Қазақстанда туристерді неліктен жақтырмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлем елдері экономикасын өндіріс немесе шикізаттық ресурстарды сатумен ғана көтеру мүмкін емес екенін жақсы түсініп отыр. Себебі, қаржы секторындағы дағдарыс жалпы өнімге деген сұранысты едәуір қырқып тастады. Осы орайда туризм саласындағы әлеуетін жақсы түсінгендер саяхатшыларды өздеріне тарту үшін түрлі тәсілдерді қолданып, тырысып бағуда. Дегенмен де соңғы кезде туристердің өзге елдерге сапарлауы да сиреп бара жатқан секілді және бұл тұрғыда Қазақстаннан шет елге баратын туристердің қатары азайғанын да аңғаруға болады. Керісінше, қазіргі кезде ішкі туризмнің дамуы жаңа деңгейге шығып отырған сыңайлы. Атап айтқанда, Қазақстанның туристік саласын барынша дамыту үшін не істеуге болады?

Биыл еліміздегі ішкі туризмнің және Қазақстанға келетін туристердің біршама өскені байқалып отырған көрінеді. Бұған ең алдымен әлемдік қаржылық сектордағы өзгерістер, сонымен қатар өзге де жаһандық үдерістер ықпал етті. Соңғы уақытта Еуропада қауіпсіздікке қатысты, көші-қон бағытындағы бірқатар мәселелер туындағаны белгілі. Осы ретте жаппай туризм Оңтүстік Шығыс Азияға қарай ауып келеді. Жалпы, бұл үдерісті Қазақстан оңтайлы пайдалана алса, ұтарымыз мол болмақ. Мамандардың пайымынша, алдағы жылы елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін барынша ұтымды пайдаланған жағдайда, туристердің санын күрт арттыруға мүмкіндік бар. Алайда, ЭКСПО аяқталғаннан кейін елімізде туристердің қарасы қалың бола ма? Бұған ешкім де кепілдік бере алмайды. Демек, салаға ұзақмерзімге көзделген, яғни шетелдіктерді қызықтыратын негізгі фактор керек болып тұр. Осы орайда түркі өркениетінің маңызды орны ретінде Қазақстан туристердің кең қызығушылығына ие болар еді. Елімізге сапарлап келетін шетелдік туристерге қазіргі кезде әралуан табиғатымызды және ерекше мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді ұсына аламыз. Яғни осы бағытта халықаралық туристерге еліміздің өзіндік ерекшелігі, тарих пен мәдениет, түркі өркениеті қызықты. Себебі, шетелдіктерді бүгінде зәулім үйлермен, қаладағы ерекше нысандармен, курорттық орындармен таңғалдыру екінші орынға сырғып отыр. Халықаралық туристер ең алдымен елдің болмысын, тереңде жатқан тарихын, бай мәдени мұраны  басты назарға алады.  Бұл ретте қазақ халқының ұсынары аз емес.

Саланы дамыту аясында әкімшілік мүмкіндіктер мен елдегі туризм идеологиясы тұрғысында туризм мәртебесін арттыру керек болып тұр. Қазақстанда туризмге белсенді түрде назар аударып, елеулі табыс көзі ретінде қарастыратын уақыт жетті . Туризм саласына жауап беретін департаменттің де мәртебесін көтеру қажеттігі туындап отыр. Осы ретте онда білікті мамандардың санын көбейтуге де мән берген дұрыс секілді.

Сала мамандарының дерегіне сүйенсек, еліміздің ішінде жағажай туризмі бірінші орында екен, бұл бағыт ел азаматтары үшін ең көп сұранысқа ие болып отыр. Сонымен қатар қазіргі кезде  енді емдеу-сауықтыру туризмінің үлесі арта бастағаны байқалады. Сондықтан да бүгінде ішкі туризмді дамытуда аталған екі сегментке қолдау жасаған абзал.

