Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері арасында республикалық «Абай оқулары» байқауы өткізіледі

АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 2010 жылғы қыркүйек айында Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері арасында республикалық «Абай оқулары» байқауын өткізеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байқаудың мақсаты - мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттыру.

Байқаудың міндеттері:


1. Қазақ тілінің көркемдік келісімін, бай қорын Абай шығармалары арқылы насихаттау;


2. Абай шығармалары негізінде қоғамдық ынтымақтастықты орнықтыру;
3. Абай шығармалары арқылы көркемсөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетілдіру;


4. Абай шығармаларын тіл үйренудің тиімді әдісі ретінде таныту.

Байқаудың шарттары:


«Абай оқулары» байқауына Қазақстанда тұратын өзге ұлттар өкілдері шақырылады. Әр облыстан және Алматы, Астана қалаларынан көркем сөз оқу мен ән айту шеберліктерін қатар игерген 18 - 30 жас аралығындағы 1 үміткерден қатыса алады.



Байқау үш тапсырмадан тұрады:


1. Көркем сөз оқу шеберлігін айқындау:


- Абай шығармаларын (поэзия, қара сөздері) қазақ тілінде жатқа оқу;
- «Абай жолы» романынан қазақ тілінде жатқа үзінді оқу.
2. Әншілік қабілетін таныту - Абай әндерін немесе қазақ халық әндерін орындау (1 ән).


Байқау екі кезеңде өтеді.


Бірінші кезең - облыстық (қалалық) іріктеу байқаулары (аймақтық байқаудың жеңімпаздары туралы ақпараттар үстіміздегі жылғы тамыздың 30-на дейін Тіл комитетіне жолдануы тиіс);


Екінші кезең - республикалық байқау, Қазақстан халықтары тілдері фестивалінің аясында қыркүйек айында өтеді.


Республикалық байқаудың сарапшылары байқауға қатысушыларды алдын-ала тыңдап, сахнадан оқылатын өлеңдерін іріктейді.
Үміткерлер өнерін бағалау кезінде: көркем мәтінді оқу шеберлігіне;
қазақ тілінде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеуіне; ән орындау қабілетіне; сахналық мәдениетіне назар аударылады. Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.