Спикердің айтуынша, Қазақстан су тапшылығы, климаттың өзгеруі, экономика мен халықтың су ресурстарына деген сұранысының артуы, сондай-ақ бірқатар өңірлердің трансшекаралық өзендерге тәуелділігі сияқты күрделі сын-қатерлерге тап болып отыр. Мұндай жағдайда су ресурстарын дәстүрлі әдістермен ғана басқару жеткіліксіз. Сондықтан нақты деректер, уақтылы болжамдар, ашық есеп жүргізу және заманауи цифрлық құралдар қажет.
— Цифрлық трансформацияның негізгі элементі — Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі. Бұл жүйе — су саласының бірыңғай цифрлық платформасы. Қарапайым тілмен айтқанда, мұнда су нысандары, су қоймалары, каналдар, гидротехникалық құрылыстар, жерасты сулары, су пайдаланушылар және саланың өзге де объектілері туралы барлық ақпарат жинақталып, жүйеленеді, — деді спикер.
Сонымен қатар ұлттық ақпараттық жүйе су балансын жүргізуге, су пайдалануды талдауға, су қоймаларының жай-күйін бақылауға, трансшекаралық су объектілері бойынша деректермен жұмыс істеуге, сондай-ақ ғарыштық мониторинг секілді заманауи құралдарды қолдануға мүмкіндік береді.
— Қазіргі уақытта жүйені іске қосуға дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Алдағы күндері, бір ай ішінде оны өнеркәсіптік пайдалануға беріп, барлық қажетті рәсімдерді аяқтап, толыққанды жұмысын қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, — деді Аслан Абдраимов.
Вице-министрдің айтуынша, келесі маңызды бағыт — су ауыл шаруашылығының негізгі ресурсы саналатын фермерлермен жұмысты цифрландыру. Осы мақсатта «Қазсушар» РМК аясында су пайдаланушылармен өзара іс-қимылдың негізгі процестері цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Атап айтқанда, өтінім беру, келісімшарт жасау, шот ұсыну, актілер қалыптастыру және төлемдерді бақылау жұмыстары электронды жүйеге енгізіліп жатыр.
Бұл фермерлер үшін жұмысты жеңілдетіп, құжат айналымын электронды форматқа көшіруге, қағазбастылықты азайтуға, есеп айырысу мен су жеткізудің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Ал мемлекет үшін қанша су сұратылғаны, нақты қанша көлемде жеткізілгені, келісімшарттардың орындалуы және төлем тәртібі туралы нақты деректер алуға жол ашады.
Сонымен қатар су тұтынуды ерте болжау жүйесін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның басты мақсаты — су пайдаланушыларға қанша көлемде су қажет болатынын, қандай кезеңдерде және қай бағыттар бойынша сұраныс артатынын алдын ала анықтау.
Бұл ретте тек фермерлерге ғана емес, су ресурстарын көп пайдаланатын өнеркәсіптік, коммуналдық және басқа да ұйымдарға ерекше назар аударылады. Жүйе су жеткізуді тиімді жоспарлауға, нақты қажеттілікті анықтауға және су шаруашылығы ұйымдары мен тұтынушылар арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
— Алдағы уақытта бұл жүйе суға деген сұранысты болжаудың, су ресурстарын ұтымды бөлудің және олардың тиімсіз пайдаланылу қаупін төмендетудің маңызды құралына айналады, — деді вице-министр.
Айта кетейік, Барлық кәсіпорын су үнемдеудің бес жылдық жоспарын әзірлеуге міндеттеледі.