Жалпы алғанда, Қазақстанға өзінің туристік имиджін құру қажет. Осы ретте еліміздің айнасы іспеттес бола алатын бренд керек. Мәселен, көршілес Қытай мен Ресей секілді екі алпауыт елдің кеңінен тараған өзіндік брендтері бар. Қытай халықаралық туристерді шығыс жекпе-жегі мен Ұлы Қытай қорғаны секілді тарихи нысанымен тартып тұрады. Ал шетелдіктер балалайканы, қалың қарды, аюды, Қызыл алаң көріністерін бірден Ресеймен байланыстырады және осыларды көру үшін ақшаларын шашуға дайын. Бұл тұрғыда туристік салада Қазақстанның екі жағында Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт бар деп айтуға болады. Сондықтан да осы жерде еліміз «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасының мүмкіндіктері арқылы саланы қарқынды түрде өрге шығара алады. Осы даңғыл жолдың бойында қызмет көрсету инфрақұрылымын жетілдіру маңызды болып тұр. Еуропадан Қытайға немесе кері бағытта сапарлаған туристерге тек қызмет көрсету жолымен де саланы бірер жылда жоғары деңгейге шығаруға әлеует бар.

Ресми мәліметтерге қарағанда, республиканың ЖІӨ-дегі туризмнің үлесі шамамен 0,9 пайызды құрайды (тек жатын орын және тамақтану бойынша қызмет түрлерін есептегенде). 2016 жылдың I жартыжылдығында ішкі туристер қатары 2,1 млн адамды құраған. Бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 5,8 пайызға артық. Оның ішінде 217 мың ішкі және 5 мың сырттан келген турист курорттық аймақтарға барған. Ішкі туристердің 73 пайызға жуығы (1,5 миллион адам) қонақ үй, демалыс үйі және өзге туристік базалар секілді орналасу орындарының қызметін пайдаланған.

Белгілі болғандай, туризмнің негізгі бөлігін ішкі туристер мен халықаралық іскерлік сапарлар құрайды. Шетелдік қонақтар елге көбінесе іскерлік және кәсіби мақсаттарда келеді, яғни бұл көрсеткіш  80 пайыздан астам деңгейде. Өкінішке қарай, Қазақстан Түркия, ҚХР, БАӘ, Таиланд секілді елдер үшін «туристік донор» болып қалып отыр.

Атап айтқанда, саладағы мемлекеттік реттеуге тоқталатын болсақ, 2010 жылы Үкімет Қазақстан Республикасы туристік индустриясының перспективті бағыттарын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдады. Құжаттың міндеті - бәсекеге қабілетті туристік өнімді, Қазақстанның туристік маркетингтік стратегиясын қалыптастыру, туристік индустрияның кадрлық әлеуетін дамыту, Астанадағы Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыруды және өткізуді ескере отырып, саланың дамуы бойынша шаралар кешенін жүзеге асыру.  Сонымен қатар жұмыс қарқынын арттыру мақсатында 2014 жылы Туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Жаңа бағдарламаның басты мақсаты «Қазақстанның туристік орталық ретінде бүкіл әлемге танымал бейнесін» құру, сондай-ақ туристер қатарын (ішкі және сырттан келген) 8,19 миллионға дейін жеткізу болды. Бұл ретте осы құжаттарда көзделген міндеттерді іс жүзінде орындау айрықша маңызға ие.

Кейбіреулер жергілікті жерлердегі тұрғындар туристерді жақтырмайтынын, ешқандай пайда келтірмейтін жат бағыт ретінде түсінеді деген пікір айтуда. Егер осындай пікір туындап жатса, туризмнен келетін мол табыс жайында мәліметтер ел арасында дұрыс насихатталмай жатыр деген пайым еріксіз ойға келеді. Бұл бағыттағы шараларды тек туризм саласы нарығының өкілдерімен еңсеру мүмкін емес екені анық. Дәл осы саланы танымал ететіндей толыққанды ауқымды мемлекеттік, қоғамдық акция жүзеге асырылса деген тілек бар.