Қазақстанда суды басқару саласы жетілдіруді қажет етеді - ЕО жобасы

аурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда суды басқару саласы жетілдіре түсуді қажет етеді.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Еуропалық Одақтың «Қазақстан Республикасында экологиялық саясаттың құралдарын енгізу» атты жобасының таныстырлымы барысында жобаның бас сарапшысы Болат Есекин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда су мәселесі түрлі ведомстволармен, бытыраңқы түрде басқарылады, ол бойынша өкілеттік бірқатар министрліктерге, аумақтық органдарға бөлініп кеткен. Елімізде қызмет ететін барлық дерлік халықаралық ұйымдар, халықаралық баяндамалар мен өкілдіктер Қазақстандағы суды басқару мәртебесін күшейту қажеттігін алға тартады. Сонымен бірге, елімізде суды басқару саласындағы стандарттардың түгелі ескірген, өткен ғасырдың 50-ші жылдары енгізілген стандарттар болып табылады. Кейбір облыстарда суға қатысты тарифтер нөлдік деңгейді құрайды. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қатысты болып отыр. ЕО жобасы сарапшыларының пайымынша, «нөлдік» тариф суды үнемдеумен қоса, осы салаға инвестиция тартуға да кедергі болады. Бұнымен қоса, инфрақұрылымды қалпына келтіру, жаңа технологиялар енгізу мәселелерінің барлығы тариф саясатының салмақтылығын қажет етеді», деді Б. Есекин.

Оның сөзіне қарағанда, суға қатысты ешбір тариф болмаған жерде, сол секторға жеке инвесторларды тарту да қиын. Өйткені қандай да болмасын инвесторлар ең алдымен инвестицияның қайтарымын болжайды.