақсатында эксперименттік модульдік зертханалық қондырғы дайындалды. Бұл қондырғы суды кезең-кезеңімен тазартуға мүмкіндік беретін бірнеше модульден тұрады және табиғи сорбенттердің жоғары тиімділігін тәжірибе жүзінде зерттеуге бағытталған. Жүйе судың тұз құрамын төмендетіп, зиянды қоспалардан тазартуға қабілетті.

Бұл мобильді жүйе әртүрлі жағдайларда суды тиімді тазартуға мүмкіндік береді және табиғи сорбенттердің жұмыс қабілетін тәжірибелік түрде зерттеуге арналған. Қондырғының артықшылығы — оның тасымалдануы жеңіл және дала жағдайында да қолдануға қолайлы. Әзірленген сорбенттерді қолдана отырып, жер асты суларын тазартуға арналған жұмыс істеп тұрған модульдік қондырғы шаруашылық жағдайында малды суаруға пайдалану үшін тәжірибелік сынақтан өткізілді.

— Жүргізілген зерттеулер Батыс Қазақстанның опокасы негізінде әзірленген модификацияланған сорбенттердің минералданған жер асты суларын тазарту және тұщыландырудағы жоғары ғылыми-практикалық әлеуетін растады. Судың тиімді тазартылуы дамыған кеуекті құрылым мен адсорбция және ионалмасу механизмдерінің үйлесімі арқылы қамтамасыз етілетіні анықталды. Әзірленген опока-бентонит түйіршікті сорбенттері жоғары суға төзімділікке, технологиялық тиімділікке және жоғары тазарту қабілетіне ие, бұл оларды модульдік су айналым жүйелерінде қолдануға мүмкіндік береді. Технология кең көлемде қолдануға және тәжірибеге енгізуге дайын, соның ішінде жайылымдарды суландыру жүйелерінде және жергілікті су тазарту қондырғыларында пайдалануға болады, — дейді С. Монтаев.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су — ең құнды ресурстардың бірі

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Хұсайыновтың толықтыруынша, XXI ғасырда су ең құнды ресурстардың біріне айналып отыр. Халық санының өсуі, климаттың өзгеруі, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің дамуы су ресурстарына түсетін жүктемені арттыруда. Сондықтан заманауи мемлекеттің басты міндеті — суды жай ғана пайдалану емес, оны ұтымды әрі тиімді басқару.

Қазақстан үшін бұл мәселе аса өзекті, себебі еліміз тұщы су қоры шектеулі аймақтарға жатады. Ал Батыс Қазақстан облысы үшін су үнемдеу тақырыбы өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне және жерүсті су көздеріне тәуелділігіне байланысты ерекше маңызға ие. Су ресурстары қала мен ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне, өнеркәсіпке, балық шаруашылығына, табиғи экожүйелерді сақтауға пайдаланылады.

— Өңірдегі негізгі су көзі — Жайық, сондай-ақ шағын өзендер, көлдер, су қоймалары мен лиман жүйелері. Бүгінде су саласында бірқатар мәселе туындады, мұны су аз келетін жылдар, жазда буланудың жоғары болуы, тозған каналдар, тасымалдау кезіндегі шығындар, айдындардың ластануы және ресурстардың біркелкі бөлінбеуі деп сипаттауға болады. Сондықтан суды тиімді пайдалану бүгінде өмірлік маңызы бар міндетке айналып отыр, — дейді филиал басшысы.

Қазсушар деректеріне сәйкес кәсіпорын теңгерімінде қазіргі таңда 14 су қоймасы, 4 гидроторап, 1 бөгет, 1808,16 шақырым магистралды, таратушы, суландыру каналдары бар. Соның ішінде 1974 жылы пайдалануға берілген Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі — республикадағы ең ірі жүйелердің бірі. Облыстың 87 елді мекенін сумен қамтиды.

Каскадты су қоймаларында 260,3 млн текше метр стратегиялық су қоры жинақталады. Бүгінде су қоймалардың орташа толтырылуы жобалық көлемнің 62 пайызын құрап отыр. Орал қаласы және Бәйтерек ауданының саяжай алқаптары мен коммуналдық мекемелерін сумен қамтитын Шаған трансшекаралық өзеніндегі Шаған су қоймасы көктемгі тасқын кезінде 19,1 млн текше метр немесе 100 пайызға толтырылды.

Фото Сәрсенбек Монтаевтың жеке архивінен

Ал Казталов, Жаңақала аудандарындағы су көзі — Қараөзен мен Сарыөзендегі көрсеткіш — 61 пайыз. Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданына су жеткізетін Жәнібек суландыру-суару жүйесі қайта жаңғыртылуда. Сол секілді Ислам даму банкі есебінен Казталов ауданы аумағында жалпы көлемі 28,0 млн текше метр су қоймасы салынып, Тасқаладағы Жайықбай суландыру каналын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. 

— Заман талабына сәйкес басқару технологияларын енгізудің маңызы зор екендігі түсінікті. Осы орайда гидробекеттерді автоматтандыру, су деңгейін онлайн бақылау, каналдардың цифрлық карталарын әзірлеу, су нысандарын қашықтан мониторингтеу жұмыстары ұйымдастырылған. Бұл өз кезегінде су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалануды көздейді. Су — орны толмайтын ресурс. Отынды, материалды, технологияны алмастыруға болса, суды алмастыру мүмкін емес. Сондықтан су үнемдеу — тек экономика емес, мемлекеттің болашағының да мәселесі, — деп түйіндеді сөзін Рауан Хұсайынов.

Фото Рауан Хұсайыновтың жеке архивінен

Су кодексінің талаптарын орындай отырып, бұл заманауи мәселені шешуге мемлекеттік органдардан бастап қарапайым тұрғындарға дейін мүдделі болуы керектігі күмән тудырмайды.

Батыс Қазақстан облысындағы су қоймаларының жағдайы жөнінде мына сілтемеден оқыңыздар.